ДАРЫНЫМЕН ДАРАЛАНҒАН ДАРАБОЗ

Жазушы Пернебай Дүйсенбин 80 жаста
Белгілі балалар жазушысы, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин биыл 80 жасқа толды.
Пернебай Дүйсенбин 1943 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туған.
1960 жылы мектеп бітірісімен еңбекке араласып, совхозда құрылысшы болды. Ол мектепте оқып жүрген жылдары тырнақалды туындыларын-өлеңдерін, әңгімелерін газеттерде жариялады. 1958 жылы оның салған суреттері Москвадан шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Оның 1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерейлі мерекесіне орай салған «Қос Қыран. Бауыржан мен Панфилов» картинасы Жуалы ауданындағы Б.Момышұлы мұражайына қойылған.
Пернебай Дүйсенбин 1962 жылы Әл – Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсті. Университетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың еңбектері туралы, атап айтқанда Леонардо да Винчи, Сикейрос, Рылов, Коненков, Сарьян, Левитан, Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаевалар туралы мақалалары жиі жарияланды.
Пернебай Дүйсенбин 1990 жылдан КСРО және 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
«Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» атты кітаптардың авторы.
2003 жылы тарихи – танымдық «Шежірелі Сарысу», 2007 жылы «Үркердей болып көшкен жұрт…», 2008 жылы «Сарысунама» атты тарихи-деректік томдарын шығарды.
Ол Қазақстан Жазушылар одағы мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді.
2015 жылы «Есен-сау жүріңізші, асыл Ата» атты повесіне халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің бас жүлдесі (Гран-при) берілді.