«Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициясы Ұлытау өңірінен басталды
«Qazaqstan dauiri» газеті 15 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясын үздіксіз жалғастырып келеді. Биыл да бұл экспедициямыз «Ауыл аманаты – ел аманаты» деген атпен жолға шықты. Алдымен осы экспедиция мүшелері ауыл тұрғындарына арнап Үндеу қабылдады. Ол Үндеу «Qazaqstan dauiri» газетінде жарияланды. Міне, енді еліміздегі белді партия мен қос министрлікпен бірлескен біздің ұжым «Ауыл аманаты – Ел аманаты» атты ауқымды экспедициясы сапарын қасиетті өлке, киелі мекен Ұлытау өңірінен бастады. Ұлытау облысында Алаша хан, Жошы хан, Тоқтамыс хан, Ер Едіге, Құлан ханым… тағы да өзге батырлар, билер, тұлғалар жатыр. Бұл өлкеде хан ордасы бар. Қазақ хандарының атасы, Алтын орда мемлекетінің түп қазығы Жошының өмір сүрген, жамбасы жерге тиген мекені. «Сыр – қазақтың анасы» болса, «Ұлытау – ұлт ұясы».
Ұлытау облысы әкімінің аппарат басшысы Абзал Әліпұлы Жайлыбаевтың қабылдауынан басталған экспедиция жұмысы облыстық «Аманат» партиясының, Ауыл шаруашылығы басқармасының, Білім басқармасының, Ішкі саясат бөлімінің қолдауында өз жалғасын тапты. Ең әуелі Жезқазғаннан 170 шақырым шалғайдағы Қаракеңгір ауылына ат басын бұрдық. Ондағы №4 мектепке жиналған ауыл тұрғындары, ұстаздар, жоғары сынып оқушыларымен болған сыр-сұхбатымыз көптің көңілінен шықты. Екінші тоқтаған жеріміз Ұлытау ауданы орталығындағы N1 тірек мектебінде болды. Одан кейінгі басқосу Жезді кентіндегі N6 тірек мектебінде жалғасты. Барған жерімізде жергілікті басшылар жиынды бастап, мән-мағынасын түсіндірген соң, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, публицист, «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның директоры, «Ел-Ана» сайтының Бас редакторы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы сөз алып, ауыл мәселесін, ел жағдайын, ұрпақ тәрбиесін, ұлттық құндылықтарымыз, дәстүр мен тілдің жағдайына тоқталып, жүрекжарды пікірлерін ортаға салды. Біз де «оқуға құштар мектеп», ұрпақ тәрбиесі, мемлекеттік тіл, еліміздің ертеңі жөнінде жиналған көппен пікір алыстық.
Осындай ел ертеңіне тікелей қатысты экспедиция жұмысына қолдау білдірген облысқа, аудандарға, ауыл мен мектепке ризашылығымызды білдіреміз. Ұрпақ тәрбиесі бәрімізге ортақ.
Баспасөзге жазылу науқаны басталды!
Әр елдің өзіне лайық самдағай, сайыпқыран жігіттері бар. Жігерлі жігіт, іскер басшылар елге құт. Бізді бастап, алып жүрген азаматтарға Алла риза болсын! «Кемедегінің жаны бір» дегендей, Ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Мақсұт Нұрбол Жұматайұлына құрметіміз ерекше. Ұлытау облысындағы сапарымыз Жезқазған өңіріндегі кездесулермен жалғасын тапты.
Газетіміздің, «Мөлдір бұлақ» журналының алдағы нөмірлеріне іссапарымыздың толық нұсқасын жариялаймыз.
Дәулетбек
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ