Қызметі – өміріне айналған жан!
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші мамандығы. Бұл сала нағыз ер жігітке тән, батылдық пен батырлықты қажет ететін мамандық. Күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет ұшырасып, тілсіз жауды ауздықтайтын батырлардың жоғары дайындықтан өтетіні белгілі. Өрт сөндіруші міндетті түрде батыл, төзімді, физикалық тұрғыдан мықты болуы қажет.Сонымен қатар, тілсіз жау болып табылатын өртпен және сумен, боран, қарлы дауылдармен т.б. табиғи апаттармен күресу үшін тек керемет бұла күш қана емес, сондай-ақ тәжірибе де болғаны жөн. Ал бұл орайда біздің саланың қызметкерлері мақтануға тұрарлық. Өйткені, өзге жандар бейбіт уақытта мамыражай күн кешсе, олар керісінше бейбіт кезеңде күнделікті тілсіз жаумен айқасқа түсуде.
Осындай жоғары қасиеттерге ие деуге тұрарлық бүгінгі кейіпкеріміздің бірі еде бірегейі Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Жексенбиев Мұхтар Елемесұлы.
Мұхтар Жексенбиев 1986 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 2004 жылы мектепті аяқтап, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ал 2007 жылы әскер қатарына шақырылған. Ол Отан алдындағы борышын өтеп келген соң 2008 жылы ендігі өмір жолын өртке қарсы қызметімен ұштастырады. Міне, ол сол кезеңнен бастап 15 жыл бойы өзінің сүйікті кәсібімен айналысып келеді. Қызмет барысында өзін кәсіби әрі білімді және жауапты қызметкер ретінде көрсетуде. Ол әрқашан кейінгі толқын буындарымен өрттерді жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында бойына жиған тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Атқарған адал еңбегі мен өрттегі батылдығы үшін аудан және облыс басшылығының атынан бірнеше рет түрлі алғыс хаттармен марапатталған.
Бүгінде Мұхит Елемесұлының қанжығасында мыңдаған құтқарылған адамдардың өмірі, дер кезінде жойылған ірі өрттер мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар бар. Мұхит өзі айтқандай » ең бастысы — өз ісіңді сүю керек!». Біз өз кезегімізде Жамбыл облысының гарнизонында өз ісінің нағыз мамандары жұмыс атқаратындығын және өздерінің қауіпті әрі күрделі қызметтерін шын жүректен жақсы көретіндіктеріне куә болудамыз. Еңбектерің жансын, жігіттер!
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті