Жігітке жеті өнер де аз…!

Жамбыл облысында кілең сайдың тасындай іріктелген апталдай азаматтар, яғни от жауынгерлері жетерлік. Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған жан да осындай өз ісінің майталман маманы десек қателеспейміз. Құтқарушылар күні кәсіби мерекесі қарсаңында өрт сөндірушілер туралы мақала жазбақ ниетпен Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне бас сұққанымда бөлім бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айдос Қасқаев ойланып тұрып «біздің бөлімде мақалаға тұздық болатын лайықты жігіттер өте көп. Ал тек бір ғана үміткердің аты-жөнін атау қажет болса, басқа қызметкерлер ренжімес. Ол Ерболат Керімбаев» деп нақтылай түскен еді. Ізінше Ерболаттың кезекшілікке түсуін тағатсыздана күтіп, орайы келгенде Ерболатпен жолығып, қолыма қаламымды алып, азды-көпті ақпаратты қамтумен мақала жазуға кірістім. Ендеше, ол мақаламен бірге сусындайық.
Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғу кіші сержанты Ерболат Керімбаев 1994 жылы 9 маусымда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңарық ауылында Ғани мен Динара есімді асыл жандардың отбасында дүниеге келген. Ерболат жалпы үш ағайынды. Ол үйдің ең үлкені. Ерболат алғаш мектеп табалдырығын Жаңарық ауылында аттаған. Одан кейін Тараз қаласында №34 мектепте одан әрі білімін жалғастырған. 2010-2014 жылдар аралығында Тараз қалалық Теміржол колледжіне оқуға түсіп, оқумен қатар спорттың бокс түрімен және қоян-қолтық төбелес түрімен де белсенді айналысады. Ал волейбол мен футбол десе ол бұрыннан ішкен асын жерге қоятын жандардың қатарында еді. Мұндайда «жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер де көптік етпейді» демей дана қазақ.
2015 жылы Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымына орналасқан Ерболат қызметке келгеннен тек өртпен ғана емес, сондай-ақ түрлі табиғи апаттар болып табылатын қарлы боран кезінде немесе елді-мекендерге су жайылғанда бірнеше рет апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасынан табылған. Сондай-ақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы таулы аумақта тұтанған өрт оқиғаларын жоюға да белсенді атсалысқан. Ерболаттан есте қалған өрт оқиғасын айтып беруін өтінгенімде, ол аз-кем ойланып барып «ол өрт оқиғасы осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған еді» деп бастады әңгімесін. Әдеттегіше кзезекшілікке түскен кезім болатын. Абай көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің біріндегі пәтерден өрт шыққандығы жөнінде хабарлама келіп түсіп, оқиға орнына шұғыл аттандық. Ол кезде аталған өртті марқұм азаматтық қорғау подполковнигі А.Н.Микропуло басқарған еді деп әріптесін сағынышпен есіне алды. Біз оқиға орнына жеткенде пәтер ішінде адамдар қалып қойғандығын анықтап, жедел түрде газ-түтіннен қорғау буынына қосылып, қою түтін мен бет шарпитын ыстық жалынға қарамастан ішке кіріп, қалың қою қара түтіннің арасынан бір мүгедек кісі мен 2 кәмелет жасына толмаған жас балаларды сыртқа алып шығып, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсеттік. Ал бұл кезде өзге әріптестерім өрттің одан әрі жайылуының алдын алып, өрт дер кезінде жойылды деп әңгімесін аяқтады. Жалпы Ерболат Керімбаев өрт сөндіру бөлімдері арасында өткен газ-түтіннен қорғау қызметі буынының облыстық жарысында бөлімдегі әріптестерімен бірге жүлделі 2-орынды иеленген.
Бір қызығы жұбайы Жанар да бүгінде өртке қарсы қызмет саласында Күштер мен құралдарды жедел басқрау орталығында диспетчер лауазымында қызмет атқаруда. Екеуі бүгінде Жанболат пен Муслим есімді ұлдарды тәрбилеп отырған өнегелі отбасы. Ендеше егемене елімізде Ерболаттай еңселі жігіттер көп болсын дегіміз келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын құтқарушылар!
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті