ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ТҮЙТКІЛДІ ТАҚЫРЫПТАР ТАРҚАТЫЛДЫ
Қорағаты ауылдық округіне қарасты Еңбек елді мекеніндегі халықпен кездесуде де бірқатар мәселелер көтерілді. Бүгінде барлығы 57 түтін тұратын ауылда азды-көпті мәселенің бары рас. Алайда, оның барлығы да жұмыс жоспарына сәйкес рет-ретімен шешімін табуда.
Еңбектіктерді алаңдатқан алғашқы мәселе — мұндағы білім ошағының қазіргі жай-күйі. Ауылдағы бастауыш мектепке қатысты айтылған түйткіл алдағы уақытта шешімін табатын болады.
Одан бөлек, мұнда ағын суға қатысты да шешімін күткен мәселенің бар екені рас. Ол бойынша қазіргі кезде арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде. Бұл ретте аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков те ағын су мәселесіне қатысты прокуратура тарапынан атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сонымен бірге, ауылдықтар көше жолдары мен жарықтандыруды ретке келтірсе деген тілектерін жеткізді. Оның барлығы да жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.