Еңбегі елеулі жандар ешқашан ескерусіз қалмайды
Елдігіміздің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан – Республика күнін мерекелеу басталды. Ұлттық мерекеге орай өткен бүгінгі салтанатты жиында еңбегі елеулі, өзгеге үлгі бір топ жамбылдықтар түрлі наградаларға ие болды.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Парасат», II дәрежелі «Достық», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы», Ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және ҚР Құрмет Грамотасы, ҚР Президентінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, шара барысында облыстық мәслихаттың шешімімен 8 азаматқа Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағы берілді. Бұл атаққа ие болғандардың қатарында еңбек ардагерлері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ақын-қаламгер және мүгедектігі бар жандардың құқығын қорғауға айрықша үлес қосып жүрген азамат бар десек, олар өз салаларында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, шын мәнінде құрметке ие болғандар деп білемін.
Жиында өзге де азаматтарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі және облыс әкімінің Құрмет грамоталары да табысталды.
Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын!
Еңбегі елеулі жандар – ешқашан ескерусіз қалмайды.
Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі