КӨГІЛДІР ОТЫН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Досбол ауылдық округіне қарасты Шағалалы ауылында үлкен қуаныш. Осы уақытқа дейін ауылға газ тарту мәселесі ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келген болатын.
Бүгін Республика күні мерекесінде ауылға көгілдір отын берілді.Шағалалы ауылына газ желісін пайдалануға беру салтанатты шарасына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысты.
—Бүгін біз ұлттық мерекенің қарсаңында игілікті шараның куәсі болып тұрмыз. Биылғы жылдың мамыр айынан бері осы елді мекенге газ тарту жұмысы басталды. Осыдан 4-5 жыл бұрын көршілес Досбол, Тоғызкент, Майлыкөл, Әбілдә ауылдарына газ құбыры тартылып, ел игілігін көріп келе жатыр. Осы жобаның құны 89,3 млн.теңге. Газ тарту құрылысының жұмыстарын мердігер «Тараз-Даниял К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ойдағыдай аяқтап шықты. Көпшіліктің тілегі орындалып, көгілдір отын ел игілігіне берілуде. Ат салысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, —деген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы ауыл тұрғындарын мерекемен және осынау игілікті шарамен құттықтады.
Бұдан кейін «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің Талас аудандық шаруашылығының басшысы Әбдірахым Көшерұлы, ауыл қариясы Оңлыәшім Дүйсенбеков құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшылығына, ат салысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Көгілдір отынның желісі салтанатты жағдайда қосылды.
Жалпы, ауданда газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында тағы 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар «Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» ЖШС-нің химиялық кешеніне дейін жоғарғы қысымды газ құбырының құрылысы» және ауданның 14 елді мекендерінде газ құбырларын салу мен газдандыру жобасы.
Аталған жобалар кезең-кезеңімен іске асып, аудан тұрғындарының қуанышын одан әрі еселей берері сөзсіз.