Ортақ құндылыққа топтасайық.
ƏДІЛ АХМЕТОВ: «ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАСЫНЫҢ» ОЙЫН ТАСЫНА АЙНАЛУДАН САҚТАНАЙЫҚ!
Бүгінгі таңда бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген сын-қатерлердің ішінде, əсіресе, ислам дінін кінəлі етіп көрсету – Батыс əлемінде белең алып отыр. Осы факторды ескере отырып, дəл қазіргі геосаясат əлеміндегі Қазақстанның ел ішіндегі қоғамдық келісім мен бірлікті, саяси жəне діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жасаған қадамдары туралы халықаралық қатынастар маманы, белгілі сарапшы ғалым, Халықаралық Түркі академиясының профессоры Əділ Ахметовпен əңгімелесіп, аталған мəселелер жөніндегі пікірін білдік.
– Əділ Құрманжанұлы, қазір исламофобия күшейіп бара жатыр. Мұсыл мандар туралы теріс көзқарасқалып тастыру үрдісі қалай басталды?
– Əлемдегі монотеистік діндердің түпкі тегі бір. Бəрі Ибраһим пайғамбардан бастау алады. Солай бола тұрғанмен, үстіміздегі ғасырдың басында Батыс əлемінің исламға деген көзқарасы кілт өзгерді. 2001 жылы 11-қыркүйекке Американың Нью-Йорк қаласындағы «Дүниежүзілік Сауда Орталығы» ғимараты жарылғаны үлкен себеп болды. Бұл жарылысты мұсылмандар істеді деген қауесет тарап кетті. Содан бастап мұсылмандарға деген көзқараста басқаша сипат алды. Терроризм, экстремизм, фундаментализм тек қана ислам діні мен мұсылмандарға жапсырылды. Нью-Йорк қаласындағы аталмыш ғимаратқа шабуыл жасалғанда, мен Ұлыбританияда елші болатынмын. Сол күні екі ұшақтың ғимаратқа соғылу сəтін бəріміз де көрдік. Алайда, ертеңін осы көрініс 360 градустан көрсетіліп жатты. Осымен байланысты көптің ойына бұны жасаған шынымен мұсылмандар ма, жоқ əлде басқалар ма деген күдік енді. Дəл осы күдікті BBC телерадиокорпорацияның өкілі де білдіріп еді, сол күні ол жұмысынан алынды. Бірақ, жабулы қазан сол жабулы күйінде қалып қойды. Ал, исламға байланған жасанды жала мен кертартпа көзқарас əлі де жалғасып келе жатыр. 11-қыркүйек оқиғасынан кейін, іле-шала, жаппай қырып-жоятын қаруы бар деген желеумен Иракта соғыс басталды. Ойлап отырсаңыз, ол соғыс өрті сонымен тынған жоқ, керісінше, оның жалғасы кейін өзге араб елдерінде орын алған түрлі шиеленістерге ұласты. Ең соңғысы – қазіргі Сириядағы қантөгіс. Бұның бəрі де жүйелі ұйымдастырылған əрекет секілді болып көрінеді.
– Бұның астарында не бар деп ойлайсыз, күмəн тудыратын себептер қандай?
– Сэмюэл Хантингтон деген америкалық философтың «Өркениеттер қақтығысы» деген кітабы бар. Осы еңбегінде сəуегей философ өркениеттер қақтығысы болады, оның себебі өркениеттер арасындағы экономикалық немесе саяси айырмашылықтарынан емес, дін аралық тартыстардан, əсіресе, ислам дінінің өзегіне өрілген сын-қатерлерден басталады деген тұжырымын алға тартады. Жəне бұл пікірін гипотеза емес, кесіліп пішілген теория ретінде ұсынады. Оның идеясын жалғастырушылар да баршылық. Мəселен, тегі поляк, америкалық саясаткер Збигнев Бзежинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» деген кітабы бар. Мен оны түпнұсқасынан ағылшын тілін де оқыдым. Сол еңбегінде Бзежинский Югославиядан кейінгі бүлік туатын ел ретінде Қазақстанды атайды. Бұрынғы Югославияның 1991 жылдан бастап этносаралық жəне дінаралық жанжал мен соғыстың зардабын шеккені мəлім. Халқы қанды қырғынға ұшырап, ақырында жеке-жеке республикаларға бөлшектеніп кетті. Оның себебі, елдің ішінде емес, сыртқы күштерде жатқан болатын. Өйткені, Батыс əлемі социалистік елдерді мүлде ұнатпайтын. Сондықтан да Югославиядағы серб, албан, хорват, босниялықтардың арасына от тастап, этносаралық қатынастарды ушықтырды. Ақыры оларды ыдыратып тынды. Міне, аталған саясаткер əлгі кітабында Қазақстанды да сондай күйге түседі деп сəуегейлік жасады. Яғни шахмат тақ тасының бір шаршысын біздің елге арнап қойған болатын. Ол кезде еліміздің тəуелсіздік ал ғанына алты-ақ жыл толған еді. Қазақстанды нысанаға алған себебі, біздің ел де көп этносты жəне мұсылмандыққа басымдық берген мемлекет саналады. Осы себепті біздің арамызға да от тастап, бүлік тудыруға қолайлы деп есептеген. Солай шамалаған. Алайда Қазақстан туралы ойы орындалған жоқ. Себебі Елбасының бастамасымен өмірге келген Қазақстан халық ассамблеясы жоғарыда аталған сəуегей саясаткерлердің мүдделеріне берік тосқауыл қойды. Алайда сəуегей философтың мүдделері көптеген мұсылман елдерінде жүзеге асып жатқанын жоққа шығаруға да болмайды. Ауғанстан, Ирак, Ливия, Ливан, Египет, Тунис, Йемен жəне қазіргі Сирияда орын алған бүліктер мен соғыс өрті – бұған дəлел. Бзежинскийдің кітабында да сəуегейлік басым. Мəселен, Еуразияны кім иеленсе, əлемді сол билейді деген пайым бар онда. Тіпті, «Еуразия – АҚШ- тың жүлдесі» деген пікір де онда ашық жазылған…
– Осындай ауқымды жоспар құрып, ислам əлеміне шүйілудің себебі неде?
– Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ислам – өте тартымды дін. Құран – киелі кітап. Іші толған ғылым. Осыған байланысты бір-екі мысал келтірейін. Əйгілі жиһангер, француз ғалымы, теңіздер мен мұхиттарды зерттеген Жак Кусто Қызыл теңіз бен Үнді мұхиты (Аден бұғазы) суының арасында ерекше перде барын байқайды. Себебі, екі теңіздің суы бір-біріне араласпайды жəне су астындағы тіршілік иелері де ары-бері өте алмайды. Өйткені екі теңіздің су құрамының ерекшеліктеріне байланысты осындай табиғи шекара қалыптасқан. Бірнеше рет жүргізілген зерттеуден кейін Жак Кусто «Эврика, мен жаңалық аштым» деп əлемге жар салмақ болады ғой. Сол кезде оның жанында тұрған мұсылман француз, бізше айтсақ, оның иығынан қағып, «Жаке, асықпаңыз, сіздің жаңалық дегеніңіз Құранның ішінде бұрыннан бар» дейді ғалымды таң қалдырып . Расында, Құран Кəрімнің «Рахман» сүресінде «Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан өзара араласпайды» делінген. Сонымен қатар, генетика ғылымына қатысты шындық та Құранның ішінде тұр. Мəселен, онда адам баласының бір тамшы сұйықтықтан қалай пайда болып, дамып, жетілетіні анық айтылған. Сосын мұның бəрі енді ғана мəлім болып жатқандары, ал уақыт өте келе ашылатын ғылыми жаңалықтар одан əлдеқайда көп. Сондықтан əлем ғалымдары Құранның киелі кітап екенін жақсы біледі. Мен АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон дейтін қалада үш жыл жұмыс істедім. Тусон – Алматымен бауырлас қала. Сол уақытта қала мешітінің имамын бір бұзақы бауыздап кетті. Бұл оқиға бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Мен зерттеу жұмыстарымен жүргендіктен көбінесе кітапханада болатынмын. Содан жаңағы оқиғаның жайын білмек болып, сол жердегі Өмер дейтін түрік ағайыннан имамды кім жəне неге өлтіріп кеткенін сұрадым. Ол бұны əлгі имамның Эдип Юксел деген шəкірті түсіндіріп беретінін айтты. Кешке қарай Эдиптың үйіне бардық. Оның ағылшын тілінде шыққан «Мұсылман ғалымдарына 19 сұрақ» деген кітабы бар екен. Сонымен таныстырды. Содан соң ол қаза болған имам Рашат Халифа ашқан Құран құпиясы туралы айтып берді. Құранның Мүдəссир деп аталатын 74-сүресінің 30-аятын дағы «төбесінде 19 тұр» деген бір ауыз құпия сөз бар. Сол 19 санына көп ғалым мəнберген, бірақ құпияны аша алмаған. Шамамен жеті қат аспан, жеті қат жер асты жəне бес намаздың қосындысы болар деп пайымдаған. Алайда, Рашат Халифа бұлай болуы мүмкін емес, себебі сүренің аты жұмбақтау, сондықтан да мұнда құпия бар деп Құранды зерттеуге кіріседі. Өзі биолог ғалым əрі ғылым докторы болғандықтан, ол Құранның күллі мəтінін сканерлеп, компьютерге көшіреді де математикалық тəсілмен 19-дың тұрғысынан зерттей бастайды. Нəтижесі де бірден байқалады. Мəселен, «Бісіміллə рахман рахим» деген сөз тіркесінің 19 араб əріптерінен құралатыны дəлелденеді. ІХ ғасырға дейін арабтарда сан болмаған. Бірақ əрбір əріптің сандық мəні бар. Cондықтан, «əліпті білмеген таяқты білмейді» деген нақылдың төркіні де сол əліппенің бірінші əріпінен тарайды. Сөйтіп, ғалым да іздеген құпиясының жауабын Құранның өзінен табады. Себебі мұсылмандардың киелі кітабындағы Алланың 99 атауының бірі – «Уахит». Арабша бұл атау «жалғыз» деген ұғымды білдіреді жəне осы сөздегі араб əріптерінің сандық мəндерінің қосындысы – 19. Демек, Мудассир сүресіндегі «Төбеде тұрған 19» Алланың жалғыз екенін білдіреді. Олай болса, осындай ғажап жаңалықты ашқан ғалымның өлімі де жайдан-жай болмағаны ғой. Бұл оқиға – Құранның ғылымға толы екендігінің жəне бір айғағы. Мұның қайсы біреулерге үрей тудыратыны да сондықтан. Құранда ашылмай жатқан жұмбақ құпия əлі де көп. Бұны бүкіл əлемнің ғалымдары жақсы біледі. Ол ғана емес, бүгінгі таңда исламға сенушілердің қатары күннен-күнге артып келеді. Сосын Батыстағы шіркеулерге жастар тұрмақ, үлкендер де сирек бас сұғады. Сондықтан кейбір елдерде шіркеулердің ғимараты мұсылман мешіттеріне айналып жатыр. Мұсылмандарды құбыжық етіп көрсетудің тағы бір себебі – олардың жер қойнауындағы табиғи байлықтың, əсіресе, мұнай мен газ көздерінің көптігі. Үшінші себеп ретінде мұсылман əлемінде демографиялық дүмпудің өте қарқынды екенін айту лазым. Мұсылман жанұялары көп балалы болады, отбасылық дəстүр мен құндылық сақталған. Қазақта «көп қорқытады, терең батырады» деген сөз бар. Олай болса, мұсылмандардың көп болуы да оның жауларына ұнамайтын факторлардың бірі. Сол үшін араға от жағып, оларды суннит, шиит қылып қырқыстырады. 1980-1988 жылдардағы Иран мен Ирак арасындағы соғыс та осындай араздық тудырудан өршіді. Олай болса, қазіргі «ДАИШ», «Ислам мемлекеті» деп жүргендердің бəрі де қолдан ұйымдастырылған, исламды ішінен іріту үшін жасалған дүниелер.
– Осындай арандату мен іріткі салудың құрбаны болып кетпеу үшін біз қандай сақтық шараларын жасап жатырмыз? Қалай қорғануымыз керек?
– Бұл сұрағыңа орай мен əңгіме басындағы «Ұлы шахмат тақтасы» кітабына қайта оралайын. Еліміздегі қазіргі тыныштық оңайлықпен келген жоқ. Егер осыдан 20 жыл бұрын елімізде Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы құрылмағанда, Бзежинский сəуегейлік жасаған қатер біздерге де төнуі мүмкін еді. Бүгінгі таңда ұлы державалардың арасында сенім жоқ. Адами құндылықтар да тым əлсіреп кетті. Кіші мемлекеттер, аз ұлыстар үлкен геосаяси мүдделердің құрбаны болуда. Ұлыбританияның ХVI ғасырдағы премьер-министрі Уильям Питтың «Англияның мəңгілік достары да, жаулары да жоқ, тек мəңгілік мүддесі бар» деп айтқанындай, қазір де алпауыт елдер тек өз мүдделерін ғана күйттеп отыр. Сол секілді біздер де өз мүддемізді үлкен шеберлікпен жүзеге асыруға ұмтылуымыз керек. Бірлік, ынтымақ жоқ жерде ондай ұлы мақсатқа жете алмаймыз. Осындайда ұлы Абайдың «Имани гүлі» еске түседі. Яғни Алланы, адамзатты, əділетті сүю. Осы қастерлі үш ұғымды берік сақтасақ, заман тыныш, ел өркенді болмақ. Бұл – біздің Президенттің де негізгі ұстанымы. Кейде ішінара азаматтарымыз бəрі бірден бола қоймады деп, асығыс пікір білдіріп жатады. Біздің жағдайымыз оған келмейді. Өйткені ХХ ғасырдағы халқымыздың саны аз кезде, соған пара-пар келімсектер даламызды басып қалды. Сонау патшалық Ресей кезіндегі Столыпинның аграрлық саясатынан тартып, кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жер аудару, одан қалса тың жерлерді игеру науқанының салдарынан қаншама жұрттың жер ауып келгені белгілі. Біз осылайша көп этносты ел болдық. Бірақ тарихты қайта айналдыра алмайсың. Сондықтан біз көп этностық болмысты артық шылыққа айналдырып, ел игілігі үшін жұмыс істетуіміз қажет. Еліміздегі бір тудың астында жасап жатқан отандастарымызбен құрмет, сыйластық, ынтымақ негізінде өмір сүріп келеміз. Жақында Президенттің идеясымен елімізде тұңғыш рет аталып өткен Алғыс күнінде бұл жағдайға одан бетер көз жеткіздік. Əсіресе, сан түрлі жағдайда қазақ даласын паналаған өзге этностар қазақ халқына қарыздар екенін білдіріп, алғыстарын айтты. Бұның бəрі – бір халық ретіндегі біздің жарасымды, сыйласымды өмір сүріп жатқанымыздың көрінісі. Сондықтан да біздің басты қағидамыз – бірлік. Біріккен Ұлттар Ұйымының, Конституциямыздың қағидасы да осы. Ассамблеяның қағидасы да осы негізге мықтап орныққан. Біздің ең мықты қаруымыз да осы бірлік. «Ырыс алды – ынтымақ» дегенді аталарымыз текке айтқан жоқ.
– Осы бірлік қағидасын берік орнықтырып, жастар санасын жат пиғылдардан, бөтен ағымдардан арашалау, сақтандыру жолында қандай қадамдар атқарылып жатыр немесе неге жете көңіл бөлуіміз керек?
– Бұл тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жақсы жұмыс істеп жатыр. Дін істері комитеті бастаған мемлекеттік мекемелер де ұтымды қызмет атқаруда. Қазір мүфтияттың жəне оған қарасты мешіттердің интернет-сайттары, газет-журналдары жəне өзге де электронды БАҚ құралдары бар. Еліміздің зайырлылық саясатын ұстана отырып, олар жақсы үгіт-насихат жұмыстарымен заң аясында дұрыс діни ағарту, бағыт беру қызметін сəтті қолға алуда. Бүгінде мешіт жалаң құлшылық ету үшін ғана емес, жастарға, мұсылман қауымға, қоғамға сай оң тəрбие беріп, дұрыс жолды нұсқайтын орынға айналу үстінде. Яғни, заман ағымына қарай бейімделіп, діни, мəдени тəлім-тəрбие беретін орталықтар рөлін де атқарып отыр. Бұны құптаумыз керек. Халықпен тікелей жұмыс істейтін дін қызметкерлері, имамдар сауатты, білімді болғаны жөн. Бұл тұрғыда Діни басқарманың алдағы мерзімге арналған тарихи тұғырнама жасау, Орта Азия мұсылмандық мектебін жаңғырту, «қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасын жүзеге асыру қатарлы шаралары көңіл қуантады. Халқымыздың дəстүрлі құндылықтарымен үндескен ислам дінін ұстануда бұл қадамдар зор маңызға ие. Бізге қазір осындай тиімді жұмыс жүргізе білетін динамика қажет. Себебі, айналадағы болып жатқан құбылыстарды ескере отырып, діни шиеленістерге жол бермеу өте өзекті. Дəстүрлі діни ұстанымға, халықтың тарихи сенімі мен ұлттық болмысына қайшы келетін бөтен ағымдардан сақтануымыз керек. Қысқасы, біз жоғарыда аталған шахмат тақтасындағы ойын тасына айналып кетуден барынша абай болғанымыз дұрыс.
– Өркениеттер қақтығысы, Сэмюэл Хантингтон айтқандай, исламның өзегіне өрілген қауіп-қатерден емес, əлемдік алпауыт елдердің өзімшіл мүддесінен туындайтын қатер. Қазір əлем назарын аударып отырған Сириядағы қақтығыстар мен АҚШ — Ресей текетіресі қалай бет алуы мүмкін?
– Бұрынғы Рим папасы Иоанн Павел ІІ-ның бір кітабын қарап отырсам былай жазыпты. «Монотеистік діндердің тегі біреу. Олардың арасында айырмашылық бар, бірақ біз назарымызды сол айырмашылыққа шоғырландырсақ əлем қақ бөлінеді. Олардың арасында ортақ құндылықтар да бар ғой. Ең үлкен ықыласты сол құндылықтарға аударсақ, сонда əлем бірлікке ұмтылады», – дейді. Мен Мұсылмандарды шеттету мен кемсітуге қарсы күрес жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымның іс басындағы төрағасының жеке уəкілі болып бес жыл жұмыс істедім. Осыған орай, 2008 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына бақылаушы ретінде бардым жəне түрлі семинарларына қатыстым. Ұйымға мүше 56 мемлекеттің жартысын араладым. Сонда əртүрлі мінберлерден жоғарыдағы Рим папасының сөзін келтіріп, тек қана ортақ құндылықтарға ғана басымдық беру керектігін айттым. Бұл тұрғыдан келгенде, саясаткерлер тек өз мүддесін ғана құнттап, саяси ұпай жинау үшін этносаралық бірлік пен дінаралық сыйластыққа сына қағуға себепкер болмауы тиіс. Еуропаның кейбір елдерінде Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) келемеждеу үшін карикатураларға жол беріп, мазақ қылды. Тегі үнді Салман Рушди де «Сайтан аяттары» деген кітап шығарды. Ал ислам басқа дінді жамандап, олардың пайғамбарларына тіл тигізіп көрген емес. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзінен бұрынғы пайғамбарларға құрметпен қараған. Ортақ құндылыққа топтасу деген осы. Бұны дəл қазіргі жағдайда адамзат қоғамы дұрыс түсінсе қанеки. Керісінше, исламды іштен ірітіп, жағымсыз, құбыжық қылып көрсетуге тырысып жатыр. Бүгінгідей қиын кезеңде əлем халқы бірлікті бұзатындарға қарсы күресу керек. Себебі қазіргі соғыстар мен шиеленістер тоқтамаса, күллі адамзатты адамзат өркениетін күйретуге шақ қалып тұр. Бұны терең түсінетін əлемдік деңгейдегі ірі тұлғалар да жоқ емес. Мəселен, жақында Ресейге Американың 92 жастағы абыз саясаткері Генри Киссинджер келіп кетті. Ол – Париж бейбітшілік келісімін жүзеге асырып, Вьетнамдағы соғысты тоқтатуға қосқан үлесі үшін 1973 жылы Нобель сыйлығын алған, АҚШ президенті Никсонның қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған, Ақ үйдің мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған əлемдік дəрежедегі үлкен саяси тұлға. Оның ақсақал басымен Ресейге келуі тегін емес. Бұл келіс Сирия қақтығысына байланысты бейбіт бітім мəселесінің көтерілуі мен екі тараптың ымыраға келіп, əлемдік қауіпсіздік, тыныштық бағытында оң шешімге бет алғанына да тікелей əсер етті. Өйткені қазір екі алып державаның қолында да ядролық қару бар. Егер ол іске қосылса, адамзат баласына үлкен зауал келеді деген сөз. Сондықтан жеке мүдде, асқынған амбицияны қайырып қойып, əлемдік қауіпсіздікті, адамзаттың бірлігін ойлайтын уақыт келгенін өте терең түсінген жөн. Міне, осы əлемдік бейбітшілікке, адамзаттық татулыққа Қазақстан да өз үлесін қосып отыр жəне əрі қарай да тың жоспарлармен жұмыс атқара береді.
– Əңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ,
«E-Islam»