Жылуы бар үйдің керегесі кең

ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Жамбыл шекара басқармасындағы әйелдер кеңесінің өкілдері шекараға ат басын бұрып, жауапты аумақтағы бірқатар бөлімшелерге барып қайтты. Олар өздерінің іс-сапарлары барысында сарбаздардың күнделікті өмірі мен қызметтерімен танысты. Кеңес құрамындағы нәзікжанды әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдағы жұмыскерлер ел шебіндегі Отан алдындағы борыштарын өтеп жүрген жастарға жан-жақты қолдау көрсетті.
Әскери қызметшілердің орын алған мәселелерін шешуде, олармен әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық жұмыстарды жүргізу, моральдық-психологиялық ахуалды жақсартудағы негізгі міндеттер әйелдер кеңесіне тиесілі. Сондықтан әрбір бөлімшелердегі жеке құрамның жауынгерлік рухын қолдау, моральдық-психологиялық ахуалды орнату мен нығайту бағыттарындағы іс-шараларын әйелдер кеңесі тұрақты түрде атқарып отырады.
Аталған мақсатпен «Бесағаш», «Жасөркен», «Ақсуат», «Шөлдала» және Б.Момышұлы атындағы шекара бөлімшелеріне келген нәзікжан өкілдерін бөлімше басшылықтары құшақ жая қарсы алып, шекарадағы мерзімдік әскери қызметшілердің мойнына жүктелген міндеттері мен жауапкершіліктерімен таныстырды. Сарбаздардың ел іргесіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметтерінің маңыздылығына тоқталып, әйелдер кеңесінің сарбаздардың қал-жағдайларына назар аударып, қолдау көрсетіп отырғандықтары үшін алғыстарын білдірді.
Сапарлары барысында бөлімшелер аумақтарындағы қалашықтарын тамашалап, сарбаздардың жатын орны мен асханаларын, күнделікті қызметке қажетті басқа да әскери нысандарын аралап көрді. Бөлімшелердің жай-күйлерімен танысқаннан кейін, ел қорғандарына құқықтық, психологиялық қолдау көрсету мақсатында олармен еркін түрде отырыста отбасы құндылықтары жайлы айтылып, әскери және құқықтық тәртіпті бұзу, алкогольдік және есірткі заттарын қолдану, құмарлық ойындар мен басқа да өрескел қателіктерге жол бермеу мақсатында, тәрбиелік сағат өткізді.