👮♀️Таразда түсік тастауға келген әйелдің баласын сатқан екі акушер 8 жылға сотталды
Судья медицина мамандарының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, әрқайсысына сегіз жылдан жаза кесті.
Тергеудің мәліметінше, айы-күні жетпеген келіншек акушерге шақалағын алдырып тастауға келген
Мұндағы екі медицина қызметкері әйелді босануға, кейін баланы тірі тауар ретінде саудалауға көндірген. Сосын келіншекті жалдамалы пәтерде босандырып, басқа адамға 1,5 миллион теңгеге сатқан.
Бастапқыда екі акушерден бөлек нәрестенің анасы мен сәбиді сатып алған азамат та тергеуге алынған. Кейін биологиялық анасы жәбірленуші, ал ақшасына бала алған азамат куәгер ретінде сотқа тартылды. Бейкүнә сәби әлі «Үміт» балалар үйінде. Ол биологиялық анасына қайтарылмауы да мүмкін. Қазір құзырлы орган өкілдері әйелді аналық құқығынан айыруды қарастыруда.
«Аналық құқығынан әлі айырылған жоқ. Іс бойынша сот үкімді жария етті. Алдағы уақытта баланың тағдыры шешілу үшін сот қорғаншылық және қамқоршылық функцияларды жүзеге асыратын органға тапсырма берді», – деді Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Бексұлтанова.