Аппараттық кеңес

Бүгін аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен аппарат кеңесі өтті.
Кеңесте алдымен «Асарлатып үй салу» жобасы және құрылыс бөлімімен жоспарланған нысандар құрылысының орындалуы қаралды.
Бұл жөнінде баяндаған құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев биыл аудан бойынша 10 үй мен 2 асхана асарлатып салынып жатқанын жеткізді. Ал құрылыс бөлімімен ауданда 14 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 5-уі өткен жылдан өтпелі нысан болып табылады.
Аудан әкімі аталған жоба аясында жыл басынан бері әлі бір үй аяқталмағанын сынға алып, бұл бағыттағы жұмысты жыл соңын күтпей-ақ аяқтау керектігін ауыл әкімдеріне тапсырды.
Жорабек Нұрмергенұлы жобаның мақсаты – аз қамтылған отбасыларға үй салып берумен қатар, осы межені халқымыздың ата салты – Асарлату дәстүрін насихаттау мен жаңғырту арқылы орындау екенін айтты.
Сондай-ақ аудандағы құрылыс нысандарындағы жұмыстың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қадағалауды бөлім басшысына тапсырды.
Осы ретте, аудан әкімі құрылыс нысандарына, сондай-ақ жалпы аудан бойынша бюджеттен бөлінген қаражаттардың игерілу барысына толыққанды зерделеу жүргізуді қаржы бөлімінің басшысы Нұржан Төлебаевқа тапсырды.
Сонымен қатар, кеңесте фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының аудандық филиалы мен аудандық аумақтық испекциясының жыл басынан бері атқарған жұмыстары қаралды.
Жорабек Нұрмергенұлы аталған мекемелердің басшыларына аудан аумағындағы алқаптардағы арамшөптерді және өсімдіктердің ауруларын жою бойынша ғылыми негізде ұсыныс енгізуді тапсырды.