ҚАЛАНЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қаладағы Батыс мөлтек ауданы мен вокзал маңындағы тұрғындардың қатысуымен өткен кездесуде де көптеген түйткілдер айтылды. Тұтас Шу қаласына ортақ бір мәселе болса, ол — қаңғыбас иттерге қатысты мәселе.
Шынын айту керек, бұл бағыттағы жұмыстар еш саябырсыған емес. Керісінше, иттерді аулау жұмыстары едәуір күшейтілді. Қазіргі кезге дейін 900-ге жуық қаңғыбас ит ауланған. Солай бола тұра тұрғындардан түсетін өтініштер легі азаяр емес.
Одан бөлек, Түйебеков көшесінің тұрғындары жаяу жүргінші жолағы керектігін жеткізді. Бұл жұмыстар келесі жылы басталатын болады. Сонымен бірге қалалықтар Жеңіс саябағын ретке келтіру туралы ұсыныстарын да айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы басталып кетті. Қазіргі кезде саябақты қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сәтін салса, келесі жылы құрылысы басталмақ.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің қатарында қоқысқа қатысты түйткіл де бар. Иә, қаладағы қоқыс мәселесі күн тәртібінде тұр. Әкімдік тарапынан тиісті жұмыстардың барлығы атқарылып, қажетті техника мен адам күші де жұмылдырылды. Тіпті, арнайы бейнекамералар да орнатылды. Бүгінгі таңда дәл осы камералардың арқасында 40-қа жуық тұрғынға айыппұл салынды. Сондай-ақ, қаланы қоқыстан тазартуға арнайы мекемелер де кірісті. Олар тұрғындармен арнайы келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын болады.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі