ЖАТ АҒЫММЕН КҮРЕСЕМІН ДЕП, АТА ДІНІҢДІ ЖАУ КӨРМЕ, ҚАЗАҚ!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтер съезінде мектепте хиджаб кию мәселесі туралы айта келе: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң, өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек…
Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз, – деді Президент. Бұдан асырып не дейміз? Өте дұрыс. Қолдаймын. Енді Президент діни ағым туралы заң жобасының жүзеге асуына қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау…
Қазақ қазақ болғалы оның әр заман, әр ғасырлардағы ұлттық мемлекеттілігінің тұғыры Ислам діні негізінде қалыптасқан ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық менталитетіміз болып келген. Бір сөзбен айтсақ, қазақ ұлтының мәдениеті мен қазақ менталитеті Ислам діні негізінде қалыптасқан. Ол ешбір даусыз дүние. Өйткені Ислам діні біздің ұлттың қанымен біте қайнасып кеткен. Яғни ұлт ретінде ұйысып алғаш қазақ хандығы құрылғанда (ХІV-ХV ғасырларда) басты тұғырнамасы Ислам шариғаты болатын. Дін мен салт-сананың үндестік-үйлесімділігі дегеніміз қасиетті Ислам дінін қабылдаған кезден бастап ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері діни тәжірибесі арқылы тіршілік түйткілдерін тірнектеп реттеген, бағыттап қалыптастырған әдет-ғұрпы, дәстүр-салты болмақ. Әрине, Ислам мен дәстүрлі қазақы сенім арасындағы үндестік, үйлесімділік дана халқымыздың діни білімі негізінде жүзеге асып келді.
Біздің ұлттық мәдениет және діни наным-сенімге қазақы көзқараспен қарау менталитетіміздің кенжелеп қалуының басты себебі, әлі күнге дейін Қазақстанда орыс отаршылдығы кезінен «сенің тілің де, дінің де, дәстүрің де, тарихың да, түрің де жаман» деп мың-миллион рет қайталана берген басым ұлттың шовинистік идеясының санаға сіңген қалдығынан арыла алмауымыз кінәлі. Ол идеология ұлттың санасына удай сіңгені сондай, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр таяп қалса да әлі арыла алмаудамыз. Өкініштісі, оған бас ауыртып, қазақтың рухани, мәдени болмысын қорғайын деп жүрген мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарды көре алмай жүрміз. Саяси партиялар бағдарламаларында ұлт мүддесіне қатысты тараулар жоқ екені айтылып та, жазылып та жүр.
Қазақы болмысқа шабуыл күшейді
Иә, қазақ – ата дінін сыйлаған, шариғат жолын ұстанған халық. Сөйте тұра бұқара неге шулап кетті? Осыған назар аударып жатқан кім бар? Себебі діни ағымдар қазақы болмысқа шабуылды үдете бастады. Домбыраңды харам, салт-дәстүріңді жаман дейтіндер қарасы молаюда. Елдің ашынуына соның да әсері бар болуы мүмкін. Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шекарадан емін-еркін кірген түрлі ағымдар қазір әбден «семіріп», өз дегенін жүргізуге күш салуда. Ол аз болғандай, тәңіршілдер деген «қауым» шықты. Оларды қолдаушылар қатары да баршылық. Осылайша қазақ ұлтының басына үлкен сынақ түсіп тұр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенді ұлт болып ексермесек, жағдай қиын.
Ал тәңіршілдік – қазақы танымға жат, ұлттың арасына жік салғысы келетіндердің әрекеті. Әйтпесе қай қазақ тәңіршілдік ұстанымда болыпты? Осы орайда Амантай Тойшыбайұлының мына мақаласын оқуды ұсынамын. «Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл – ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған. Л.Н.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғандығы ғылыми ақиқат.
Әлбетте, «Тәңірі сенімі», «Көк тәңірі» немесе «Тәңірлік дүниетаным» бұл – бар, қалыптасқан мәдени құндылық. Біз бұны жоққа шығара алмаймыз және мәдени құндылық ретінде құрметпен қарауымыз керек. Ал біздегі кейбір азаматтарымыз тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім – Ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед, қасиетті кітабым – Құран» деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек. Әлде, Құдайды да жекешелендіргілері келіп жүр ме?..
Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз – тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Себебі ол күлкілі әрі надандық. Аты шулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Тәңіршілдікті қайта жаңғыртумен қазақ даласында онсыз да жағымсыз кейіптегі бақсы-балгерлердің санын көбейткісі келе ма, әлде, отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма? Тәңіршілдер дамыған ел, рухы биік азамат болуды қаламаса, тұқымы құруға аз қалған ханты, манси, чукчалар секілді ділі мен тілін ұмытуды көксей ме? Тәңіршілдік – бұл дін емес. Тәңіршілдік – тек наным-сенім. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық. Бабаларымыз ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Иүгінеки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай т.б. қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама, ірі тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек? Әркімнің де ақиқатқа таласы бары сөзсіз. Және әркімнің де өзі ақиқатын жүйелеп, көпшілік сарабына ұсынуға құқылы. Ал мұсылман ретінде біздің ақиқатымыз бұл – Ислам ақиқаты. Осымен тәңіршілдер сөз түсінсе, осыны талғажау етер.
Дін мен ұлттық мүдде ұштаспаса, бәрі бекер
Иә, елімізде діни радикализмнің қаупі бар. Оны ешкім жоққа шығара қоймас. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса діни радикализммен мемлекет болып күреспесе, ұлтқа орасан қатер төнетінін айтып, Премьер-министрдің атына сауал жолдады. Бұл маған ұнады. Себебі қауіп күшті. Олар муфтиятқа да бағынудан кетті. Сәлафизм – қауіпті ағым. Бір заманда мұсылмандарды өлтіріп, өздерінің бет-бейнесін айқындаған ағым.
«Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатаң да қатты қарқынмен жалғастырып жатыр. «Ақ жол» партиясы Парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеміз. Тәуелсіз зайырлы мемлекет құру – Алаштықтар айқындаған жол! Діни радикализмге заңмен тыйым салу керектігі туралы біз, «Ақ жол» партиясы, 2022 жылы 26 қаңтарда Қаңтар қасіреті шындығын ашық айту, парламенттік тыңдау жасау туралы Парламентте алғаш көтергенде де, кейін 14 наурызда сол тыңдау өткен, Мәжіліске Бас прокурор бастап келген құзырлы органдардың есебінде де, екі рет жасаған депутаттық сауалымызда атап айтсақ та, бірақ әлі нәтиже жоқ. «Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер!» деп бір ғасыр бұрын мұртсыз сақалдылардан сақтандырып жыр жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында да көреген екен. Қазіргі шетелге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келіп, желіде желпініп дәріс оқитын, теріс уағыз айтатын теріс ағымды «ұстаздар» ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз Исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайта күшейіп келеді. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс! Ел үшін ең қымбат – ұлтқа, адам үшін ең аяулы – әке-шешеге, қазаққа ең адал домбыраға қарсы шыққан арам пиғылдылардың еркін тарап жатқан ел түбіне жетер қауіпті вирусын заңмен шұғыл тоқтататын кез жетті», – деді Қ.Иса. Төменгі палата депутаты ұлттық мұрат-мүддеге, елдің ынтымақ-бірлігіне іріткі салуды көздейтін діни теріс ағым өкілдерінің тірлігіне заңмен тыйым салмаса болмайтынын ескертті.
Жаһандану мен урбанизация заманында тарихта қазақ болып қалуымыздың басты шарты Ислам діні десек, артық айтқандық бола қоймас. Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде «Біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп айтумен қоймай, «таза Ислам» идеясы үшін ұлттық құндылықтарды тәрк етуге шақыруда. Осы идеяны насихаттаушылардың басында орыстілді қандастарымыз тұр. Бұл – ұлтқа төнген үлкен қауіп. Егер қазақ ұлтын қазақ етіп келген тілі, әдет-ғұрыптары, дәстүр-салты тегіс сыпырылып, ұлттың тарихы ұмытылса, олардан түгелдей айырылсақ, онда не болдық?! Не үшін осыдан 1250 жыл бұрын Ислам дінін қабылдаған халықтың қалыптасқан мәдениеті бүгін келіп Исламға қайшы болып қалды? Міне, осы сұрақты біз оларға қарсы қойып, қорғана білуіміз керек.
Жалпы Ислам дінін ұстанған адам өз ұлтын сүйе білуі тиіс. Ал, ұлтыңды сүю дегеніміз көк туды қабырғаға іліп қойып қарап отырумен немесе Әнұранның бір-екі шумағын шала-шарпы білумен өлшенбейді. Ұлтты сүю – ол әке-шешеңмен, туысқандарыңмен, көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болу, базарға не болмаса дүкенге барғанда өзге тілде шүлдірлемей, ана тіліңде саудаласу, (сатушы қазақ тілін білмей ме, шығып кете бер, дүкен деген айналаңызда жетіп жатыр), жетімнің малын жемеу, алдамау, қарындасыңдай қыздың ақылсыздығын пайдаланып кетпеу т.с.с. қысқасы, өзіңе, жан-жағыңа зияның тимесін.
Мұны бостан-бос айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені адамның ұлтына деген адалдық, тазалық Ислам дінімен қуатталып отырады. Құдайдан қорықпаған адам Отанын сатып кетеді, өз елінің өзегінен теуіп, арқасынан пышақ сұғады. Олардың қазақ ұлтына, еліне деген, «сүйіспеншілігі» қандай болатынын содан-ақ біле беріңіз. Өмірбаянына үңілсеңіз, ақша ұрлап, ел байлығын тонап шетелге қашып кеткендер түп-түгел орысша оқыған қазақтар. Өйткені оларға ұлттық менталитеттік тұрғыдан имандылық, отаншылдық тәрбие қалыптаспаған. Олардың әкесі қазақ, шешесі қазақ бола тұра өздері қазақпын деп айта алмайды. Өйткені олар қазақпын деген сезімнен жұрдай. Ал Ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрмен негізделген құндылықтарын өзге тілмен түсіндіріп, ұрпақ санасына сіңіріп, қалыптастыра алмайсың. Қасиетті дінімізді насихаттауда біздерді құртып жүрген, міне, осылар.
Дін мен ұлттық мүдденің ұштасуы, тоғысуы – руханиятымыздағы орны айрықша мәселе. Менің білуімше, дүниеде қазақтан өткен дана халық жоқ. Өкініштісі сол, қазақ даналығын біз тани алмай, таныта алмай келе жатырмыз. Әйтпесе, Әбу Насыр әл-Фарабиден Қожа Ахмет Йасауиге, Асан қайғыдан Абайға дейінгі аралықта қалыптасқан түркі-қазақ-Ислам мәдениеті адамзат тарихындағы ең озық қоғамдық қатынастарды қалыптастырып, озық мәдени дәстүрді жинақтады.
Иә, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Оны жоққа шығаруға болмайды. Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастыруда. «Ақ жол» партиясы Парламентте талай жылдан бері діни теріс ағымдарға қатаң тосқауыл қоятын заң қабылдауды ұсынып келеді. Депутаттың Қазыбек Исаның жанайқайы орынды. «2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, қай орган қарсы болды? Тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды.
Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға тек сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер осылай елді алдап келесіздер!» – деп ашық айттым.
«Қазақ үні» газетіне: «Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлтқа қауіпті комитет пе?» деген мақала да жаздық. Енді сол күдігіміз кешегі Қаңтар қасіретінде расқа айналды. Ал 2009 жылы да дін заңына өзгерістер енгізілетін болды да, біз «Қазақ үні» газетінде Діни басқармамен бірігіп, заңға діни ағымдарға тыйым салатын бап енгізу мәселесін көтердік. Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол кездерде сол заңдар қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына айналған небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді…» деуінде шындық жатыр.
«Діні бар да, ұлты жоқ, Сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер!» – деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен. Мен өзім осы жасымда кешеге дейін мұрты жоқ сақалдыларды көрген емеспін. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Қазіргі шетелге барып, күмәнді оқуларда бірнеше ай оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме? Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр. Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құрта бастады. Тыйым керек. Билік енді бұлтаққа салуды қоюы қажет. Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс!
Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет! Бұдан кейін кеш болады!
Қазақстанда экономикалық та, саяси да, әлеуметтік те проблемалар жетерлік. Отыз жыл бойы қордаланған дүниелерден аяқ алып жүру қиын. Қымбатшылық, кедейшілік жағадан алып тұр. Сөйте тұра халық дін мәселесінде өте белсенді. Аш отырса да қыңқ демейтіндер мен тілі мен діні мазақ болып жатқанда үндемейтіндер орамал мен сақал туралы әңгіме шықса, әйтеуір дүрліге кетеді. Бәрі шешен, бәрі көсем. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін қағидат дінге келгенде бұл қазаққа жүрмейді. Білімсіздік пен жүгенсіздік кей қазақтарды ата дінінен шығарып жатыр. Оны аңқау қазақ сезер емес. Дәстүрді ұстанбайтын, арабтық идеологияны бетперде қылғандармен қырқысамын деп, ата-баба ұстанған асыл дінімізге тіл тигізіп жатқандар қарасы мол. Бұл жалғаса берсе, үлкен қасірет!
Тәңіршілдер қаупі уахабшылардан еш кем емес
Соңғы уақыттарда Парламент депутаттары да дін мәселесіне ат шалдырып, діни теріс ағымдарға тосқауыл қою керек деп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап әбігерге түсуде. Кей депутаттардың ойлары бір жақты. Діннен мақұрым екендіктері байқалады. Әйтеуір, қара борбай әрекет, бір сөйлеп қалып, халықтың назарын аударуға тырысу.
Ең өкінішті жері «үй ішінен үй тіккен» тәңіршілдер мен ата дінімізге күйе жағып патриот атанып жүрген топтар көзден таса қалуда. Бұл әділдік емес. Соңғы уақытта бірнеше депутат ақылдасып алғандай діни теріс ағымдар туралы Үкімет басшысына депутаттық сауалдар жолдады. Елді алатайдай бүлдіріп жүрген тәңіршілдер туралы бір ауыз сөз жоқ. Ой, ағайын, құрметті депутаттар, тәңіршілдер қаупі уахабистерден бір мысқал да кем емес екенін ұғынуға көп ақыл керек пе? Қай ата-бабаң тәңіршіл болып, «өмін-өмін» деп бата беріп, өліктің сүйегін жуындырмай көрге тығып еді?
Депутат мырзалардың алдымен кімнің дос, кімнің жау екенін нақтылап алмай, бірден дінге дүрсе қоя беруі қызық, әрине. Қолында депутаттық мандаты бар адам ақ пен қараның жігін ажыратып, сәлафиттердің нақты атын атап, фактімен сөйлесе, сөзі де құндырақ, жанайқайы да мықтырақ шығар еді ғой. Әйтпесе әлеуметтік желідегі көп айқайшыдан айырмасы, қане!
Соңғы уақытта діни жат ағымдармен күрес мәселесі жиі көтеріліп жүргенін жоғарыда айттым. Жағдай ушығып кетпей тұрғанда заңға өзгерістер енгізіп, бірқатар шараны қолға алу – уақыт талабы. Бұл жағынан, тағы айтамын, Қазыбек Исаны қолдаймын. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізге түрлі ағымдардың кіріп кеткені, олардың салт-дәстүрімізді әбден аяққа таптап, уахабилік көзқарастарын анық байқатып жүргені шындық. Оларға халық болып қарсы тұрудың орнына, «бас басына би болған» бүгінгі қазақтың тірлігі – Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалын көз алдыңа әкеледі.
Қазақстанда дінге қызығушылар жасарып келеді әрі діни сауатын ашқысы келетіндердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады екен. Содан да болар, діни атрибуттардың мектепте, оқу мекемелерінде көрініс табуына қарсы шығып, даулы мәселенің нүктесін қоюға асығып жатқандар баршылық.
Айтылған сөз атылған оқпен тең екенін депутат неге білмеді?
Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген керемет тәмсіл бар. Осыны ақылды қазақтар қаперіне алып жүрсе дегім келеді. Әсіресе Парламент секілді заң шығарушы органдағы депутаттар, халықтың сөзін айтатын мінберді хайптың төріне айналдырмаса екен деймін. Депутаттың әр сөзі, жүрісі елдің көз алдында. Олай болса «үй артында кісі барын» неге ойламасқа? «Айтылған сөз – атылған оқ» екенін неге ұмытып кете береміз? Сөзіме дәлел болуға «Алаяқтардың 80 пайызы намаз оқитындар» деп депутат Ринат Зайытовтың басы дауға қалғаны жететін шығар. «Жүйелі сөз жүйесін табады, Жүйесіз сөз иесін табады» деген рас. Осы бір жүйесіз сөз қарапайым тіршілік кешіп жатқан қаншама мұсылманның ашуына тиді. Елді дүрліктірді. Ол аз десеңіз, «Жұрттың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» деп қалың қазаққа еңбегі сіңген Ыбырай Алтынсарин жайлы ұнамсыз пікір қалыптастыруының өзі – әдепсіздік!
Бұл жайлы Дина Елгезек қызымның жазғаны өте орынды. «Ыбырай атамыздың шоқынбағанын, Ринаттың пікірі қате екенін жаза қойып едік, тараптың екінші жағындағыларда «массовый психоз» басталды. Депутаттың сөзін монтаждап, қасақана елге таратқандарды ақтап отырған ешкім жоқ. Бірақ ақиқат бәрінен қымбат. Ринат айтты екен деп ұлт қайраткерін мансұқтаған пікірді қолдай алмайды екенмін. Бұлтартпас факт болмай тұрып, ұлы тұлғалардың ар-ожданына қиянат жасауға болмайды!
Таңға дейін Ыбырай атамыз туралы біраз дүние оқып, фильмдер көріп, Ыбырай Алтынсариннің ұлтымызды рухани апаттан сақтап қалған аяулы жан екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп, тіптен жақсы көріп кеттім.
«Ұлылардың астарлы тұжырымдары қатпар-қатпар. Оны теңіздің бетіндегі көбік сияқты қалқып алу – қиянат. Бірінші: даналықтың мәйегін өзің қате түсінесің. Екінші: жалған түйін арқылы өзгені адастырасың. Ең бастысы ұлылардың ойын бұрмалайсың. Шын зиялы үшін мұндай қиянатқа барғаннан гөрі үндемегеннің өзі ғанибет», – деп еді Тұрсын Жұртбай ағамыз. Кейде үндемеген абзал.
1923 жылы Мұхтар Әуезов «Шолпан» журналында «Ыбырай Алтынсарин» атты мақала жазып: «Ыбырай жайындағы ел арасындағы алыпқашпа өсек. Өлгенде үйінен бір сандық крест шықты. Өзі шоқынған». Ыбырайға жабатын жаланың түрі осы», – дейді де, жазушы ол кісі туралы өсектің шығуының себептерін талдап, жоққа шығарады. Мұхтар Әуезов Ыбырайдың өзі өлген соң үйінен шыққан бір сандық крест дегені бір сандық қағаз екенін айтады».
Ринаттың сөзі қате екенін айтқандардың барлығына сектант деп жала жабу ұят. Сәлафиттердің «көкелері көк тіреп тұрғанда» 10 жыл бойы аяусыз күрескендердің бірі болғанымызды осындағы жұрт жақсы біледі. Небір атакалар, қоқан-лоқылар болды. Бірақ «мені өйтті-бүйтті» деп жылап көрмеппіз. Сол кезде сөзімізді қолдап, артымызда тіреп тұрған мемлекет те болған жоқ. Бірақ Тоқтар аға Жақаш, Айгүл Орынбек, Халима Тәжіқұл тағы да өзге азаматтар жанкештілікпен күрескенін айту парыз. Діни экстремизммен күресу керек. Бірақ күрестім екен деп, асылдарымызға қатысты дүниелерді бұрмалап, ешқандай сектаға қатысы жоқ дін ұстанған жалпы жамағатқа тіл тигізе беру жақсы үрдіс емес. Тағы айтамын, атеиссің бе, діндарсың ба, Құдайға сенесің бе, сенбейсің бе, ол сенің жеке шаруаң.
Кеше мына құжатты түпнұсқа емес шығар деп постымды алып тастағанмын. Қайта салдым. Өйткені Ыбырай атамыз шоқынған да емес, мектеп ішіне «Бір Құдайға шоқынып» деп өлең жазған да емес!».
Бұл жерде ана ретінде айтқым келгені, бір ғана Ринат емес, депутат мырзалардың баршасына ой салу еді. Парламент депутаты әр сөзіне жауапты болуы тиіс. Хайп қуып, аузына не келсе соны соға беру білімді азаматқа сын. Тіпті кейде оның ой-пікірі биліктің де көзқарасы болып қабылдануы мүмкін. Парламент секілді құзырлы органның да қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, халықтың толқуына да себеп болса, кім кінәлі? Әрине, елдегі діни-экстремистік топтар туралы, олардың кең қанат жая бастағаны туралы депутаттардың жанайқайы орынды. Бірақ асыл мен жасықтың арасын аша білуіміз керек. Жат ағыммен күресемін деп жүріп, ата-бабаң ұстанған асыл дініңе тіл тигізіп алу оп-оңай!
Мемлекет Хазария қасіретінен сабақ алуы керек
PS: VII ғасырдың соңында Мекке мен Мәдинада Ислам діні нұрын шашып әлемге сәулесін түсіре бастады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жан-жаққа хат жазып елшілер аттандырады. Сахабалар төңіректің төрт бұрышына асыл дінді насихат етіп сапар шеге бастайды. Орта Азияның қолқасы Дешті Қыпшақ даласына да ат дүбірі жетеді. Шығысы Қашқария, батысы Самарқанға дейінгі алқапта Қараханидтер мемлекеті құрылып, халқы түріктер, діні Ислам болады. 8-9 ғасырлардағы Қараханидтер айналасына ықпал етеді. Онан кейінгі Х ғасырдан ХІІІ ғасырдың басына дейінгі Хорезми мемлекетінің басында парсылар отырады да, діні Ислам болады. Ол мезгілдерде Хорезмге бағынған жұрттың беті Исламға қарай мойынсұна бастайды. Тұтас Дешті қыпшақ толық мұсылман болмағанымен, Ислам жайылады. XIII ғасырдың басында Шыңғыс хан 1219 жылы Орта Азияда бой көрсетіп, айналасы бірнеше жылдың ішінде Хорезмді құлатып, даланы парсылардан азат етеді. Тұтас қазақ даласы Шыңғыс хан қағанатына қарап, түркі халқының еңсесі көтеріледі. Онан бері Жошы ұлысы құрылады. Жошы хан 36 жасында өмірден өткен соң, оның құрған ұлысын кіндігінен тараған балалары билейді. Осылайша 1270 жылдарға келгенде Жошы ұлысы бірегей Алтын орда мемлекеті болып қалыптасады. Міне, сол Алтын орданың тағына Батудан кейін Берке хан шыққаннан бастап ел ішінде таралып, ақырындап жайылып келе жатқан Ислам діні Мемлекеттік дінге көтеріліп, хан жарлығымен орда дінінен халықтық дінге айналып, тұтас түріктердің (қазақтардың) қасиетті діні болады. Соның ішінде үйлесімді мазхаб Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолы бойынша жүре бастайды. Ол көшпенді қазақ жұртының тұрмысына, өмір салтына, сеніміне үйлесім тауып, бай-кедей деп алаламайтын, ақсүйек пен қараша жұрт деп қарамайтын, елді бөлмейтін жалпыға ортақ дін болады.
Міне, содан бері арғысын айтпағанда, бергісі мың жыл бойы ата-бабаларымыз Ислам дінін тұтынып келді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі жол халықты бір орталыққа ұйытты, тұтастыққа шақырды. Бірде-бір рет діни алауыздық, діни қақтығыс болған емес, халық бөлініп жарылмай, тамырланып, тағдыры бір жарасымды тарихты басынан өткізеді. Исламнан жамандық көрген жан пендесі болған жоқ.
XX ғасырдың басына дейін біз діни бірлікті сақтап келдік. Коммунистер таққа келген күннен бастап елден береке кетті, дінге тыйым салынып, құдайсыздық насихатталып, ұрпақ сенімнен айырылды. Сол сойқан 70 жылға жалғасты, үш-төрт буын ата жолынан адасты. Дәстүрден тайды.
1991 жылы тәуелсіздікті алғанда ел есеңгіреп, сана сансырап тұманданып, дүниетаным дүбара болып кеткен шақ болатын. Сол тұста жұрт жаппай Құдайды іздеп, жүрек қалауына жол тапқысы келді. Әне, сол кезде әсіресе, тәуелсіздіктің он жылдығы мезгілінде есік-тереземізге анталаған ағымдар жолын тауып, ақшасын салып, басқасын салып, Қазақстанға кеулеп кірді. Діннің не екенін білмей дағдарып қалған жұрт ақ пен қарасын ажырата алмай Ислам тонын жамылған жат ағымдарға ұрынып қалды. Бүгінгі уахабизм, салафизм деп жүрген ағымдар сол тұста лап қойып, жастардың жанды жеріне жармасты.
Біздер мың жыл бойы ұстанып келген асыл дінімізді бүлдірді. Коммунистердің билеген жетпіс жылындағы үңірейген үңгірдің орнын жат ағымдар толтырды. Исламға күйе жаққан, дінімізді лайлаған ағымдар бар-жоғы жиырма жылдың ішінде қоғамды екі үйекке жіктеп, жастарды азғырып, ұлттық құндылықтарды тәрк етіп қоғамның дамуына кесе-көлденең түсіп, ұлтты бөлшектеп, сансыз проблемаларды жарыққа шығарады. Бұдан туатын қорытынды: Ислам – таза, мөлдір дін. Қазақ халқы мың жылдар бойы діни тұтастықтың күшімен ешбір кезде еңкейген емес. Ал, уахабизм – Исламды жеккөрінішті көрсеткен, адамдарды арандатқан саяси ағым. Оның артында асыл дінді жойғысы келгендер мен мемлекетті бөлшектегісі келген жат күштер тұр. Бізге бабалар жолы, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Имам Ағзам үйлесімді әрі құп жарасымды. Бұл күнде нағыз Исламды түсінбеген жастар топ-тобымен жат ағымға тоғытылып қоғамға бүлік салып отыр. Дін сақал мен балақта емес, жүректе. Көркем мінез формада емес, ізгі амалда. Бабалар басып өткен жол бізге өнеге. Ол адастырмайды.
Кезінде академик Рахманқұл Бердібай ақсақалдың «Хазария қасіреті» туралы жазған дүниесін бәріміз оқыдық. Қане, содан шыққан қорытынды? Қазіргі кездегі еліміздің ушығып тұрған рухани мәселесі, діни алауыздық, көпдінділік, ұлттық идеологияның жоқтығы өткен тарихтағы «Хазария қасіретін» көз алдыңа әкеледі. Енді осы арада біз қазіргі кезде Хазария тарихынан үлгі алуымыз қажет. Академик Р.Бердібай ағамыздың «Хазария қасіреті» деп аталатын мақаласында бұдан мың жыл бұрын атағы жер-жаһанға мәшһүр болған Шығыс Еуропа жеріндегі алғашқы ірі мемлекет атанып, империялық деңгейге дейін жеткен, түркі жұртының бір тармағы саналған Хазар елінің өткеніне арнайы тоқталып, ол елдің неліктен тарих сахнасынан жойылғандығы, ол халықтың мемлекет басшыларының ұстанған саясатын, рухани мәселесін, тілін, дінін терең талдай отырып мынадай қорытындыға келген:
- Хазария қасіреті, ең алдымен, қағанның көз алдындағыдан әріге зердесі жетпейтін парасатсыздығына, қандай мемлекеттің де іргесі бүтін болуы халықтың басым көпшілігі тұтынып келген дін мен тілдің беріктігіне тәуелді екеніне мән бермей, дүниенің әр бұрышынан келген миссионерлердің жетегінде кеткендігіне байланысты;
- Елбасы қаған хазар халқының төл мүддесін аяққа жығып, мемлекетке әр кезеңде келіп жайғасқан басқа халық өкілдерінің шашпауын көтеруі жергілікті халықтың рухын өшіруге тікелей жағдай жасаған;
- Хазарияда көпдінділікті қолдау саясаты мемлекеттің негізгі халқы хазарлардың дәстүріне, ғұрпына, өзара бірлігіне орасан залал келтіріп, «шексіз космополитизмнің» үстемдік құруына жол ашқан. Мұндай көпдінділік Хазарияны елім, Отаным дейтін отаншылдық сезім мен сенімді жоғалтқан, халық күнделікті тіршілігінен басқаны ойламайтын тобырға айналған. Мұндай елді кез келген дұшпан қаусатып, құлға айналдыруға мүмкіндік туған; іштей тозығы жеткен мемлекет орыс князі Святославтың бір соққысына шыдамай, күлі көкке ұшуы осыдан;
- Ең сұмдығы сол – Хазария қағаны оның айналасы да дін деген қасиетті ұғымды ойыншық көріп, тілдің ұшымен ғана айтатын болған; қай күні қандай мықты мемлекет өкілдері келсе, солардың дініне бас шұлғып, ауанына жығылған; ақша, тарту әкеліп берсе, қас жауларымен де тіл табысқан;
- Хазария қағанының қайсы дін күшті деп мемлекет шекарасын ашып қойғаны, пікірталастарын әдейі ұйымдастыруы қарауындағы елін тірідей өлтіргенмен бірдей еді;
- Хазарлар ежелгі дін, сенімінен адасып, елі талан-таражға түсіп, өздері басқа жұрттармен мидай араласып кеткеннен кейін тілінен айырылуы таңғаларлық емес. Ғалымдар хазар тілінің қазіргі мұрагері қай тіл дегенге толық жауап бере алмай жүргендіктері де елмен, дінмен бірге тілдің де жойылуының салдары… (Р.Бердібай: «Хазария қасіреті». Бес томдық шығармалар жинағы. 2-том. Алматы, Қазығұрт. 2005, 79-80 бб.)
Міне, осылайша не заттық, не рухани, мәдени ескерткіштері жөнді сақталмаған Хазария империясының тарих құрдымына кетіп, оңай жойылуының бірден-бір басты себебі – ол мемлекетте де қазіргі біздегідей «көпдінділікке», «жатдінділерге», «жат мәдениеттерге» рұқсат беріліп, «діни бостандық» болғандығында. Осыны пайдаланған ол елдің жаулары өздерінің жат пиғылды мақсат-мүддесін жүзеге асырмақ болып, Хазарияның «дін арқылы» бірлігін, ынтымағын кетірмек болып көптеген діндерді қаптатып бір тілді, бір ұлтты, бір мәдениетті, бір дінді елді енді, көп дінді, көп мүдделі, сан мәдениетті елге айналдырып, ол елдің ішінде мәдени-рухани текетірес отын жағып сырттай қызықтап отырып, ақыры бірлігі кеткен, мемлекеттік мүддені білмейтін, алауыз елді оңай күйретіп тынған. Ақыры Хазар мемлекетінің басына қауіп төнгенде мемлекеттік мүддемен еш бірікпейтін қаптаған қауіпті діндердің жетегінде кеткен ол ел өз Отанын қорғауға мұршасы келмей, жауына оңай жем болып, құлға айналып, тарих сахнасынан осылай оңай жойылып тынған болатын. Ал, көп мәдениетті, көпдінді елде ортақ бір ұлттық, мемлекеттік мүдде, бірлік болмайтындығы ақиқат. Өйткені әрқайсы діннің өзінің мүддесі, көздеген мақсаты бар.
Ал, қазіргі біздің елдегі «көпдінділікті қолдау» саясаты, осындай саясаттың салдарынан тарих құрдымына кеткен Хазария саясатымен пара-пар болып тұр. Неге «Хазария қасіретінен» үлгі алмаймыз? Тарихтан көріп, білдік қой мұндай саясаттың түбінің неге апарып соқтыратындығын. «Хазария қасіреті» «Қазақия қасіреті» болмасына кім кепіл?! Біріншіден, бұл саясаттың қауіптілігін, құрдымын тарихтан оқып білсек, екіншіден, мұның қазіргі кездегі еліміздегі жат пиғылды діндердің «қауіпті әрекеттері» көзімізге көрсетіп отыр ғой! (7-10 ғасырларда өмір сүрген, еліне барлық діни ағымдарды кіргізген, көп дінді, көп тілді ел, билігінен бастап, саудагерлеріне дейін өзге тілде сөйлеген Хазариядай түркі мемлекеті қазір қайда? Картада жоқ! Жойылып кетті!). Алла бізді осындай қасіреттен сақтасын!
СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист