Ақтау қаласының әкімі 19-шағын аудан тұрғындарымен кездесті
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 19-шағын аудан тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар жылу, кәріз құдығының жетіспеушілігі және қоқыстың уақытылы алынбау мәселесін қозғады.
Тұрғындар кәріз құдығының жетіспеушілігіне шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, үш подъезді бар тұрғын-үйдегі кәріз құдығы толып қала береді екен. Қала әкімі құрылыс салушы компаниялардың жауапсыздығынан осындай мәселелер туындағандығын айтып, жауаптыларға кәріз құдығын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Құрылыс салушы компанияның жауапсыздығынан осындай мәселелер туындап отыр. Негізінде құрылыс салушы компания салынған тұрғын-үйдің инфрақұрылымын әкімдіктің теңгеріміне беріп тиісті құжаттарын тапсыруы қажет. Бұл мәселе бойынша аталған тұрғын-үйдің инфрақұрылымын теңгерімге алу қажет. Жауапты бөлімге кәріз құдығын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын», — деді қала әкімі.
Тұрғындар жылудың дұрыс берілмейтініне де шағымданды. Қала әкімі жауаптыларға жылу қысымен реттеп, тұрғын-үйлердің жылумен қамтамасыз етілуін қадағалауды тапсырды.
«Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының қолдауымен қалада жылу жетпейтін тұрғын-үйлерге 9 блоктік-модульдік қазандықты орнату жұмыстары жүргізілуде. Осы қазандықтар қосылғаннан кейін қаладағы жылу мәселесі реттеледі. Шағын аудандағы кейбір тұрғын-үйлерде тұрғындар су сорғыларын қосып қояды. Соның кесірінен басқа тұрғын-үйлерге қажетті жылу бармай қалады. Жылу қысымен реттеп, тұрғын-үйлердің жылумен қамтамасыз етілуін қадағалаймыз», — деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Сондай-ақ тұрғындар қоқыстың уақытылы тазартылмайтындығына наразалықтарын айтты. Қала әкімі жауапты бөлім басшыларына қоқыс шығаратын мердігер мекеменің жұмысын қадағалауды тапсырды.
Кәмшат Айбергенқызы,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
31.10.2023ж. Ақтау қаласы