Ақтауда жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі

Ақтау қаласын 5 аймаққа бөліп, жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен тұрғындармен есептік кездесуінде Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев айтты.

 

Қаланы бес аймаққа бөліп жаңартылатын жылу желілері:

-1-аймақ 1,2,3,4,5 және 6 ш/а:

-2-аймақ 7,8,9,14 және 15 ш/а;

-3-аймақ 22,23 және 24 ш/а;

-4-аймақ 11,12 және 13 ш/а;

-5-аймақ 26,27,28,28а және 29 ш/а.

 

«Жалпы Ақтау қаласында 438 шақырым жылу желісі бар. Оның 72% тозығы жеткен. Ал 464 шақырым су желісі болса, оның 88% тозығы жеткен. Бүгінгі таңда Ақтау қаласының үш шағын ауданында яғни 3А, 3Б, аурухана қалашығы ұзындығы 10,2 км жылумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Нысан келесі жылға өтпелі», — деді қала әкімі.

 

 

Ағымдағы жылы орталық жылу бекетінің құрылысы және 2-Орталық сумен жабдықтау торабынан орталық жылу бекетіне дейінгі 4,3 шақырым құбыр (Ø 355 мм) жүргізіледі. Бүгінгі таңда ағымдағы жылға қажетті құбыр өнімдерінің саны толығымен сатып алынып, 0,7 шақырымына құбыр салынды, жер қазу жұмыстары және орталық жылу пункті (ЦТП) құрылысы жүргізілуде.

 

Бұдан бөлек, 31А шағын аудандағы тұрғын үйлердің және орта мектептің жылу қуаттылығын арттыру мақсатында қолданыстағы жылу құбырының диаметрін үлкейту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

 

 

Кәмшат Айбергенқызы,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі,

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

 

02.11.2023ж.                                                     Ақтау қаласы