Нұрлан Ноғаев мемлекеттік қызметтің маңыздылығы туралы: Білім мен біліктілік қағидаты міндетті болуы шарт

 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесті. Жүздесу барысында мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде артық кедергілерді жоюға, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан шығаруға, ротациялық төлемдерді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды.

 

Кездесуге Маңғыстау облысының мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов облыс әкімінің орынбасарлары, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

 

«Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғам мен тәуелсіз сарапшылар арасындағы диалогтың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Өйткені, халықтың пікірі өте маңызды. Мемлекет басшысы «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін»формуласын ұстану қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Ол үшін жұртшылықтың талап тілегіне жауап бере алатын, ашықтыққа, әділдікке бағытталған сервистік сипаттағы мемлекеттік аппартты қалыптастырудың маңызы зор. Президент биылғы жолдауында әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси экономикалық реформа жасау жеткіліксіз, әділетті Қазақстан мен адал азамат ұстанымдары егіз ұғым ретінде әрдайым қатар жүруі тиіс. Шын мәнінде, әрбір адам ісі мен сөзі сәйкес келетін адал азамат болса осы принципке сәйкес келеді деген еді. Міне, мұнда келтірілген адал адам ұғымы әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында болуы қажет», — деп атап өтті Агенттік Төрағасы Дархан Жазықбаев.

 

 

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қазіргі қоғамдағы мемлекеттік қызметшілердің рөлі мен міндеттерінің маңыздылығын атап өтті.

 

«Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктелетінін сезінуі тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді деген болатын. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Мемлекеттік қызметшілер қолданыстағы заң аясында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасау тиіс», — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

 

 

Айта кетейік, Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметшілерінің штат саны 2513-ті құрайды. Оның ішінде әйелдердің үлесі 54,8%, олардың 335-і басшылық лауазымдарда. сондай-ақ мемлекеттік қызметте 40 мүмкіндігі шектеулі адам бар.

Біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан 642 мемлекеттік қызметші өтті. Облыста тоғыз айдың ішінде мемлекеттік органдар 678 бос лауазымға конкурс жариялады, оған 942 адам қатысып, олардың 377-сі қызметке қабылданды.

 

 

Кәмшат Айбергенқызы,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі,

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

31.10.2023ж.                                                     Ақтау қаласы