«Газетті жетілдіру – басты мақсат»
Баспасөзді халық өмірінің айнасы десек, әлем жаңалықтары мен елімізде болып жатқан оқиғаларды дер кезінде теледидар мен газет-журналдар да, түрлі сайттар мен әлемдік желілер арқылы сәт сайын хабар жеткізіп отыратын журналистер еңбегі-халық үшін қашан да зор.
Қазір ақпараттар ағыны тасқын судай ағып, бәсекелестік заманы келген кезде, республикалық, облыстық, аудандық газеттер өз жанын өзі күйттейтін уақытқа тап келіп отырғаны ащы да болса шындық.
Бұл күнде газеттен гаджет озған заман болып тұрғаны рас. Алайда, ақпарат айдынында мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан, мүлдем бөлек. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы.
Біз етігінің қонышына газет-журнал қыстырып, кең далада мал қайырған қойшыны көрген ұрпақпыз. Қайнаған тіршіліктің арасында жүрсе де, мерзімді басылымдарды жібермей оқитын ағалардың тәрбиесін алған адамдармыз.
Сондықтан бала күнімізден кітаппен қатар әр басылымның бір нөмірін жібермей оқуға дағдыланғанбыз.
Бала кезден қорғасынға құйылып, қағазға таспаланған газетті оқып үйренген біздер үшін басылымды парақтап отырып қарағаннан артық рақат дүние жоқ.
Бүгінде ақпараттық технология дамыды. Барлық керек дүниені алдыңда тұрған компьютерден табуға болады.
Оның үстіне интернет игілігімізге айналғаннан бері, түрлі ақпараттық сайттар ашылды. Бұдан бөлек, дәстүрлі басылымдардың да сайттық нұсқалары өмірге келіп жатыр.
Десекте осы интернеттің пайдасы мол екендігі даусыз. Алайда, оның зияны да аз емес.
Оның ең бірінші зияны – тәуелділік.
Сондай-ақ интернетке тәуелділік пайда болғанын достарыңызбен не жақындарыңызбен өзге үйге, жерге, барғанда алдымен «Мұнда вай-фай бар ма?» деп сұрағаныңыздан-ақ, және де таңертең шай мен тамағыңызды жеудің орнына компьютерге жүгіргендігіңізден білуге болады.
Әрине, мұны барлығы да біледі. Алайда, компьютерге, интернетке тәуелділіктің адам өміріне тигізетін зиянын естен шығармаған абзал. Әлеуметтік желіге тәуелді болып қалмай, керегімізге ғана пайдаланайық.
Ол үшін кітап оқып, газетке жазылып бұрынғыдай руханиятымызды дамытсақ .
Міне, осы өзекті мәселе бүгінгі журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовтың Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлымен кездесуінде кеңінен айтылды.
Бұл жайлы Ғұмыр-Дария Газетінің фейсбуктегі әлеуметтік желі парақшасында жарияланды.
Кездесу мәтіні:
— Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеевтің қабылдауында болдым.
Облыс басшысына Журналисттер одағы Жамбыл облыстық филиалының ағымдағы қоғамдық қызыметі туралы баяндадым.
Алда тұрған міндеттеріміз туралы айттым.
Журналисттер одағының облыстық филиалы – қоғамдық негізде жұмыс істейтін құрылым екендігіне тоқтала отырып, журналистердің мәртебесін көтеру, олардың кәсіби шеберлігін шыңдау, моральдық рухын көтеру бағытында бірқатар шаралар ұйымдастыру қажеттіліктері туралы облыс әкімін құлағдар еттім.
Қалай болғанда да билік тарапынан Журналистер одағының облыстық филиалына қолдау мен көмектің қажет екендіне тоқталдым.
Рухани байлық – баспасөзге жазылу барысы туралы пікір алмастық. Бұл аса маңызды мәселеде облыс басшысының тарапынан қолдау болатындығына көз жеткіздім.
«Қалай болғанда да тұрақты жұмысы бар, ай сайын жалақы алып отырған қызметкерлердің асып кетсе бес мың теңгеге бір – екі газетке жазылуларына мүмкіндігі бар, келісе отырып, ақылдаса отырып бұл мәселенің оңтайлы шешімін табуымыз керек», деген ойын айтты аймақ басшысы.
– Журналисттерге есігім ашық, бұл – кездесуіміздің соңы болмайды. Аалдағы уақытта Журналистер одағы облыстық филиалының басшысы және журналистика саласының ардагері ретінде ақылдасып отыратын боламыз, — деп сөзін қорытты Ербол Шырақпайұлы.
Осы орайда Жаңабай ағамыз негізі бүгінгі таңдағы өзекті мәселені көтеріп отыр.
Оң көзбен қабылдаған облыс басшысының алдағы уақытта оң нәтиже шығаратыныа сенемін. Рахмет сізге Жаңабай аға.
Талай жастың таудай талабын ашып, жөн бағдар сілтеп ұстаздық етіп қана қоймай, күллі халық үні басылымға деген жанашырлығыңыз да көп үлгі аларлық.
Өйткені бүгінде көбіміздің ата-анамыз да басылымдарды оқып отырады.
Бұл дана Ахмет Байтұрсынов қалдырған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тәмсіл бүгін де өзектілігін жоймағанын көрсетеді.
Иә, ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері өмірімізге дендеп кетті. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жаһанға тарап жатыр.
Әйтсе де үнемі мониторға, смартфонға үңіле берудің де зияны бар. Интернет сайттан оқығаныңды тез ұмытып қаласың.
Сонымен бірге ол көзді тым шаршатып жібереді. Монитордан оқыған мақаламен бояу иісі ісіңген қағаздан оқыған материалдардың әсері екі бөлек екені де даусыз.
Бұл ретте технология жағынан дамыған елдердің өзінде күніне миллиондаған тиражбен шығатын газеттер барын ескеру керек.
Сол мемлекеттер газеттерін неге жауып тастамайды? Олар оған бармайды. Өйткені оларда газет оқу мәдениеті қалыптасқан.
Біз де осы газет оқу мәдениетін жоғалтып алмауымыз қажет. Мұнда қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі бар.
Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын тарқатқан журналистердің өткір сөзін газет бетінен табуға болады.
Осындай ақпараттарды ортаға салған Жаңабай ағаның сөздерін облыс басшысының қолдауы, бізге үлкен сенім мен қуаныш ұялатты.
Әсіресе, жастар, жерлестер осы үрдістен алыстамаса деген тілегіміз бар.
Дариха Үмбетиярова, журналист