ЕХРО-2017 – елдігімізге сын

немесе дарқандығымыз дарақылыққа, сауықшылығымыз сорақылыққа айналып кетпесе екен…

ӘЛЕМДІК КӨРМЕ ЕЛ БЕДЕЛІН ӨСІРЕ МЕ?

Бұған тап басып жауап беру қиын. Балапанды күзде санайтыны секілді, бұл сұраққа да жиын-терінде жауап беріле жатар. Бір анық нәрсе бар, ол — ЭКСПО-ның жауапкершілігі. Осы жылдың 10 маусымы күні қазақ даласының әсем Астанасында әлем көз тіккен ЭКСПО басталып, ол 10 қыркүйекке дейін созылмақ. Әлемнің әр түкпірінен 5 миллионға жуық адам қатысады деген болжам бар. Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы көрме «Болашақ энергиясы» деген атпен өтеді. Бұл атаудың да өзіндік мәні бар. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінде бүкіл дүниежүзінде маңызға ие. Осы орайда, көрмеге қатысты соңғы жаңалықтардың бірімен бөлісе кетсек, «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінде «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонына қойылатын ең үздік жобалар анықталды. Онда баламалы қуат көзін алатын түрлі технологиялар мен жобалар қойылмақ. Байқауды халықаралық іріктеу комиссиясы жүзеге асырады. Оның құрамында Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут, халықаралық термоядролық реактор сынағының бас директоры Бернар Биго сынды мамандар бар. Көрме қарсаңында қазақстандық өнертапқыштардың жел күшімен жұмыс жасайтын жаңа туындылары да көрмеге қойылады. Өзге де ғаламды елең еткізер жағымды жаңалықтар көп болмақ. Демек, ЭКСПО «қазақ» деген халықты жаһанға жарнамалайды. Жақсы өтіп жатса, атақабыройымыз асқақтайды. Керісінше болып жатса, «Аяз би, әліңді біл, құмырысқа жолыңды білдің» кебі келеді.

ЭКСПО ПАЙДАСЫ БЕЛЬГИЯҒА БЕЛГІЛІ ЕДІ

ЭКСПО-ны өткізуге екі қаланың таласқаны көзі қарақты жұрттың есінде болар. Олар: біздің Астанамыз және Бельгияның Льеж қаласы. Өте тартысты өткен бәсекеде Қазақстан үшін 103 ел дауыс беріп, (Бельгияға 44 мемлекет дауыс берсе, 1 мемлекет қалыс қалыпты) жеңіске жеттік. Алайда жеңіліске ұшыраған Бельгияда арман жоқ. Себебі бұл мемлекетте бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесе екі рет — 1905, 1930 жылдары дүркіреп өтіпті. Яғни пайдасы болмаса, қарға адым жерге тегін аяқ баспайтын халықтың көрмеге қызығушылығы бекер емес-ау…

%d0%b5%d1%85%d1%80%d0%be2

«АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР»

Енді бүкіл әлем көз тіккен көрме болғандықтан, ұйымдастырушы елдің қалтасына салмақ түсетінін ешкім де жоққа шығара алмайды. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» демей ме қазақ мұндайда. «Уикипедияда» жарияланған мәліметке сүйенсек, «ЭКСПО — 2017» көрмесін өткізу үшін тендерді ұйымдастырушылар көрме өткізетін елге бұл шараның 2,3 миллиард долларға түсетінін есептеп шығарған. Бұл, әрине, үлкен қаржы. Одан бергі әлсін-әлсін бой көтерген девальвация да бұл соманың «айдарынан жел естіріп» қойды. Алайда «Шегірткеден қорыққан егін екпейтінін» жиі айтатын қазақ баласына бұл аса қорқыныш әкеле қоймады. «Шешінген судан тайынбас» деп, ЭКСПО «өзеніне» қойып кеттік.

БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

Иә, «ЭКСПО — 2017» бізге не береді? Сарапшылардың түйінді ойларына сүйенсек: ЭКСПО сынды ауқымды шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына және жаңа технологияларды меңгеруге айрықша серпін бермек. Сондай-ақ көрме, елорданың инфрақұрылымы мен нысандарының құрылысына жеке инвестиция тартуға ықпал етпек. Осы орайда жазушы Сарбас Ақтаев ағамыздың пікірі назар аударуға тұрарлық. Ол: «Көрмені ұйымдастырғаннан ұтылмаймыз ғой деп ойлаймын. Біз тіпті өзімізге еш етенелігі жоқ Еуропа елдерін жинап алып, саммитті де өткіздік емес пе? Ал мына көрме, тым құрығында, 60 ел өзінің павильонын орнатып, қонақүй жасап, барлық дүниелерін алып келеді. Солардың бәрін көшіріп әкетпейді ғой. Өзімізде қалады. Менің ойымша, бұған шыққан әрбір теңгеміз, кемінде 3 есе пайда береді. Сондықтан бұдан ат-тонымызды алып қашпай, атсалысуымыз керек сияқты. Қаржыға да қам жемеу керек. Қаржы деген болады. Бірақ ол ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпесе болды», — дейді.

ЕСІМОВ КҮДІКТІҢ БҰЛТЫН СЕЙІЛТТІ

Өткен жылы 22 желтоқсан күні Астана қаласында өткен жиында «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бірталай мәселенің басын шалып өткен болатын. Сол жолы төраға «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің құрылысына 50 мыңнан астам жұмысшы тартылғанын, құрылысқа 322 %d0%b5%d1%81%d1%96%d0%bc%d0%be%d0%b2отандық тауар өндірушінің өнімі пайдаланылғанын айта келіп, жалпы жоба дағдарысқа қарсы бағдарламалардың бірі ретінде жұмыс істегенін баса айтты. «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі жобасы дағдарысқа қарсы бағдарлама ретінде жұмыс істеді. Біз барлық өңірдегі отандық тауар өндірушілермен тығыз байланыс орнаттық. Нәтижесінде 322 отандық тауар өндірушімен 48,9 млрд. теңге көлемінде меморандумға қол қойдық. Осылайша, 50 мың азаматты жұмыспен қамтыдық. Қыркүйек және қазан айларында құрылыс алаңдарында 14 мыңнан астам жұмысшы еңбек етті. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының аяқталып жатқандығына байланысты 7 500 құрылысшы жұмыс істеуде», — деді ол. Сонымен қатар, Ахметжан Есімов аталмыш жоба аясында 1 млн. шаршы метр көлемінде ғимараттар салынғандығын атап өтіп: «Біз «ЭКСПО — 2017» көрмесінің қонақтарына арналған тұрғын үйлердің құрылысын бітірдік. 324 пәтерді пайдалануға бердік. 1374 пәтерге шетелдік қонақтардан өтініш түсті. Оларға бұл орындар тегін берілмейді. Шетелдік қонақтар жалдау ақысын төлейтін болады. Бұдан басқа инвесторлар салып жатқан 4 400 пәтер есебінен елордада тұрғын үй қорының көлемі ұлғаяды. Біз 1 млн. шаршы мерт болатын ғимараттар салдық. Мұның барлығы 74 гектар аумақты алып жатыр», — деді. Сөзінің соңында төраға: «Бұл көрмеге демеушілердің есебінен 126 млн. еуро қаржы тарттық. Сондай-ақ, жобаға 211 млрд. теңге көлемінде инвестициялық қаржы бөлінді», — деп, көпшіліктің көкейіндегі күдіктің бұлтын сейілткендей болды.

ЖЕЛ СТАНСАСЫ — ЭНЕРГИЯ КӨЗІ

2016 жылдың 21 желтоқсаны күні «Астана ЭКСПО — 2017» Ұлттық компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігі бірігіп өткізген баламалы энергетика саласындағы ең үздік жоба байқауы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде алматылық ғалым Марат Исекеевтің жобасы ең үздік деп танылды. 5 айдың ішінде конкурсқа 100-ден астам өтініш келіп түскен. Арнайы құрылған комиссия мүшелері 50 жобаны іріктеп алды. Кейін ғалымдар мен өнертапқыштар арасында өткізілген конкурста жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталды. Нәтижесінде компьютерлік технология және логистика кафедрасының профессоры, ҚазАТиСО «G-Global» %d0%b8%d1%81%d0%b5%d0%ba%d0%b5%d0%b5%d0%b2жастар штабының жетекшісі, т.ғ.к. Марат Исекеев жеңіске жетті. Жеңімпазды «Астана ЭКСПО — 2017» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов құттықтады. «Біздің болашағамыз үшін инновациялық жобалар өте маңызды. Аталмыш конкурсқа еліміздің барлық өңірінің ғалымдары мен өнертапқыштары қатысты. Олар отандық инновация саласын дамытуға өз үлестерін қосуда. Қазақстан 2017 жылы халықаралық деңгейде инновация алаңына айналады. Біз «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі арқылы әлемге өз ғалымдарымыздың осы салада жеткен жетістіктерін көрсете аламыз. Бүгінгі конкурста Марат Исекеевтің жобасы жеңіске жетті», — деді төраға орынбасары. Ал конкурс жеңімпазы Марат Исекеев өзі жасаған жел стансасының мақсатын түсіндіріп: «Біздің негізгі мақсатымыз — ауыл-аймақты энергия көзімен қамтамасыз ету. Қазақ даласында баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануға болады. Әсіресе жел энергиясын. Жобаны жасауға көптеген студент қатысты. Жел стансасын құрастыруға үш жыл уақыт кетті. Сондай-ақ, 5 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды», — деді. Сонымен қатар, өнертапқыш өзі құрастырған жел стансасы арқылы Жоңғар қақпасын тиімді пайдалануға болатындығын атап өтті. «Мен бар ғұмырымды Жоңғар қақпасын тиімді пайдалануға арнадым. Онда 30 метр биіктікте 58 м/с жылдамдықпен жел соғады. Ол Қытаймен шекаралас аймақта орналасқан. Ал Қытай бізден жылына 4045 млрд киловатт/сағат электр энергиясын жіберуді сұрап отыр. Яғни тек мұнайға үміт артпай, жел энергиясынан жылына 40-50 млрд. қаржы көлемінде пайда табуға мүмкіндік бар», — дейді ғалым. Айта кетейік, жеңіске жеткен үздік инновациялық жоба ЭКСПО — 2017 көрмесіндегі Қазақстан павильонына қойылады.

ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНБАҚ

2016 жылғы 23 желтоқсан күні «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы азаматтар мен шетелдік қонақтар үшін Бірыңғай қызмет көрсету және Аккредиттеу орталықтарының тұсаукесер рәсімін өткізді. Осылайша «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің алаңында Аккредиттеу орталығы ресми түрде өз жұмысын бастады. «Біз аккредитациядан өткізетін ақпараттық жүйені іске қостық. Бұл «ЭКСПО— 2017» халықаралық көрмесі кезінде қауіпсіздік шарасын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Клиенттік топтар немесе мемлекет, компания өкілдері анықталады. Оларға құпия сөзбен арнайы логин беріледі. Кейін олар сол арқылы жеке деректерін ақпараттық жүйеге енгізе алады. Бұл ақпараттар 4 құқық қорғау органдарына жіберіледі. Олар: ҚР ІІМ, ҰҚК, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі. Ақпараттар 20 жұмыс сағаты ішінде тексеріледі. Біз қонақтар мен тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетеміз. Қазіргі таңда біз ұлттық компанияның бөлімшелерімен біріге отырып, мәліметтер базасын жасадық», — деп түсіндірді «Астана ЭКСПО — 2017» ҰҚ» Операциялық басқару және тәуекел-менеджменті департаментінің директоры Маркен Ахметов.

%d0%b5%d1%85%d1%80%d0%be3

ТҮЙІН: Қазақтың қонақжайлылығын төрткүл дүние тамсана айтып жүр. Өйткені олардың игі жақсыларының көбі қазақтың көл-көсір дастарханынан дәм татқандар. Шетелге көп шығатын біздің азаматтардың сөз саптасынан мынаны аңғарасың: шетелде небір үлкен жиындарда кофе мен шай, жеңіл-желпі ас-ауқаттар ғана беріледі екен. Асқазаның оны азырқанса, қалтаңдағы өз ақшаңа тыңқия тойып алуға еш кедергі жоқ. Ең ақыры, жатын орныңа да пұлын төлеп кетесің. Барлығы есепке құрылған капиталистік өмір-ай! Мемлекет қаржысын шашау шығармай ұстайтын елдерді сараң деп айту қисынға келе қояр ма екен? Өкінішке орай, бізде нарық заманында тіршілік кешудеміз. Халықтың ақшасына ұланасыр мерекелік шаралар өткіземіз. Дархандығымыз кейде дарақылыққа, сауықшылығымыз сорақылыққа айналып кеткенін білмей қаламыз. Сондықтан әлем көз тіккен іс-шараның бет-беделін, мәртебесін көтереміз деп, әйгілі адамдарды, бұрынғы мемлекет басшыларын, әртістерді, сондай-ақ, басқа да ресми қонақ санын көбейтіп, оларға тегін жатын орын, ішіпжем дайындап шабылудың қажеті шамалы секілді. Ондай арзан атақпен бүкіләлемдік көрменің деңгейін көтере алмайтынымыз бесенеден белгілі. ЭКСПО мәртебесі жаңа жобалар, жаңа технологиялар, жаңа өндіріс өнімдері, жаңа іскерлік байланыстың санымен және сапасымен өлшенеді. Осыны билік басындағылар ескерсе дейді халық. Қалай десек те, Қазақстан әлем алдында халықаралық көрмені өткізуге қол жеткізді, ендігі мақсат — абыроймен атқару. 2012-2013 жылдары «ЭКСПО — 2017» нысандарын жобалауға жауапты шенеуніктер «әлі уақыт бар ғой» деп, «мен салар да сен салар, атқа шөпті кім салар» деп ұзын арқау, кең тұсауға салғаны да есімізде. Тіпті, кейбіреулері көрменің қаржысына қол сұғып, темір торға тоғытылғаны да жадымыздан өшкен жоқ. Осы бір салғырттықты, немқұрайлықты ел президенті дер кезінде көріп, Ақордаға жиып алып, сын тезіне салғаннан кейін жұмыс қарқынды жүре бастағаны да рас. Енді міне, өтпейтіндей көрген сағым жылдар артта қалды. Жетпейтіндей көрген 2017 жылға қадам бастық. Көрмеге небәрі 5 ай уақыт қалды. Елдігіміз сынға түсер сындарлы сәтте, бабалар айтқан «жұмыла көтеген жүк жеңіл» деген тәмсілін естен шығарып алмасақ бопты…

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК