АҚЫН АҚҰШТАП БАҚТЫГЕРЕЕВАНЫҢ ХАТЫ:

«Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Қыдырәлі Болмановқа хат
«Гүлжихан Ғалиева» деген есімді білмеуің де мүмкін, өйткені көрген жоқсың. Біздің қазақ «Танымасын сыйламас» деп бекер айтты дейсің бе…
Гүлжихан Ғалиева – сонау 1934-37-ші жылдардың зобалаңын көрген адам. Әкесі Ордабаев Қали Жетісудың атақты байларының бірі болғандықтан, Гүлжихан Ордабаеваны Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербор) заң университетінен қуады. Аш-жалаңаш Мәскеуге жеткен 19 жасар Гүлжихан Тұрар Рысқұловтың қабылдауына жазылып, 273-ші болып тіркеліп, Мәскеу вокзалына 9 күн түнеп жүріп жолығады. Рысқұлов сол жылы «Гүлжихан Ғалиева» деген жаңа құжат жасатып, оны ГИТИС жанындағы студияға оқуға түсіреді. Міне, азамат шапағаты деген осындай болса керек!
Гүлжихан Ғалиева Алматыда биші Шараға концерт жүргізуші болып қызметке алынады, өйткені оның ол кезде бай тұқымы екенін министрлер білетін. 1955 жылдары Гүлжихан қазақ циркін қолға алып, өз жиған-тергеніне Грузиядан аттар сатып алып келгені Қазақстанда аңыз болып айтылатын. Алтын сырға, жүзігін сатып, вагонмен үйретілген цирк аттарын өзі әкелді. (Қазір өнер үшін өз ақшасын шығарғанды естіп жүрген жоқпыз). Цирк ашылды, ұлт еңсе көтерді.
Г.Ғалиева 1961 жылы «Гүлдер» ансамблін ұйымдастырды. Домбырамен билеген қыздар ұлттық сезімімізге зор әсер етіп, өз халқымызды тануымызға игі ықпал жасады.
Осындай өр мінезді, табанды қыздары бар елміз біз, Қыдырәлі! Осындай әңгімені тыңдап өскен өз қызым Ғазиза да қобыз арқалап қатарыңда жүр…
Гүлжихан Ғалиева сияқты қазақтың өнердегі өжет қызының есімі қазір өзің басқаратын «Гүлдерге» тікелей қатысты екенін есіңе салғым келген еді. Ол да Қазақстанның Халық әртісі болатын. Ол да бір кезде өзіңнің Қарақатыңдай мөлдір жас болған. Айырмашылығы – көрген бейнеті көп еді…
Әсет Ақмолда