Шүкір сөзінің шапағаты шексіз
Гүлзада апаны осыдан біраз жыл бұрын «Газель» көлігінің ішінде көргенмін. Ол кезде дәл бүгінгідей қос жанарын бірдей жоғалтпаған, аяқ жолын көретін. Ептеп болса да, тірлігінен қалмай жүретін. Қасынан тағдыр жазуымен жаза басып, әр тарапқа бағыт алып, адасып жүрген бала мен келіннен қалған бес-алты жасар жалғыз немересін тастамайды.
Көлік ішінде жанындағы келіншекпен сөйлесіп отыр екен, сөздеріне құлақ түрдім.
– Жәрдемақыңыз қанша, апа?
– Жиырма төрт мың ғой, шырағым.
– Аздау екен, толып жатқан мұқтаждықтарыңызды өтеуге жете ме, тамақ, киім, отын-су дегендей?
– Ее-е, шүкір ғой айналайын. Сол жәрдемақыны тартқыштап бәріне жеткізіп келемін. Тіпті, әліме қарамай шақырған жерден де қалмауға тырысамын. Арасында жанашыр жандардың да көмегі болып тұрады. Шүкір деген пендесін Құдай жарылқайды деген осы шығар.
Кейінірек Гүлзада апа көшеден көрінуді қойды. Қос жанары мүлдем сөнген екен. Күздің қара суығы басталысымен жағдайын білуге үйіне бас сұқтым. Отбасының жабдықтары жұпыны болса да, ұядай жылы. Дастархан дәмге толы, немере де қолқанатқа жарап қалыпты.
– Апа, жағдайыңыз қалай?
– Шүкір ғой, шырағым. Шүкір еткен пендесін жаратқан құр қалдырмайды дейді ғой. Ақырындап өмір кешіп жатырмыз. Газ кіргізіп алдық. Арасында жақсы адамдардың жетпес жерді жалғап тұратыны бар емес пе?
Қос жанарындағы олқылықтың орнын қанағатпен, шүкірмен толтырған Гүлзада апаның бүкіл өмірінің мағынасы ерікті де, еріксіз осыған тоқтам жасағандай. Зағиптығы демесең, азғантай ғана жәрдемақысына шүкіршілік етіп, қоңырақай тірлік кешіп отырған кейуана мен қанағатсыздықтан қазынаның қаржысына қол салып, темір торға тоғытылған азаматтың қайсысы бақытты? Қиын сұрақты қоя тұрып, шүкір сөзіне мысал келтірейікші…
Ертеде, ерлі-зайыптылар егіз балалы болыпты. Адам баласы үшін ұрпақты болудан артық бақыт бар ма, оның үстіне олардың егіз екені қандай керемет.
Әттеген-айы сол, егіздер бір-біріне арқалары жабысып туыпты. Жарық дүниеге келгеннен бірінің жүзін бірі көре алмай, итшілеп өскен қос мұңлық он бес-он алтыға келгенде ата-анасы дүниеден өтеді. Тіршілік етудің өзге жолы қалмағасын егіздер күн сайын бір-бірін кезектесіп арқалап келіп, базарда қайыр тілейді. Бұларды көрген халық аяушылық жасап, күнделікті мұқтаждықтарына жететіндей напақамен қамтамасыз етіп жүріпті. Бірақ, егіздер осыған шүкіршілік етудің орнына көз жастарын көлдетіп: «Біз Құдайға не жаздық, осынша нәубет не үшін басымызға түсті?» – дей беретін көрінеді. Сонда көпшілік: «Ей, бейбақтар, сендер осы өмірлеріңе де шүкіршілік етсеңдерші. Жағдайлары сендерден де төмен жандар өмір сүріп жатқанын ойларыңа алыңдар. Біз бала-шағамыздың аузынан жырып, бейнетпен тапқан табысымыздан сендерге нәпақа беріп отырмыз. Құдайдан қорқып, тәубеге келіңдер» – дейді.
Егіздер бұл сөзге құлақ аспай жылап-еңірегендерін жалғастыра береді. Шүкір етпегеннің жазасы ма, сөйтіп жүргенде біреуі қайтыс болады. Өлген сыңарын арқалаған жігіт үшін нағыз азап енді басталады. Екі күннен соң арқасындағы мәйіт иістеніп, айналаға қауіп төндіреді. Сонда айналадағы халық: «Ей шүкіршілігі жоқ бейшара. Біз енді сені теңіз жағалауынан аулақтау тұрған аралға жеткізіп саламыз. Қажетіңді де қайықпен сонда жеткізіп тұрамыз. Әйтпесе, арқаңдағы мәйіт өздігінен түскенше ел ішіне жұқпалы ауру тарап кетуі мүмкін», – дейді. Бұған көнгісі келмеген жігітті жұрт теңізге қарай қуады. Жан дәрменімен қашқан ол теңізге секіріп, аралға қарай жүзе жөнеледі. Өліп-талып, жартасқа қолын іліктірген жігіт: «Аллаға шүкір, әйтеуір аман жеттім-ау» дегенде, бір ғана рет айтқан «шүкір» сөзінің қайтарымына арқасындағы мәйіт сыпырылып жерге түсіпті.
Әрине, пенде болған соң адам баласы бәріне қол жеткізгісі келеді. «Кедей байға, бай Құдайға айналғысы келеді» демекші.
Әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқарнайын өмірден өткенде қолы жоғары көтерулі, алақаны жаюлы қалыпты. Бұл құпияның шешімін айтуды елге белгілі ғұлама мойнына алады. Сонда ол: «Патша ағзам жер жүзін бағындырып, ондағы бар игілікке иелік етті. Ал, жан тәсілім етер алдында бар өмірін көз алдынан өткізгенде ол «әлемнің бар байлығы, билігіне қол жеткіздім. Сол есепсіз дүние, байлықтан екі құлаш кебіндік матадан басқа не алып бара жатырмын, айтыңдаршы» деп өкінішпен көтерген қолы түспей жатыр», –дегенде, патшаның қолы сылқ етіп түсе қойған көрінеді.
Сөзімізді шүкірден бастап едік, сонымен аяқтаған мақұл болар. Алдымен жан-жағымызға қарап, жау жоқ жерден жау тауып, келісімге келе алмай, қантөгістен, аштықтан, жоқшылықтан көз ашпай жүрген елдерге қарап, бейбітшілігімізге шүкір десек. Базарда тұрған барымызға, дастархандағы нанымызға, оны жұтатын суымызға да шүкір деуді ұмытпасақ. Қаражаттың да уақытылы беріліп тұруы, қыстан қысылмай шығудың да түрлі жолдарының табылуы – осы және өзге игіліктер Құдайдың бізге берген берекеті шығар.
Жаңалықтарды тыңдап отырсаң, көп елдерге, көп аймақтарға қарағанда біздің өңірдегі жағдай «шүкір» деуге әбден келетіндей. Әрине, іздегенге кемшілік қашан да табылады. Жұмыссыздық та, ішінара жоқшылық та, сан ғасырлық тарихы бар елдерге де тән жағдай.
Негізінде, қандай нәубеттен де қазақты сақтап келе жатқан тәубесі, қанағаты, шүкірлігі сияқты. Сондықтан, қол жеткізген барымызды бағалап, баянды етуге тырыссақ, қол жетпегенге шүкіршілік етіп, алдағы күннен үкіленген үміт күтсек, ұтылмасымыз анық.
Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ…