Кіл мықтының ішінде шын мықты жеңіске жетеді
Ел тарихында есімі алтын әріптермен жазылған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен дәстүрлі халықаралық турнир басталды. Байрақты бәсекеде Америка Құрама Штаттары, Моңғолия, Грузия, Эквадор, Словакия, Қытай Халық республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және еліміз Қазақстанның жауырыны жерге тимеген балуандары бақ сынауда.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық турнирге әлемнің он елінен екі жүзге жуық сайдың тасындай спорт сайыпқырандары қатысуда. Дуы басым додаға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
– Турнир 2007 жылдан бастап республикалық деңгейде, ал 2012 жылдан бастап халықаралық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бүгінде біз ел спортының қарқынды дамып келе жатқандығын зор мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, Қазақстанның спорттағы жарқын жетістігі мен жеңісті жолдары төрткүл дүниеге белгілі. Көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыз байрақты бәсекелерде асқақ асулар мен биік белестерді бағындыруда. Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде спортпен айналысуға барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде спортты, оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге айрықша көңіл бөлуінің жарқын көрінісі. Спорт – денсаулықтың кепілі, достықтың берік тұтқасы. Есімдері халық жадында сақталған әр ғасырдың біртуар перзенттері мен әр ұлттың тау тұлғалы атпал азаматтары, кемеңгер қайраткері болады.
Қазақ үшін асыл тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Дінмұхамед Ахметұлына құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін. Еркін күрес халықаралық спорт әлемінде беделі жоғары екендігі баршамызға белгілі.
Сондай-ақ, еліміздің спорт тарихына аттары алтын әріппен жазылған Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров және басқа да даңқты спортшы-ларымыз бар. Дарабоз спортшы-лардың ізбасарлары Рахат Қалжан, Әлішер Ерғали, Ергеш Дәулет және басқа да жас спортшылардың келешектерінен зор үміт күтеміз.
Бүгінгі жарысты ұйымдастыруға атсалысқан Туризм және спорт министрлігіне, Күрес федерациясына, жарыстың бас демеушісі, жамбылдық «Альтаис-групп» компаниясына алғысымды білдіремін. Бозкілемге шығатын палуандарға – жеңіс, бапкерлерге – табыс тілеймін. Алаштың ардақты азаматы, екі мәрте Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық турнирді ашық деп жариялаймын, – деді өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң, Мемлекеттік Әнұран айтылып, жарыс қатысушылары додаға дайындықтарын пысықтап алды. Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов құттықтау сөз сөйлеп, осындай ауқымды жарысты Әулиеата төрінде тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатқан облыс әкімдігіне алғысын жеткізді.
Айта кетсек, байрақты бәсекеде балуандар 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 килограмм салмақ дәрежесіне дейін бақ сынайтын болады. Дүбірлі дода алдағы 5 қарашада қорытындыланып, кіл мықтының ішіндегі шын мықтылар марапатқа ие болмақ.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.