Басты мақсат – туризмді дамыту
Ұлытау – тағылымды тарихымыздың куәсі, алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде «Ұлытау –халықаралық деңгейдегі туризм орталығы болуы тиіс» деген. Қазіргі таңда отандық туризм индустриясы даму үстінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыттың жеткенін және бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет деп атап өткен. Президенттің тапсырмасына сай Ұлытау туризмін дамыту мақсатында біздің аймаққа жақында келсе де «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің басшысы Алибек Күзербаев өлке туризмін дамыту үшін гид-экскурсоводтардың біліктілігін арттырудың маңызын түсіне отырып, еліміздің жоғары санаттағы мамандары О Б. К.разымбетова, Ж. С.Беисованы арнайы шақырып, семинар ұйымдастырды. Ослайша қыркүйек айының 25-28 аралығында «Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының» сапар орталығында Ұлытау облысында экскурсия жетекшілерін, гидтерді, тур-менеджерлерді даярлау бойынша 4 күндік семинар өтті. Семинардың басты мақсаты – Ұлытау облысындағы мәдени, тарихи, табиғи туризмді дамыту және гид-экскурсоводтар, тур менеджерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыру.
Семинарға облысымыздың барлық музейлері, атап айтқанда «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығы», «Жезқазған тарихи-археологиялық музейі» КМҚК, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС филиалы, «Жезқазған түстімет» ӨБ Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі, С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейі, «М. Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі және «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» музей саласының мамандары, экскурсия жүргізушілері, гидтері қатысты.
ҚР мәдениет және туризм саласына еңбек сіңірген қызметкер, экскурсовод әдіскер, ЮНЕСКОның материалдық емес мәдени мұра бойынша Ұлттық комиссия мүшесі, Ұлы Жібек Жолы тақырыбы бойынша ҚР ның ұлттық тренері Бақыт Оразымбетова Ұлытау облысының туризмінің кластерін дамыту, табиғи-мәдени ландшафты, Жезқазған қаласының тарихы және экскурсия жетекшілері мен гидтерге қойылатын кәсіби талаптар, экскурсияларды жүргізу техникасы, туристер мен қонақтармен қарым-қатынас құру формалары жайлы дәрістер оқыды. Трассалық экскурсияны жүргізу дағдыларын пысықтау мақсатында Бақыт Камалқызының жетекшілігімен Ұлытау облысының киелі географиялық нысандары бойынша Алаша хан, Жошы хан кесенелері және Хан Ордасы, Алтыншоқы нысандары бойынша оқу экскурсиялары жасалды. Аталған нысандарда Ұлытау музей–қорығының ғылыми қызметкерлері — тарихшы Мұхтар Сейтжанов, археолог Айдар Искаков таныстыру жұмыстарын жүргізіп, экскурсия жүргізушілерге тарихи анықтамалар, кейінгі ғалымдардың зерттеулері, объектілерге, тұлғаларға қатысты даулы тақырыптарды нақтылап, өз ойларын ортаға салды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экскурсиялық жұмысы, музей педагогикасы және экспозициялық залдарының сақталуы қызметінің басшысы Жанар Беисова семинар кезінде музейлердің қоғамның білім беру ресурсы ретінде қазіргі жағдайы мен болашағы туралы мәселелер көтеріліп, ҚР Ұлттық музейінің мәдени-білім беру қызметіндегі жобалар, музейлік сабақтар үлгілері экраннан бейнесабақтар арқылы көрсетіліп, әдістемелік нұсқаулар берілді және осы дәрістер негізінде музей мамандары өзара тәжірибе алмасты.
Ұлытау облысына арнайы келетін саяхатшылардың өлкенің тарихына, табиғат ерекшеліктеріне, этнографиясына деген қызығушылығын арттыру үшін осы саладағы қызметкерлерге әлемдік, республикалық деңгейдегі тәжірибе артықтық етпейді. Сондықтан лектор Бақыт Камалқызы ТМД елдері және Қазақстан музейлерінің озық тәжірибелерін таныстырып, еліміздің музей қорықтарының жұмыстарындағы негізгі аспектілеріне, проблемаларына тоқталып, олардың шешу жолдарын ұсынды және облысымыздың туризмін дамыту үшін қандай факторларға басымдық беру керектігін атап өтті.
Эльвира Мухамедина,
Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің экскурсия бөлімінің басшысы.