МАҚТААРАЛДА АУЫЛ ӘЖЕЛЕРІ ТОП БОЛЫП ДАУЫС БЕРДІ
Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны кейінгі кезде қазақ қоғамында орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кеткені де рас. Дегенмен, Мақтаарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылында кейінгі буынға үлгі болып жүрген ақ жаулықты әжелеріміз аз емес.
Бүгінгі Мақтаарал ауданы әкімінің сайлауында түрлі қызықты жағдайлар орын алуда. Өргебас ауылындағы Қасым Аманжолов жалпы орта мектебінде орналасқан №401 сайлау учаскесіне топ болып жиналып келген ақ жаулықты ауыл әжелері жаппай дауыс беріп, өздерінің саяси белсенділіктерін көрсетті.
Әжелер алқасының округтегі төрайымы Гүлжан Қамбарбекова қазақ әйелдері ерте заманнан қоғам тіршілігіне араласып, мемлекетті де басқарғанын, жауға да шапқанын тілге тиек етті. Сондықтан, қазіргі жас қыздарымызға, келіндерге үлгі болуы үшін бүгінгі сайлауға жаппай қатысып, дауыс бергендерін жеткізді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі