Универсиада Алматыға қалай келді?

Осы мәселеде зор қажыр-қайрат көрсеткен Қайрат Закирьяновтың құпиясы

Бұл мәселенің егжей-тегжейі қазақстандықтардың көпшілігіне беймәлім екені кәміл. Осыған орай спорт журналисі Сергей Райлянның сауалдарына жауап берген Республикалық студенттер спорты Федерациясының басшысы Қайрат Закирьянов: «Бұрындары біздің жанкүйерлеріміз бен спорттық функционерлеріміз Универсиада жайлы үстірт қана білетін. Ал оны Қазақстанда өткізуге болады деген ой ешкімнің басына келіп көрмеген.

%d0%b7%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d1%80%d1%8c%d1%8f%d0%bd%d0%be%d0%b2

Елдің студенттер спорты Федарациясының басшысы ретінде мен бірқатар Универсиадаларға қатысып, оның инфрақұрылымымен, ұйымдастыру комитетінің жұмысымен таныса келіп, мұндай ауқымды спорт сайысын бізде де өткізуге болатынына көз жеткіздім. Әрі сол тұста Алматы 2011 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Жарыс өткізуге қажетті барлық спорт кешендері салына бастағандықтан, әлгіндей ұсыныс жасауға бел будым. Универсиада тақ санды жылдары өтеді. Ал Халықаралық университеттер спорты федерациясының атқарушы комитеті (FISU) Универсиада өткізілетін жер туралы шешімді оның басталуынан 6 жыл бұрын қабылдайды. 2007 жылы мұнай бағасы қымбат еді әрі экономика да қалыпты дамыды. Сол себепті әлгіндей ұсынысқа ол кезде ешкім қарсы болмаған.

Мәселе дауыс беруге тіреліп, оған үкіметтің кепілдігі қажет болған тұста мен күтпеген жерден қарсылыққа тап болдым. Үкіметтегі шенділер: «Алдымен Азия ойындарын өткізіп, қалай болатынына көз жеткізіп алайық, Универсиада туралы одан кейін ойланармыз», — деп кеңес берді. Амалсыздан үміткерліктен бас тартуға тура келді. Одан кейінгі науқанды 2011 жылы бастадым. Тағы да бітпейтін келісімдермен кабинеттердің 2017табалдырығын тоздырып, бас уәзірдің канцеляриясынан тағы да қарсылық қағазын алдым. Ұсынысқа сол кездегі Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов қол қоймады. Амалсыздан Президент Әкімшілігінің басшыларымен кездесу үшін Астанаға ұшып бардым. Оларға: «Неге спорт министрі? Универсиадаға күллі әлемде Білім және ғылым министрлігі жауап береді. Міне, сіздерге жаңа хат. Оны ең алдымен Білім министріне көрсетіңіздер», — дедім. Бәрі ойдағыдай өткен сияқты еді. Бірақ Азия ойындары өткеннен кейін шенділер менің хатымды ұмытып, ол мұрағатқа өтіп кетті. Тапсырысты 2011 жылдың 3 мамырына дейін беру қажет-тін. Ал сол кезде сәуір айының үшінші онкүндігі басталған-ды. Жазған құлда шаршау бар ма, Президент Әкімшілігі басшыларына тағы келдім салып ұрып. Тағы да барлық қолдар жиналып, қағаз бас уәзірдің үстеліне жетіп, мемлекет басшысымен келісу ғана қалды. Жауап күттім. Ақыры бас уәзірдің канцеляриясына шақырып, осы мекеменің әлеуметтік-экономикалық бөлімін басқаратын Н.Л. Котенко: «FISU-ға тапсырыстан бас тартамыз деп хат жазыңыз. Біз 2017 жылы ЭКСПО өткізуге тапсырыс жасадық, екі бірдей шараны бір жылда еңсере алмаймыз. Түсінесіз бе?» — деді. Бірақ ол кезде ЭКСПО-ны аламыз ба, жоқ па, ол жағы әлі анықталмаған болатын.

Ал Универсиаданы алу шынайылық еді. Осыларды алға тартып: «FISU жарыс географиясын кеңейтуге ниетті, сондықтан итальяндық Трентиномен тайталаста ол бізді қолдайды. Мен біздің жеңіске жететінімізге кепілдік берем», — дедім. Наталья болса: «Кешіріңіз, мен бәрін айттым», — деді. Бұл сәуірдің 26-сы болатын. Тапсырысты студенттер спорты Федерациясы беретіндіктен әрі Универсиада астанасын түпкілікті таңдауға бірнеше айлар қалғандықтан, мен үкіметті айтқаныма көндіруге тырыстым. Рас, төрт жылдың ішінде тапсырыс беру шарты өзгерген-ді. Енді оған 10 мың еуро талап етілді. Алматы қаласындағы әріптестеріме жүгініп, олардан көмек сұрадым. Олар мені қолдап, ақшаны жинап, Брюссельге жібердік. Тартыс кезінде біздің басты қарсыластарымыз ресейлік Сочи мен итальяндық Трентино болған-ды. Егер дауыс осы үш қала 2017%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b2арасында өтсе, сөз жоқ, басым дауысты Сочи алар еді. Мәскеу Олимпиадасының 30 жылдығына арналып өткен форумда мен FISU президенті Джордж Киллианмен кездестім. Сонда ол маған: «Былай келісейік, 2017 жылғы универсиаданы Сочиге берейік, ал сендер 2019 жылға тапсырыс беріңдер», — деді. Сол кезде мен қулыққа барып: «Сіз мәселелердің Қазақстанда қалай шешілетінін білмейсіз. Қазіргі үкіметтің ниеті түзу, ал келесісінің Универсиаданы өткізуді қолдау-қолдамауына еш кепілдік жоқ. Оның үстіне бізде үкімет жиі ауысады. Егер Орталық Азияны алғыңыз келсе, бізге 2017 жылғы Универсиаданы беріңіз. Есесіне 2019 жылға тапсырыс бермейміз», — деп, онымен қатар ресейлік әріптесім Олег Матицынды да азғырып: «Саған Сочидің керегі не? Сенде Сібір көтерілмей жатыр емес пе. Краснояр, Новосібір, Іркіттің бірін ал да, Универсиаданың көмегімен сол өңірлерді көтер», — дедім. Қулығым іске асып, Ресей бірер айдан кейін 2019 жылғы Универсиаданы Красноярда өткізуге тапсырыс берді. Осылайша басты қарсылас жолдан тайдырылды. Бірақ іштегі қарсыластар әлі де бар-тын. Қазан айының ортасында Президент Әкімшілігіне тағы келдім. Бәрі еш өзгеріссіз. Ендігі жалғыз үміт — Президентте. Оның үстеліне қандай газеттер қойылатынын білетінмін. Сондықтан сондай газеттердің біріне сұхбат беріп: «Егер ЭКСПО біз үшін — пайда болса, Универсиада — арымыз емес пе, соған қарағанда, Қазақстан ардан гөрі пайданы көксейтін сияқты-ау осы», — деп, Қазақстанның 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиададан бас тартуы мүмкін екенін айттым. Мемлекет басшысы әлгі сұхбатты оқыған болуы керек, біржақты қорытынды жасады.

FISU атқару комитетінің отырысында 30 қараша күні Универсиада астанасы туралы өз шешімдерінің қорытындысын жария етуі керек болатын. Оған дейін Президент сол тұстағы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен кездесіп, оған Универсиаданы Алматыда өткізуге келісімін беретінін айтыпты. Ал атқару комитетінде жеңіске жету техниканың ісі болатын. 2011 жылы тамызда Қытайдың Шэньчжэн қаласында жазғы Универсиада өтті. Оған біздің Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмагұлов Трентиноны райынан қайтуға көндіру мақсатымен ғана барғанды. Бірақ итальяндықтар көнбепті. FISUда ресми дауыс беруге бір апта қалғанда рейтингтік дауыс беру өткізу дәстүрі бар. Сонда біз атқару комитетінің 25 дауысының 17-сін алдық. Трентино жағдайды түсініп, үміткерліктен өз еріктерімен бас тартты. Сондықтан Бүкіләлемдік студенттер ойыны бізге сыйлық ретінде аспаннан салбырап түсті деу орынсыз болмақ. Бұл істе мені Б.Жұмағұлов керемет қолдады. Бірақ Алматы Елбасының саяси ерік-жігерінсіз Универсиаданы ешқашан да ала алмас еді дей алам. Ал қалың ел маған Универсиаданы Алматыға алып келгенім үшін рақмет айтсын. Былтыр FISU-дың Брюссельде өткен Бас ассамблеясының мәжілісінде МОК басшысы Томас Бахпен кездестім. Сонда ол маған: «Мені Универсиадаға шақырыңыз. Менің сіздердің президенттеріңізбен кездескім келеді. Оған 2026 жылғы қысқы олимпиаданы өткізуге Алматының кандидатурасын ұсынуға өтініш жасасам деймін. Біз сіздердің тапсырыстарыңызды қолдаймыз», — деді.

%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b2017

Рас, Универсиада 10 шақты күнде зыр етіп өте шығады. Сондықтан мені Универсиададан қалатын кешендер тағдыры қатты мазалайды. 5 мың орындық атлетикалық ауылды үкімет «Қолжетімді тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы аясында кезекте тұрғандарға беруді ұйғарыпты. Ал, басқаны қойып, жалғыз Алматыда ғана 18 мың студенттің 80 пайызға жуығының баспанасы жоқ, қымбат ақшаға үй жалдап тұрады. ЖОО ректорлары бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеруден қорқады. Биліктегілер маған: «Ол ақшалар «Нұрлы жолдікі», — дейді. Ал мен: «Оның қандай айырмашылығы бар? Мұның бәрі мемлекет қаржысы ғой. Ендеше, үйлерді студенттерге беріңіздер, олардың сіздерге айтар алғысы шексіз болады», — деймін. Рас, экономиканың қазіргідей шатқаяқтап тұрған кезінде ірі нысандарды ұстап тұру шығынды болмақ. Десе де, бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге болмайды ғой. Ғалымдар: «Егер Денсаулық сақтау министрлігі бюджетінің 3 пайызын азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасауға бағыттаса, әлгі бюджеттің 30 пайызы үнемделеді. Өйткені адамдар дәріханалар мен ауруханаларға бармайды. Мемлекеттің стратегиялық міндетінің өзі осы емес пе? Бірақ бүгінде оны елеп-ескеріп жүрген кім бар?» — дейді.

БДҰ-ның дерегіне жүгінсек, адамдардың денсаулығының 10 пайызы ғана ел медицинасының даму деңгейіне тәуелді болады екен. Қалғанының бәрі нақты адамның өмір сүру салтына, ең алдымен оның физикалық белсенділігіне байланысты болса керек. Сол себепті спорттық құрылыстарды жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандар санатына енгізу қажет. Мен бұл жайлы Универсиада ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке Ойын нысандары мәселесін жақында болатын отырыста шешуді сұрап хат та жазып қойдым», — депті ағынан жарылып. Сірә, биліктегілер білікті жанның сөзіне құлақ асар, кім білсін?!

Дайындаған — Ермек Сахариев