Мемлекеттен грант алып, сиыр өсіруде

Мемлекет тарапынан ауыл-аймақта тұратын көпбалалы аналарға жеке кәсіп бастауға қолдау бар. Қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер отбасының табысын еселеп, аналардың үйде отырып-ақ жұмыс жасауына жол ашуда.
Өндіріс ауылының тұрғыны Гүлсара Жарасханова мемлекеттік қолдауға ие болған көпбалалы ананың бірі. Ізденіп, құжат тапсырып, ел қатарлы қайтарымсыз несие алуға талпынып көрді. Нәтижесінде 1380000 теңге мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастады.
Алған қаржыны тиімді пайдаланған көпбалалы ана 4 бас сауын сиыр сатып алған. Сиырдың сүтінен айран ұйытып, құрт жасап, май алып отыр. Нәрлі тағамдарды күнделікті өз қолымен өндіріп, тұтынушыларына өткізеді, отбасында пайдаланады.
Алдағы уақытта мал басын арттырып, өнімді ұлғайту да ойында бар. Себебі, тұрғындар арасында сүт өнімдеріне сұраныс жоғары.