ТҰЛҒА ТУРАЛЫ

Аса көрнекті ұлт суреткері Тахауи Ахтановпен көп мәрте сұхбаттас болу бақытын бастан кешіп едім. Сол әңгіменің бірсыпырасын жариялап та жүрміз. Бұл кісінің бір ерекшелігі өзінен гөрі өзге туралы, ұлтымыздың ұлық адамдары жайында айтуға көп бейілді еді. Бұдан бұрынырақта Қаллекей, Серке, Екейбай туралы толғаныстарымен бөліскенбіз. Ендігі бір қысқа лепес Темірбек Жүргенов жайында.
1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткені мәлім. Осы декада ұлы тиран Сталиннен бастап, Мәскеу шовинистерінің шляпасын қолына алдырып, , бас идіртті. Бұл Жүргеновтің жанкешті жұмысының жемісі еді. Осы бір күндерде Жүргеновтің басқамен қатар Ахаңның, Ахмет Жұбановтың өзіне қалай тілі тигені жөнінде айта келіп, ұлы суреткер мына бір сәтті соншалықты елжіреп әңгімелеп еді.
-«Қыз Жібектің» репетициясы өтіп жатады. Темкең біртүрлі буырқанып отырады. (Мұның алдында «Руслан — Людмила» операсын өткізбей тастағаны біраз шу болған). Оркестрдің сүйемелдеуі ұнамайды. Симфониялық оркестрде көбіне түрлі елдердің музыкалық аспаптары қолданылады ғой. Соның бірі — трамбон. Европалық керней. Әлгінің даусы жер жарады. Дыбысты желдетіп шығарады. Сондағы Жүргеновтің дирижерді тұрғызып қойып айтқаны дейді.
-Молодой человек, вы по тише играйте, теряется национальный колорит.
Кезеңнің соншалықты қысастығы мен қиянатын қанша көрсе де ұлттың әдебиеті мен өнері өзгеше өрлеуді бастан кешіп жатқан сол тұстың өзінде қайран жазушы «қазір өзі сенің ұлттық төлтума болмысыңды ойлап жатқан басшы бар ма? Мүмкін болса орысшасы молырақ болса деп тұрамыз ғой» деп қамығып еді.
Ал қазір ше?…
…Бүгін Алматыда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай жиын өтті. Жиынға науқастанып, қатыса алмадым. Біздей пақырыңызды рухыңыз желеп, жебеп жүрсін ұлы ұлт суреткері!