Ардагерлердің саяхаты
«Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің жоспарына сәйкес қараша айының 2-3 кундері 50 шақты ардагерлерімізді Самарқанд қаласына саяхат жасап қайттық.
Екі күндік сапар барысында қаланың тарихи, мәдени ескерткіштерімен таныстық. Саяхаттың бірінші күні өз дәуірінде жарты әлемді жаулаған Падишах, Ұлы жиһангер Әмір Темірдің денесі жерленген “Гур-Эмир” кесенесін араладық. Ерекше архитектуралық үлгімен салынған, ішкі ою-өрнектері түгелдей алтынмен апталған, бұл кесенеде оның ұлдары Шахрух пен Миран-шах және немересі Ұлықбек жерленген.
Келесі саяхат нысаны қаланың орталығындағы “Регистан” алаңы болды. Бунда бабамыз Жалаңтос Бахадур Сейітқұлұлы салдырған “Шердор”, “Тилла қадир” және Ұлықбек медреселері орналасқан. Бұл 3 медресе де әлемге өз архитектуралық ерекшелігімен танымал. Әр қайсысы әр кезеңде салынса да, бірегей ансамбль болып, біздің заманымызға баға жетпес бабалар мұрасы ретінде жетіп отыр.
Қаладағы қайталанбас тарихи ескерткіштердің бірі, әрі бірегейі “Биби-Ханум” мешіті. Әмір Темірдің сүйікті жары, Моғолстан мемлекетінің ұлы ханы Тоғылық Темірдің қызына арнап тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы ардагерлерді ерекше әсерге бөледі.
Осымен бірінші күнгі экскурсиямызды аяқтап, кешке қарай Европа үлгісіндегі жайлы қонақ үйге келіп демалдық. Келесі күні ардагерлер Әмір Темірдің ең жақын адамдарымен орта Азияға белгілі тұлғалар жерленген “Шахи Зинда” зират-пантеонына келдік. Бұл әлемге әйгілі қорымда Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббас сахабаның кесенесі ерекше орын алады екен.
Келесі барған тарихи орын “Ұлықбек” обсервоториясы деп аталады. Кешеннің алдында әрі әмір, әрі ғалым Ұлықбектің еңселі ескерткіші орнатылған. Ескерткіш алдына естелікке суретке түсіп, ұлы ғалымға бағыштап құран оқыдық. Кезінде діндәрлар талқандаған обсервоторияның қалдығын көріп болған соң, Өзбекстан республикасының бірінші президенті Ислам Каримовтың мәңгілік мекеніне бет алдық. Бұл жерде VIII-IX ғасырларда салынған мешіттің үстіне қайта тұрғызылған сәулет кешенін аралап, Ислам Каримовтың жатқан жеріне зиярат жасадық.
VIII-IX ғасырларда салынған сәулет өнеріне жалғаса тұрғызылған (осы қорымда И.Каримовтың әке-шешелері де жерленген) И.Каримовтың кесенесі өте үйлесімді ансамбль құрғанына қарап, өзбек халқының бірінші президентіне деген құрметін анғардық.
Самарқандтағы тарихи орындарды аралап болған соң, түс қайта жолға шықтық. Жолай ел астанасы Ташкент қаласына соғып, қала орталығын аралап “Ташкент сити” сәулет орталығын тамашаладық.
Тараз қаласы ардагерлерінің Өзбекстанға жасаған екі күндік саяхатын Жамбыл облысы бойынша коммерциялық емес заңды тұлғалар бірлестігі Ассоцияциясының (төрайымы Зәуірбекова Айнұр) қаржыландыруының арқасында аса құнды тарихи мұраларды аралап, олардың терең тарихын тануға жағдай жасағаны үшін ардагерлердің алғысы шексіз.
Топ жетекшісі Сауранбек Жамалбеков».