Кеңгірді күмбірлеген күй кернеді

Облыс орталығында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің бірлесе қолға алуымен «Ақсақ құлан» деген атаумен Кетбұқа би атындағы ІІ халықаралық күйшілер конкурсы өтті.

Кеңгірдің жағасын күмбірлеген күймен көмкерген өнер додасы екі күнгі созылды. Оның алғашқы күнінде балды бармақ күйшілермен дөңгелек үстел басында кездесу өтті. Онды өткелі отырған байқаудың маңызы мен мәні кеңінен сөз болды. Байқауға мұрындық болған өнер жанашырларының бірі Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров өнер додасына еліміздің түпкір-түпкірінен ғана емес, алыс-жақын шетеледерден де келген қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шын мәнінде, Кетбұқа би мұрасын насихаттау және көне күйлерді жанғырту мен жаңа есімдерді анықтау мақсатында өтіп отырған бұл байқаудың бәсі жоғары екендігі сөзсіз. Еліміздің тарихында айқын із қалдырған тұлғаның күйшілік қыры бір төбе. Алты алашқа «Ақсақ құлан» күйімен аты жайылған баба есімін иеленген күйшілер сайысының жауапкершілігі де сондықтан тым жоғары. Ал, күй тартып, бағын сынауға келген қатысушылардың өнеріне Шәміл Әбілтай, Секен Тұрысбеков, Жанғали Жүзбай сынды қазақ күй өнерінің бүгінгі көшін бастап жүрген танымал күйшілер арнайы келіп бағалады. Дөңгелек үстел соңында дәулескер күйшілер Ұлытау даласының ұлт тарихындағы орнына тоқталып, төгілте күй шертіп берді.

Ұлытау даласын дүбірге бөлеген «Ақсақ құлан» Кетбұқа би атындағы ІІ халықаралық күйшілер конкурсында жұртшылық ән мен күйге, өлең-жырға қарық болды. Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театры сахнасында өткен күй сайысына еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 20 күйші қатысты. Қытай елінен келген Тойбол Жемісұлы өз өмір сүіріп жатқан  өлкеде де қазақилықты сақтап, домбыраны шертіп тұратындығын жеткізді. Ұлытау аспанын күймен тербеген өнерпаздардың өнеріне баға беру де оңай болмағаны анық. Қазылар алқасының төрағасы Жанғали Жүзбайдың сөзімен айтқанда, қазақтың қобызымен де, сыбызғысымен де,  домбырасымен де құлаққа жеткен тарихи күйлер, аңызы бар күйлер орындалған байқау өте күрделі байқау болды. Күйшілер тартысы екі бөлімнен тұрды. Түске дейін бірінші кезеңде іріктелген жүйріктердің жүйрігі екінші бөлімде анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар берілді.

Ізтай Белгібайұлы.