ЖЕЛІЛЕР ЖАҢАРТЫЛЫП, БАҒАНАЛАР ОРНАТЫЛДЫ

Ауданда көктем айынан бері аудандық электр жүйесі мекемесі тарапынан электр желілері жаңартылып, жоғарғы кернеулі және трансформаторлық қосалқы станцияларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жайылма ауылдық округіне қарасты Қызылдихан ауылында электр желілері түгелдей дерлік ауыстырылып, жаңа бағаналар орнатылып, аталмыш елді мекендегі трансформаторлық қосалқы станция да жаңартылды.
Осы жұмыстарды атқаруға Сарысу аудандық электр жүйесінің қызметкерлері мен техникалары тартылды.
Осы орайда, Сарысу аудандық электр жүйесінің шеберлері М. Косимов, М. Рахымбаев, Б. Кенесбек, автокран жүргізушілері Қ. Қойқапов, Р. Шайымбеков, электр монтерлер Р. Кенешбеков, Д. Тоғаев, Ж. Бердібековтердің еңбегін атап өткен жөн.
«Қатты жел, қыстағы боранда басты мәселенің бірі электр жарығының жиі өшуі болатын. Ескірген электр бағаналары қатты жел тұрса шайқалып, құлап қалу да қаупі бар еді. Бұл мәселе бүгінгі таңда өз нәтижесін берді. Сарысу аудандық электр желілері мекемесі электр желілерін жаңартып, жаңа бағаналар орнатты. Ауыл тұрғындарының өтініші ескеріліп, оң шешілгені үшін қуаныштымыз»,-дейді Қызылдихан ауылының тұрғындары.
Алдағы уақытта Сарысу аудандық электр жүйесі мекемесі аудандағы тозығы жеткен электр желілерін 100 пайыз жаңартуды жоспарлап отыр.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі