Асар-ел бірлігі
Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Дәл бүгін атына заты сай, бірлігі жарасқан Бірлік ауылында «Асарлатып үй салу» жобасымен салынған тұрғын үйдің кілті тапсырылды.
Аудан басшысы Ә.Балқыбеков үй иесі М. Баялиевті баспаналы болуымен құттықтап, өзінің ізгі ниет тілектерін жеткізді. Сондай ақ осы игі тіршілікті ұйымдастырған Бірлік ауылының жастарына аудан халқы атынан рахметін айтып «Алғыс хат» табыстады.
Осыдан кейін ауыл биі Кемпірбай ақсақал құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы М.Иманалиев ақ батасын берді. Содан соң Асарлатып салынған үйдің лентасын ауыл ақсақалы М.Иманалиев пен аудан басшысы Ә.Балқыбеков қиып, ауыл әжелері тәттіден шашуларын шашты.