Инвесторлармен кездесу
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «WANLIN GROUP» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге аталған компанияның президенті Ли Янтау мен директорлар кеңесінің мүшесі Ли Хиннан қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен айдағы ҚХР-ға сапары нәтижелі болғанын, бірқатар келісімдерге қол жеткенін атап өтіп, облыстың кешенді даму жоспарында инвесторлар тарту, оларға қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударылғанын баса айтты.
Бүгінгі таңда қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде жаңбырлатып, тамшылатып суару, жылыжай қондырғыларын шығару бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделіп отырғандығын да тілге тиек етті.
Өз кезегінде Ли Янтау мырза пиязды қайта өңдеу бойынша жобасымен таныстырды.
Компания сусыздандырылған ақ пиязды өндіру жөніндегі жобаны дамыту, егу, терең өңдеу, экспорттауға қатысты шараларды жүзеге асыруға ниетті. Ол бойынша қажеттілікке сәйкес тиісті нысан табылса, қондырғыларын әкеп орнатып, жұмысты бастауға дайын. Жергілікті шаруалардың еккен пиязын алу, өздері де өсіруді көздеп отыр. Ағымдағы жылы облысымыздың Жамбыл, Қордай және Шу аудандарында ақ пиязды тәжірибелік негізде отырғызып та көрген.
Ли Янтау егер кәсіпорын іске қосылса, алдағы он жылда әлемнің осы бағыттағы үздік жобасына айналуды көздеп отырғандарын жеткізді. Өнімді АҚШ, Еуропаға экспорттамақ.
Облыс әкімі аймақта пияз өсіру ісі айтарлықтай жолға қойылғандығын, республикадағы пияздың 80 пайызы Жамбыл облысында өсетініне назар аудартты. Экспорттауға қатысты бірқатар мәселелер шешілсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге барлық мүмкіндіктер бар.
Ербол Қарашөкеев жергілікті билік жобаны қолдауға дайын екендігін айтып, нысанды анықтау бойынша бірлесіп шаралар жүргізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.