ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ЕГУДІҢ ҚЫР-СЫРЫ ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Күні кеше ауданымызда Меркі қант зауыты мен Шу ауданы әкімдігінің қолдауымен қант қызылшасын өсіру мен одан табыс табуға қатысты оқыту семинары бастау алды. Тәтті түбірден көл-көсір табыс табудың жолын көрсететін оқытуға ауданымыздағы қант қызылшасын егуге ниетті шаруалар, халық қалаулылары, ауыл әкімдері және көрші ауданның шаруа қожалық иелері қатысуда. Сондай-ақ, Меркі қант зауытының директоры Н.Қарғабаев та семинарға қатысып, өз білгенімен бөлісті.
Семинар барысында білікті мамандар, қант қызылшасынан алынған өнім көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруалар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қызылша егудің қалтарыс-бұлтарыстарын, одан табыс табудың тиімді жолдарын атап өтті. Біздің мақсатымыз – осы. Яғни, аудан тұрғындарына қант қызылшасынан түсетін табыстың және бұл бағытқа мемлекет тарапынан қолдаудың үлкен болып отырғанын түсіндіру. Ең маңыздысы — тұрғындар тәтті түбірдің стратегиялық маңызы зор шикізат екенін және бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін білуі қажет.
Айта кету керек, аталған оқу семинары ауданымызда 4 ай бойы жалғасатын болады. Осы аралықта шаруалар қант қызылшасын өсіру бойынша 12 сабаққа қатысып, біліктіліктерін арттырып, тың ақпараттарға қол жеткізбек. Сондай-ақ, дәл осы бағытта үлкен көрсеткіштерге қол жеткізген шаруалармен еркін форматта сұрақ-жауап алмасады. Бүгінгі семинарда да білікті мамандарға түрлі сауалдар қойылды. Одан бөлек, шаруалар Меркі қант зауытының басшылығына Шу қаласынан қызылша қабылдау пунктін ашу туралы ұсыныстарын да жеткізді.
Бұның барлығын бүге-шүгесіне дейін жазып отырған себебіміз – қант қызылшасы алқаптарын молайту мен тәтті түбірді молынан себу үшін аудандағы жер жағдайының жеткілікті екенін түсіндіру болатын. Қызылшаның тамыры суды көп қажет ететін дақылдарға жататындықтан, өңірдегі су ресурсы да жеткілікті екенін айта кету керек. Оның үстіне егіс алқабына бұрынғыдай суды жайып жіберіп, ысырап қылудың да еш қажеті жоқ. Қазіргі кезде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиялары арқылы суды үнемдеп пайдалануға әбден болады. Сол себепті де қант қызылшасын егуге бетбұрыс жасауға шақырамыз.