АҚБӨКЕН НЕГЕ КИЕЛІ?!…..

— Адам ата жерге түскенде, оның жүзін бір көруге күллі жануар ынтық болыпты. Солардың арасынан алғаш көрген ақбөкен екен. Адамды көру үшін Торғай даласынан Жида тауына тоқтамай шауып, 7 күнде жетіпті. Адам ата мен Хауа ана тау етегіне отау тігіп, тіршілігін бастап жатыр еді. Ақбөкеннің тұяғы тасқа қажалып, шаршап-шалдығып ақ отауға жеткенде, сүрініп құлады. Адам оны көтеріп, үйіне әкелді. Аузына інжір жапырағын берді. Мейірленіп, тұмсығынан сипайды. Пайғамбардың аяулы алақаны тиген соң, киіктің тұмсығына сымбат бітті. Екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреп шыға келді. Жауырынын саусағымен тарағында, денесінен жұпар аңқыды. Тұяғына мүбәрәк қолы тигенде, қасиет дарыды. Желден желгір болды. Мүйізіне мың бір дертке ем болатын қасиет қонды. Пайғамбардың алақаны беліне тиіп еді, олда құдіретке толды. Буаз кезінде елігінің жынысын қалауына сай өзгерте алатын жануарға айналды. Киіктің арнайы келісіне риза болған Адам ата:
-Жануарым, бұйымтайың болса айт! Тәңірден дұға тілеп, мұқтажыңды өтейін,-деді. Сонда ақбөкен:
-Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөлі төліме ауырлық етіп, қоң жинай алмай қиналады. Осыған бір шара болса,-деді көзі мөлдіреп. Адам ата Жаппар Хаққа киіктің арызын жеткізді тілегі заматта қабыл болды. Содан бастап Алланың құдіретімен киік төлдер кезде бетпақ далада шыбын-шіркейді шығартпас суық тұрады екен. Бұл «Құралайдың салқыны» деп аталды. Сол мезгілде қасқырдың да киікке деген тәбеті тыйылады. Құралайлар көшке ілескенше оған жақындай алмайды екен. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шықты. Ол тек ақбөкен төлдер кезде ғана көгеріп, көктеп, кішкене лақтарға азық болады деседі. Ақбөкен Адам атаны көріп, қолынан жем жеп, мұраты орындалған соң Сарыарқаға қайытпақшы болды. Сол кезде Адам ата оған:
Сахараға сән болып,
Құт пен кие мән қонып.
Өсіп -өнсін нәсілің-
Бір Құдайым жар болып.
Аллам өзі қолдасын!
Бар бәледен қорғасын!
Саған залал келтірген
Арамзалар оңбасын!
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге
Ырыс дарыт, Ақбөкен!-деп батасын береді. Осыдан соң, киікке кие бітіп, қасиетті түз тағысы саналыпты. Оны нақақ өлтірген қаскөй, Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар. «Киіктің де киесі бар, Парғамбардай иесі бар» деген сөз осыдан қалыпты………………….

Отбасы хрестоматиясы