НЕМЕРЕ

Әр айдың жиырма бесінде телефон шалатын. Күнде сөйлесіп жүрміз ғой, бірақ, бұл жолғы әңгіменің не жайлы болатынын екеуміз де білеміз.
—Балам, ана қыздың пәтерақысын төлейтін уақыт болды. Жібере алмасаң, жағдайың болмаса өзім—ақ пенсиямнан төлейін…
«Ана қыз» дегені —немересі Аружан. Кішкентайынан анам бауырына басып, өзі баққан. Қазір студент. Қаланың сыртында тұратындықтан сабаққа үлгере алмай, үш—төрт қыз пәтер жалдап тұрады. Әкесі (менің бауырым) қайтыс болған.
—Пенсияңызды өзіңізге жұмсаңыз, —деймін әр жолы, —Төлеп беремін, қазір жіберемін.
Аружанның да апасы десе шығарда жаны. Студент болғалы бір—екі күндік демалыстың өзінде ауылға, апасына тартып отырады. Құшақтап қойнына жатып, мауқын басып оқуына оралады.
… Анам аяқ астынан қайтты ғой. Жылап жүріп Аружанын естен шығарыппын. Өз—өзіме келген соң тауып алдым. Өзімен өзі бір бұрышта мұңайып отыр екен. Жұбатқан болдым.
—Қызым, —дедім шашынан сипап отырып, —Апаң кетсе де мен сені қарап жүремін. Айтпақшы, осы айдың жиырма бесінде есіме сала салшы, ана пәтерақыңды төлеп тастаймын…
—Әуре болмаңыз, көке! Апам соңғы пенсиясынан екі айды бір—ақ төлеп тастаған. Ар жағы каникул ғой…
Жүрегім езіліп қоя берді. Қайран шешем! Ана дүниеге кетіп бара жатып немересінің пәтерақысын төлеуді ұмытпаған… Кететінін сезген ғой…

Арман Сқабылұлы .