Қазақтың соңғы ханы
КЕНЕСАРЫ ҚАЗАСЫНА – 170 ЖЫЛ
Реті келіп тұрған соң айта кетелік, Шоқан Уәлихановтың дерегі бойынша, Абылай ханның 12 әйелінен артында 30 ұл, 40 қыз қалған. Қазіргі Абылай әулетінен тараған, төре тұқымдары — солардың ұрпақтары және олар ешқашанда Қазақ Елінен ажырамаған.
Абылай ханның ұрпақтарының тағдыры, өзінің қазақ деген халқы сияқты, қай кезде болса да оңай болмағаны анық. Егер қазақ халқын мызғымас Шың (пирамида) деп санасақ, сол Шыңның үш қабырғасы (жүзі) қазақтың үш жүзі десек, Шыңғыс ханның қазақ бұтағы, төрелер, үш жүзге ортақ! Қазіргі күнде ата-тегі хан Шыңғыстан басталатын қазақтың сүбелі руының бірі. Біреуге жиен, біреуге нағашы, яғни қазақ төрелері өзінің қазақ елінен ешқашанда бөлініп көрген жоқ! Қазақ халқының басынан өткен аумалы-төкпелі күрес кезеңдерді заман қойнауындағы қым-қиғаш тарихи оқиғаларды салыстыра бағамдағанда, еліміздің «маңдайының соры бес елі болған» кезеңдерді көптеп көреміз. Сондай қиын кезеңдердің ойлы-қырлы белестерінің бірі Абылай ханның немересі, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырып, қолбасшылық жасаған тұстары екендігі белгілі. Хан Кенесары — Абылай ханның ұрпақтарының бірі емес, бірегейі. Әрине, маған бабам хан Кенесары туралы жазу оңай болмай тұр. Бірер жорналшы азаматтарға айтып едім, менің ұсынысыма тартыншақтап, шын ынтамен иіле қоймаған соң, шамам келгенше, ойым жеткенше өзім жазайын деп тәуекелге бел буып отырмын.
Биыл Хан Кененің шейіт болғанына 170 жыл толады. Осы жайында хан ұрпақтары мен алдыңғы қатарлы елдің ізгі ниетті бір топ азаматтары ой қорытып, өмірлерінің ең соңғы кезеңдерін осы оңтүстік өңірде өткізген жалғыз Хан Кене емес, оның үзеңгілес, бірге опат болған адал серіктері, батыр-жауынгерлерінің рухтарына арнап, қасиетті Тараз қаласында тамыз айының бірінші жартысында Құран бағыштап, ас берсек деген ұсыныс-шешім қабылдаған едік. Кенесары хан өз ұрпақтарына ғана керек емес, барша қазаққа қажет, тарихи ортақ, ұлы тұлға! Көзі қарақты ел азаматтары соңғы ханымызды ешқашанда ұмытпайды! Қазақ елі егемендік алған соң, Кенесары жайында білгісі келгендер қатары күннен-күнге артуда. Осыған орай, қысқаша ғұмырнамасына тоқтала кетейік.
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. 1847 жылы Қырғызстандағы, оңтүстік Жетіжал алабындағы «Кекілік-Сеңгір» аңғарында, Тоқмаққа жақын жерде қырғыздармен болған шайқаста қолға түсіп, қайғылы қаза тапқан мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі және қазақтың соңғы ханы (1841-1847). Шежіре бойынша, Шыңғыс ханның 20-шы ұрпағы, Абылай ханның немересі. Атақты Абылайдың қалмақ қонтайшысы Галдан-Сереннің туысы Хошу мергеннің қызы, Топыш ханымнан дүниеге келгені белгілі, Қасым сұлтанның ұлы. Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды — Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопы және батыр қыз Бопай ханша), екінші әйелінен Наурызбай батыр туған. Үлкен аталарымыздың айтуы бойынша, хан Кенесарының жеке басында, атабабадан келе жатқан тектіліктен де басқа, айрықша нышандары мол болған. Солардың суреттеуі бойынша, былай айтылушы еді:
«… орта бойлы, денесінде артық арам ет жоқ, құж мойын адам еді. Күн қаққан бетінде танауы желбезек қағып, қыран көздері, ақылының айнасы, жалт-жұлт етіп, шоқ сияқты жанып тұратын, аз сөйлейтін, жүзі сабырлы, езуінде әрқашан мысқыл ұялап тұрғандай сезілетін. Бет-бейнесі қаһарлы болатын, бар тұлғасынан тектілік байқалатын».
Кенесары өзге бауырлары секілді көшпеліәскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай, жастайынан шабандоз, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеткейлігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігерін, оның жетекшілік қабілетін айналасындағылар ерте мойындаған. Ресей империясының күшейе түскен отарлау саясатына наразы болған Кенесары, ағасы Есенгелді, Саржан бастаған азаттық қозғалысына 23 жасынан бастап белсене қатысады. Олар аярлықпен қаза тапқаннан кейін, Кенесары қазақ халқының дербестігін қалпына келтіру жолындағы ұзақ та ауыр күресін бастады. Абылай хан ұрпақтары Кенесарыға дейін де ұлт-азаттық көтерілісіне талай шыққан болатын. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ ол үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 жылы Қоқан билеушісінің нұсқауымен Кенесарының бауырлары Есенгелді, Саржан бірталай жігіттерімен бірге өлтірілді. 1840 жылы әкесі Қасым төре де солардың қолдарынан қаза тапты. Міне, содан соң, Кенесары Қасымұлы қолына қару алып, жауынгерлік атқа қонып, Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды көздеді. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары, үш жүздің өкілдері бас қосқан арнайы жиында Қазақ халқының ханы болып, ескі дәстүр бойынша ақ киізге көтеріліп, хан сайланды. 1847 жылы 17-25 сәуірде Тоқмаққа жақын жерде қырғыздармен болған шайқаста қаза табады. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді. Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде мәңгі қалды. Оның әкімшілік және сот реформаларын жүргізгені, биліктің орталықтандырылуын күшейтуге тырысқаны, өз әскерін заман талабына сай қайта құрғаны, артиллерияны қолданып, әскери тактиканы дамытқаны, қатал тәртіпке бағынған, ұтқыр тәсілдерімен әрекет ететін әскер бөлімдерін құра білгені сол кезде-ақ әділ бағасын алды. Орыс отарлаушыларын шошытты. Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары — Наурызбай» дастаны, 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. ХХ ғасырдың 30-жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары І.Есенберлин «Қаһар» тарихи романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 жылы «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дереккөз ретіндегі маңызы зор. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан, Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес өкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған үлкен тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов («XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан», М., 1947) саяси қуғынсүргінге ұшырап, 25 жылға сотталды. Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң, жаңа қарқынмен қолға алынды. Тарихшылар (Ж.Қасымбаев т.б.) өз зерттеулерін жариялады.
2002 жылы Кенесарының туғанына 200 жыл толуына орай, халықаралық ғылыми конференция өтті және «Кенесары хан» атты деректі фильм шықты. Астана қаласында ескерткіш қойылды. Ресейге қарсы күресте Қасым төренің ұрпақтарының, әсіресе даңқты Садық (Сыздық сұлтан) сұлтан Кенесарыұлының орны ерекше. Садық сұлтан саналы түрде өмірінің негізгі бөлігін Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күреске арнады. Бірақ ұзақ жылға созылған айқаста күш тең болмай, Орталық Азиядан Қашқарға өтті. Садық төре Қашқарда Қытай отаршыларына қарсы соғыстарға да қатысты. Ақыры ауыр жараланып, «барар жер, басар тауы» қалмаған соң, амалсыздан Ресей билігін мойындауға мәжбүр болды. Орыс билігіне «ұсынған басты қылыш кеспейді» деп хат жазып, Пішпек бекінісінде кеңшілік жарияланды. Онда Созақ бекінісі маңына орналасуға рұқсат берілді. Осымен даңқты Қасым сұлтанның аты аңызға айналған ұрпақтарының Ресей отаршыларына қарсы күресі аяқталды. Бірақ осы күрестер белгісіз кеткен жоқ, әрқашанда тәуелсіздікке ұмтылған әрбір қазақтың жүрегінде сақталып қалды. Осы тұрғыда Жамбыл облысы мен Тараз қаласының әкімдері, ханның шейіт болғанына Құран бағыштап, ас берердің алдында, Кенесары ханның қасиетті күресінің мән-мағынасын толықтай тану үшін мынандай мәселелерге көңіл бөліп, көмек көрсетсе екен деген тілегіміз бар:
1) 2017 жылы Кенесары ханның шейіт болғанына 170 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылса;
2) Жамбыл облысының аумағында хан Кенесары атында бірде-бір елді мекен, көше, мәдениет үйі немесе оқу орындары жоқ екен. Осы мәселе қолға алынса;
3) Жамбыл облысының көрнекті бір жерінде Кенесары ханға ескерткіш қойылса;
4) Ғылыми конференцияның материалдары ас берілер алдында жеке жинақ ретінде шығарса деген ұсыныстарымыз оң шешімін табар деп үміттенеміз.
Сөз соңында қайталап айтарымыз, Жаратқан Иеміз бұйыртса, биыл қазақ халқының соңғы ханы Кенесарының шейіт болғанына 170 жыл толады. Осыған байланысты қасиетті Тараз қаласында, тамыз айының бірінші жартысында Хан Кенеге және онымен бірге шейіт болған батырларының рухтарына арнап Құран бағыштап, ас берілсе деген хабар таратып, сауын айтамыз! Осы қасиетті іс-шараға қатысамыз, өткізілетін халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, мақалалар, зерттеулер жинағын кітап етіп шығаруға көмек көрсетіп, қол ұшын береміз дейтін абзал азаматтар болса, осы іс-шараларды ұйымдастырушы ретінде бізбен хабарласса деген тілегімізді айтамыз.
Мәскеу Нокрабеков, журналист.
Сұлтан, Аман Шота,
«Тезек Төре» қорының Төрағасы,
«Дүниежүзілік Шыңғыс хан Академиясының» академигі,
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы