Берікқара

Берікқара өңірі өзінің сұлу табиғатымен, жаратылысымен келушілерін баурап алатын жер. Берікқара Қаратаудың бек бөлік шатқалында ұзыны үш-төрт шақырым, жоғарыдан төмен түскен қараңғы құз, қуыс құлама шатқал. Шатқалды қуалай бұлақ суы ағып жатыр. Шатқалдың екі жағы аспанмен тірескен қатпар- қатпар тас қамал. Екі жағы биік тау. Осы екі тау қуысымен өткен желдің қуаттылығы сонша, осы желге тап келген адамды астындағы атымен бірге аударып тастайды.

Берікқараға байланысты осы өңірде көктем, күз айларында тұратын алапат желдің атын да жұрт осылай атайды. 2013 жылы 12 қаңтарда болған қатты боран соның бір дәлелі. Сонда көптеген үйлердің шатырларын ұшырып әкетті. Терезелерін тас сындырып, үйлеріне тас-құмды үйіп салған болатын. Бірақ бұл жел үнемі болып тұрмайды.

Берікқара Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1971 жылғы 7 желтоқсандағы №672 қаулысымен Берікқара қорығы болып бекітілді. Оның жер көлемі алғашында 3,11 мың гектар болатын. Кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен жер аумағы 17,5 мың гектарға кеңейтіліп, «Берікқара шатқалы» мемлекеттік табиғи қорықшасы деп жарияланды. Ол Жуалы ауданының мемлекеттік орман қоры жерінде орналасқан. Бұл жерде Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген Берікқара терегі, кәдімгі пісте, Недзвецкий алмасы, ылғал сүйгіш шаған, қызғалдақтардың бірнеше түрі, жерсабын, рауғаш, жуаның бірнеше түрлері, тағы басқа сирек кездесетін өсімдіктер кездеседі.

Берікқара жаугершілік заманда еліне шарапаты тиген батыр Берік есімді жігіттің атымен қойылған деген де жорамал бар. Ол тоған қазып, егінге су шығарған-мыс. Жаумен болған шайқастарда ерлік те көрсеткен. Бұл туралы жазушы Кәрім Баялиев «Жаңарған Жамбыл өлкесі» атты кітабында Беріктің батырлығы туралы жақсы баяндалған.

Шатқалда жеміс-жидектің алуан түрі бар. Ондағы ағаштардың жуандығына құшақ жетпейді. Көбі екі-үш ғасыр жасаған ағаштар. Берікқараның табиғаты қоңыр салқын. Онда шыбын-шіркей, маса жоқ. Міне, аумағы алақандай Берікқара қасиетті жер.

Ақ жол газеті