РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ЖАРЫСЫНДА ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР 14 – ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН «ЕҢ ҮЗДІК КОМАНДА» АТАНЫП КЕЛЕДІ

   Республикалық ғылыми жобалар жарысында Жамбыл облысы оқушыларының командасы 14 – жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алуда. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы  Мейірхан Өмірбек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша Республикалық, халықаралық байқаулардың нәтижесінде Жамбыл облысының оқушылары 359 медаль жеңіп алды (І орын – 78, ІІ орын -104, ІІІ орын — 177). Оның ішінде 65-і Халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың үлесі.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша  9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасына 32 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» болып танылып, жүлделі І орынды иеленді.

Сондай-ақ, облысымыздың Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан ағымдағы жылдың 5-13 шілде аралығында Жапония мемлекетінің Тиба қаласында өткен Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иеленген болатын. Бұл жетістігі үшін Марғұланға Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, дарынды математикті дайындаған педагогке қола үшін — базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде төленді.

Ал, 2023 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 100 үздік  мектептердің ресми рейтингінде Жамбыл облысының 7 мектебі енгізілді,»- деді сала басшысы.

Сондай-ақ, аймақта жыл аяғына дейін 8 мектеп пайдалануға берілмек. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселелер де оң шешімін тауып келеді.

«Өңірде үш ауысымды, оқушы орын тапшылығы бар және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында ағымдағы жылы 11500 орындық 28 нысанның құрылдысына бюджеттен 28 млрд. теңге қаржы қарастырылған.

Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектептің құрылысы жүргізілуде (Байзақ ауданы 600 орындық 1 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5000 орындық 4 мектеп).

Нәтижесінде, оқушы орын тапшылығы бар 12 мектеп, үш ауысымды оқытатын 4 мектеп, 2 апатты мектеп және 5 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілуде.

Оқу жылының басында 3 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 мектеп пайдалануға беріледі»,-деді Өмірбек Азатұлы.

 

Жамбыл облысы