Ібіліс сиқыры (Әңгіме)

Бүгін мына әңгімемді тағы да «ЕлАнаға» ұсынуды жөн көрдім. Басқа сайттар сияқты емес бұл сайт көркем дүниелерді жариялап тұрады. Өте дұрыс. Ал мына әңгімені сөзсіз оқыңдар. Мұндағы кейіпкерлер өмірде бар, шынайы адамдар. Өздеріңіз білесіздер біздің жастарымыз басқа ағымдарға кетіп, ата-анасынан, отбасынан алыстайды. Мыңдаған, он мыңдаған… Шошисың. Неге олар кетіп жатыр? Олар ібіліс құлдарының сиқырына ұшырағандар. Яғни гипноздалған! Бұл әңгіме сол зұлматтан құтқарудың жолын айтады. Мен үшін емес, балаларыңыз үшін оқыңыздар.       

***************                                                                                         

    Қос құрбы сәби кезінен бірге өсті. Ес біле бастағаннан балабақшаға бірге барды. Әрине, патшалар елінде болған кездердегі барлық бастан кешкен оқиғалары олардың есінде қалды деп айту қиын. Бірақ мына бір оқиға екеуінің өмірінде ұмытылмастай болып қалып қойды. Кейін оны құрбылар жиі еске алып, өздерінше мәз бола күлісіп рахаттанушы еді.

    Жаздың жаймашуақ күндері болатын. Райхан мен Гүлназдың бес жастан асқан кезі. Жазда ауыл балабақшасы екі айдай демалысқа кететін. Мұндай кездері бірі әңгелектей сап-сары, екіншісі қарама-қарсы қап-қара қыз ойын базарын қыздыратын. Бір қызығы екеуі де ұйқысынан ояна сала бірін-бірі іздейтін. Әлбетте күні бойғы үзіліссіз ойын оларды сілелетіп, кешкі тамақтарын ішер-ішпестен отырған-отырған жерлерінде құлай кететін еді. Ата-аналары бөбектерінің бұнысына мәз бола күлісіп, кір-кір күйлерінде төсектеріне апарып жатқызатын. Шаршағандары соншалықты олар тырп етпей күн арқан бойы көтерілгенше ұйқыны соғады…

    Қызық оқиға болатын күні екеуі де мамалары сары май жаққан ыстық тапа нанды асығыс-үсігіс асап жеп, оны хош иісті сүтпен итере ішіп далаға ұмтылды. Әнеки, екеуі қол ұстаса ауылдың шетіне қарай кетіп барады. Кеше қос дос осылай келіскен. Бет алған жақтары тура ауылдың іргесінен ағып жатқан Қобда өзені. Өзен көктемде кемерінен аса толқындана аққанмен жазда суы азайып, табандап жылап ағатын. Биыл да солай. Кішкентай қыздар үшін өзен жағасында ойнау ғажайып бір әлемге сапар шегумен бірдей еді. Құмшауыт жағада қала соғады. Балабақшадағы апайларының айтқан ертектеріндегі әдемі қаланы екі дос зор қызығушылықпен соғатын. Ханның сарайы, үйлер, көшелер дейсің бе, бәрі-бәрі бар. Кешегі соққан қаласын біреулер тас-талқан етіп бұзып кетіпті. Екеуі кәдімгідей ренжіп қалды.

    − Кеше біз кетіп бара жатқанда Әнеш пен Самат жүрген. Солар бұзған ғой. Қазір келсе сабап аламыз, − деді Райхан ызалана қолындағы шелегін, қуыршақтар салған дорбасын тастай салып.

    − Иә, иә, сол бұзықтар. Жо-жоқ, Райхан, қарашы, мынау арбиған үлкен адамның ізі ғой. – Досының көрсеткен ізіне жалма-жан үңілген Райхан басын изеді.

    − Олар кімдер сонда? Біздің қаламызды бұзған? Әлде мына өзеннен шыққан перілер ме?

    Жаңа ғана ызаланып тұрған Гүлназ сықылықтап күліп жіберді.

    − Перілердің аяғы болмайды ғой.

    − Рас, рас, олардың балыққа ұқсаған құйрықтары бар деп апай айтып еді ғой. Енді не істейміз?

    − Қайтадан үлкен қала соғамыз. Бүгін біз қуыршақтарды көп әкелдік. Солар көмектеседі. – Гүлназдың зор сеніммен айтқан бұл сөздері досына жігер берді.

    − Жәрәйді. Алдымен шелекпен су әкелейік.

    Екі дос көп ұзамай жаңадан қала соғуға қызу кірісіп кетті. Бәлкім түске дейін ол қаланы бітіріп тастар ма еді, кім білсін. Жұмыс қызып жатқанда Райхан кенеттен Гүлназдың бүйірінен түртті.

    − Гүл, Гүл, әнең қара! Біздің қаламызды бұзған жабайы адамдар келеді, − деді ол үрейлене сыбырлай сөйлеп.

    − Қайда? – Гүлназ қорыққаннан селк ете қалды.

    − Әне, әне! – Шынында да ауыл жақтан өңірлерін сақал жапқан үш адам бұларға қарай келе жатыр екен.

    − Сол, солар. Біздің ауыл бұларды жек көреді. Басқа дінге кіріп кеткен сатқындар дейді. Жаман адамдар олар!

    − Жүр, қашамыз.

    − Қайда?

    − Әнеу тоғайға қарай. Жардың көлеңкесімен барып тоғайға кіріп кетеміз. Олар көрмей қалады.

    − Кеттік! – Олар заттарын апыл-ғұпыл дорбаларына сала-мала жарды сағалап жүгіре жөнелді. Қанша қатты жүгірсе де тоғай жеткізе қоймады. Түу, жетті-ау дегенде әбден ентігіп шаршап қалды. Олар шаршаса да бойларын үрей буып жүгіре берді, жүгіре берді. Олар жүгірген сайын тоғай да қалыңдай берді. Жабайы адамдардан әбден ұзадық деп ойлаған олар кілт тоқтады. Екеуінің де екі иіндері көтеріліп-басылып ентігіп тұр.

    − Олар қалып қойды. Қорықпа, ханша! – Гүлназ досын осылай үнемі еркелетіп айтатын. Өзі қорқып тұрса да досының көңілін жайландырғысы келді. Қанша ентігіп шаршаса да досының бұл сөзі Райханға зор жігер бергендей. Құлағын тігіп, артына қарады. Ағаштардың сыбдырлағаны, құстардың сайрағаны болмаса айнала тыныштық құшағында еді. Екі дос отыра-отыра кеткен. Биік-биік ағаштар да: «Қорықпаңдар, біз сендерді қорғаймыз!» дегендей ұшар бастарын шайқап-шайқап қойды. Бір жағынан тынымсыз жұмыс істеп қала соққан, екінші жағынан бірнеше шақырым жүгірген екі кішкентай қыз әбден шаршаған болатын. Тіптен олардың сөйлеуге де шамасы жоқ еді. Дорбаларын жастанып жатып тыныштық әлдилеген екеу әп-сәтте қалғи бастады. Сәт өтпей қалың ұйқыға кетті…

    Қызық болғанда екеуі де бір сарындас ұқсас түстер көрді. Әлгі жабайы адамдар қуып жетіп алып, бұларға пышақтарын кезеп-кезеп тұра қалысты. Енді біреуінің түсінде сақалдылар адам жегішке айналып, ауыздарын арандай ашып төніп келе жатты. Бір ғажабы екеуі де бірдей қорыққандарынан шыңғырып, ұшып-ұшып тұрысты.

    − Қайда, қайда олар? – Осылай десіп қос қыз бір-біріне қарады. Екеуі де көздері алақ-жұлақ жан-жақтарына қарап, қалш-қалш етеді. Алғашқыда әрине, қайда жатқандарын білмеді. Ал білген кезде одан сайын қорқып, бақырып жылап жіберді. Бір-біріне қарап қойып жылайды дейсің келіп! Тоғай екеуінің шырылдаған дауыстарын қомағайлана жұтып, биік-биік ағаштар қиналғандай бастарын қайта-қайта шайқасты. Бұлардың жылаған себебі де түсінікті еді. Қалың тоғай. Қараңғылық үйірілген ақшам кезі болатын. Үрейлі ме, әрине, үрейлі. Қашанғы жылай берсін, екеуі де тоқтап, ықылық атып тұр. Гүлназ бен Райханның бастарына бір-бір ой түсті де, селк ете түсті.

    − Бұл тоғайда қасқыр көп деген!

    − Бұл тоғайда жын-шайтан бар деген!

    Осылай екеу сыбырласа сөйледі. Бірақ бәрін де естіді екеуі. Бір-бірін құшақтап үрейленген екеуінің жүректерінің лүп-лүп соққаны да естілді.

    − Тез кетуіміз керек!

    − Тез ауылды табуымыз керек!

    Осы сөздерді айта-майта олар құшақтарын жазып, дорбаларын жалма-жан көтеріп алысты. Кішкентай қолдар мықтап айқасты. Сүріне-қабына олар бет ауған жақтарына қарай тез-тез басып жүріп кетті. Көп жүрді. Алайда тоғай таусылудың орнына қалыңдай берді. Ол қалыңдаған сайын жүру де қиындай түсті. Ал уақыт өткен сайын қараңғылық та қоюланып, айнала қорқынышқа толды. Қайта-қайта әлдебір түбіртектерге сүрініп құлай берген соң, біржағынан қараңғылықтың қап-қара пердесі маңдайларынан кері итергендей болғаннан кейін тоқтауларына тура келді. Тоқтап, бір-бірімен құшақтай отырысты. Отырғандары сол еді, масалар ызыңдай екеуін тауып алды. Масалар кішкентайлардың нәзік те жұп-жұмсақ денелерінің ашық жерлеріне қонып, қанын сора бастады. Әлсіз, әлжуаз жандардың жан жақтарынан небір қорқынышты, небір қауіпті құбыжық нәрселер лап бергені-ай! Екеу дорбаларын жастанып тастай құшақтасып жатып алды. Жылап жатыр, жылап жатыр. Олар әбден шаршап, бір жағынан қарындары ашып әлсіреп ұйықтап кеткендерін сезбей қалды…

    Түнімен ұйықтамаған олардың ата-аналары таң атпай ауылдың бүкіл адамдарын тік көтерді. Түске таман қыздарын әрең тапты. Әбден әлсіресе де, әбден қарындары ашса да ілбіп жүре берген екі досты тоғайдан шыққан кезде шөп шабушылар көріп қалыпты.

                                                                                  ******************

    Бұл оқиға екі құрбының достықтарын одан сайын нығайтты. Балабақшадан соң қол ұстасып мектепке бірге барды. Екеуі де әдемі, сұлу, ақылды болып өсті. Оқуда озат, сыныптарында белсенді, беделді болды. Жұптарын жазбай жоғары оқу орнына түсті. Міне, осы кезде екеуінің өмірлерінде бетбұрыс басталды. Махаббат қой дейсіз ғой. Ол да бар. Бәрі де сол махаббаттан бастау алды. Гүлназдың әке-шешесі қызмет бабымен қалаға көшіп келді. Бұл екі досты айырған жоқ. Досының өтінішін тастай алмай Райхан да жатақханадан оның үйіне көшіп алды. Алдымен махаббат «ауруына» Райхан ілікті. Автобуста әдемі жігітпен танысып қалды. Әділханның жүзінен қыз бір ғажайып мейірімді сезді. Үнемі жымиып тұратын биязы жігіт Райхан мен Гүлназды сабақтан соң бірнеше рет күтіп алып бірде мейрамханаға, бірде кинотеатрға апарды. Кинотеатрға барарда досымен келіпті. Сәбит есімді жігітіміз Гүлназды өзіне бірден баурап алды. Жастардың таныстықтары біртін бірге ыстық сезімге ұштасты. Олар бір-бірімен жиі-жиі көрісетін болды. Ең ғажабы қос жігіт намаз оқиды екен. Нәзік жүректері махаббатқа шомылған қос қыз да көп ұзамай Алланың нұрына бөленіп, сол қасиетті жолды таңдады. Олардың төртеуі де бақытты еді. Енді отбасын құрамыз деп жүргенде аяқ астынан олар кесапатты әлемнің есігін кездейсоқ ашып, аржағындағы шайтани сиқыр шыңырауына біреулері қайта шыға алмастай біржола түсіп кетсе, енді бірі соның қанды құрсауынан шыға алмай көпке дейін азаптанды.

    Соңғы кездері биязы мінезді қос жігіттің шырт мінезді, ашуланғыш болып бара жатқанын қос қыз бірден аңғарды. Көп ұзамай екеуі де сақал қойды. Жап-жас жігіттер сақал қойған соң сыртқы келбеттері байсалды адамдарға айналғанымен мінездері аумалы-төкпелі болып өзгергеніне қыздар таң қалды. Әлбетте олар сүйгендерінің мұндай өзгеріске қалай түскенінің сырын білгісі келіп, екеуі екі жақтан сыр ұштықтарын тартқылады. Олардың әңгімелерінен ұққандары бір қарау күштің мұсылмандарды қорлап, зорлық-зомбылық жасап қырып жатқандығы. Олардың Сирияда болып жатқан сұрапыл соғысқа алаңдайтындарын байқады. Бұрын бұлардың өзара әңгімелерінің тақырыптары сан алуан болатын. Енді жігіттер тек мұсылмандар жайлы, Таяу шығыстағы олардың бастан кешіп жатқан алапат қиындықтары, оларға көмекке бару қажеттігі жөнінде жиі-жиі айтатын болды. Қыздар шошиын деді. Бірде олар өздерінің бұл өзгерістері жөнінде мазасызданып сұрай берген соң сүйіктілеріне: «Ғаламтордан Сайфулла Шишанидың үндеуін оқыңдар» деді.

    Тауып оқыды. Оқып еді, бұлардың да ішкі жан дүниелері өзгеріп шыға келді. Қыздар енді жігіттері айтқан әңгімелерден шошымай, қайта Сирияда қырылып жатқан мұсылмандар туралы естігісі, білгісі келетін жағдайға жетті. Бұл қалада салафи бағытын ұстаушылар көп. Олар қатарларына жастарды көбірек тартып жатқанын көріп қос құрбы олардың аңғалдығына бұрын таң қалатын. «Ханафи мазһабы біздің дініміз ғой. Олар неге өз дінін сатып жіберді?» деп екеуі ренішін жасырмай сыр шертісетін. Енді мінеки қайдағы бір үндеуді оқимын деп бұлар да сол сатқындардың қатарына қалай кіріп кеткенін байқамай да қалды. Екеуі енді таласа-тартыса Сирия туралы ақпараттарды ғаламтордан оқығанды жандары қалайтын. Сабақтан соң Әділхан мен Сәбитті қоярда қоймай іздеп тауып алып, солар арқылы салафилердің бағытын ұстаушылармен танысты. Солар арқылы жандары рахатқа бөленетін көп жайларға қанығып, Сирияға баруға деген ынталары арта түсті. Ақыры бұлар өзара келісіп Сирияға кететін болып шешті. Сол жақта некелерін қиюды мақсат етіп қойды. Жігіттері ол жақпен хабарласып, құпия түрде кететін күндерін белгілеп, керек-жарағын дайындай бастады. Әке-шешелеріне Түркияға тіл үйренуге баратынын айтып, біраз ақша да жинап қойды. Олардың ойларында мұсылмандарға көмектесу жайында от маздап жанып тұрды. «ВК-дағы» бейнероликтерді көрген сайын олардың тіптен шыдамы таусылды.

    Ақпан айының бір күнінде төртеуі ұшаққа билет алып, тап-тұйнақтай дайын болып, кетуге жиналды. Қырсыққанда кететін күннен бір күн бұрын Райханға әкесі қоңырау шалды. «Анаң хал үстінде. Тез келмесең болмайды» деді ол қинала сөйлеп. Райхан бұл хабарды естіп жылап жіберді. Шешесін аяғаннан емес, Сирияға кете алмағанына қатты налыды. Себебі оның достары, сүйіктісі Сирияға аттанып кетті. Райханның іші удай ашып, жынданып кете жаздады. Амал жоқ ауылына аттанды. Келсе анасы дін аман. Жымия күліп қарсы алдында тұр. Жанында әкесі, бауырлары қаздай тізіліп құшақтарын жаяды. Мұны көріп Райхан шынымен жынданды.

    − Немене сендер менің тағдырыммен ойнайсыңдар? Өңшең өтірікшісіңдер. Алладан қорықпайсыңдар ма? Мені мазақтауға кім сендерге құқық берді? Сендер зұлымсыңдар! Ана жақта мұсылмандар қырылып жатыр. Ал сендер болсаңдар жайбарақат еттеріңді жеп, шайларыңды ішіп мамыражай жүрсіңдер. Әй, сен екеуің, − саусағын әке-шешесінің көкіректеріне кезек-кезек найзағайдай сұққылады, – дінсіз кәпірсіңдер! Мына балаларың сендерден не үйренеді? «Жайсыз түс көрдім» деп өтірік алдап, менің маңызды сапарымды болдырмай тастадыңдар. Сендер тәрізді өтірікшілерді, мұсылмандықтың жолын ұстамайтын кәпірлерді енді мен ата-ана ретінде қабылдамаймын. Мен үшін сендер өлгенсіңдер! Сирияда жиһад жолында қырылып жатқан мұсылман бауырлардан сендер садаға кетіңдер. Кеттім! Енді мен сендерден біржола кетемін. Мені енді іздемеңдер!

    Балаларының ішіндегі ең қамқор қызы, жүрегі жұмсағы, мейірімдісі, ең жанашыры, бауырмашылы, саналысы, сезімталы Райханды осы сәт әке-шешесі, бауырлары танымай қалды. Олардың алдында мүлдем бөтен, дөрекі, зұлым, қарау жан тұрды долданып. Олар өз көздеріне сенбей қарап, ескерткіштей қатты да қалды. Райхан сол келген ізімен кері бұрылды. Қаздаңдай басып өзінің аяулы жандарынан баз кешіп, ұзай берді. Олар есін жиғанша оны осында әкелген таксиіне мініп, қар басқан далаға әп-сәтте сіңіп, көзден таса болды. Райханының ақпан айының аязынан да суық сөздері жүрегіне инедей қадалған анасы байғұс «аһ!» ұрып, талықсып, құлап бара жатты…

    Гүлназ, Әділхан, Сәбит сол кеткеннен мол кетті. Әсіресе Гүлназдың ата-анасының алдында Райханға өте ауыр тиді.

    − Іздеші қызымды, тауып берші, − деп анасы байғұс Райханды көрген сайын көздерінен жас тамшылары жаңбырдай төгіліп егіле жылайтын. Олардың қайда, неге кеткенінен хабардар бұл не айтарын білмеді.

    − Келеді, апа! Алаңдамаңыз. Бір жұмыстары болып бөгеліп жатқан шығар, − деп жұбату айтқанмен іштей өз сөзіне өзі сенбеді. Достары туралы бір хабар білмекке ғаламтор әлемін шарлап түнімен ол ұйықтамайтын. Бір күні өзінің ватсабы арқылы бір жігітпен танысты. Оның аты Усуд екен. Ол Сириямен өте тығыз жұмыс істейтін болып шықты. Усуд оның достарын тауып беруге уәде берді. Ол «ВК-ға» кіріп, қызықты бір бейнероликті көруді ұсынды. Әлгі роликті көре салысымен Райхан өзінің жан дүниесіндегі тағы бір өзгерісті сезінді. Сирияға баруға одан сайын ынтасы оянды. Бір қорқыныштысы неге екенін білмейді, Усуд жайлы ойлай беретін. Бірақ одан есі кете қатты қорқатын. Қаншама оны ойынан шығаруға тырысса да шамасы келмеді. Сонда ол не сиқыр? Усуд бұған не істеп қойды? Солай күндер көңілсіз өтіп жатты. Оның уағыздарды тыңдай бергісі келетін. «В контакте» желісінде кілең осындай харажиттердің уағыздары көп еді. Кейінірек Сириядан оралған адамдардың қайғылы өмірлері туралы бейнероликтер көбейе бастады. Бұлар да Райханды бей-жай қалдырмады. Өлгендерді аяп, түні бойы жылайтын. Гүлназ туралы хабар-ошар іздеп қанша тырысса да олар жайлы ештеңе таппады. Райханның әке-шешесі келіп оған жалынып, ауылға қайтуын өтінді. Райхан оларға бет бақтырмады. Долданып әке-шешесін қуып шықты. Дұрысы оның миының ішіне бір құбыжық кіріп алып, Райханды сол басқарып отыратын. Ол өзінің жартылай жынды, жартылай сау екенін кейде аңғарып қалатын да қатты шошитын. Есі кірген кезде өзіне-өзі есеп беріп, өзінің қияли бір әлемде өмір сүріп жатқанын бағамдайтын. Ондай ес жиған кезде «Ислам осындай дін бе еді?» деген сауал мазалап қалады. Екі дүниенің сардары болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттерінің осындай болғанын қалады ма екен?

    Осылай ес жия бергенде әлгі құбыжық ұйқысынан оянып кетеді-ау, сірә, әйтеуір Райхан Сирия әлеміне қайта сүңгіп кетеді. Көңілді, жұмсақ, мейірімді, нәзік жанның орнына әп-сәтте көкдолы, ұрдажық, зұлым, дөрекі, ұрысқақ қыз пайда бола қалатынын қайтерсің. Мұндайда жанын қоярға жер таппайды. Усудтан қанша қорықса да сонымен сөйлескісі келіп тұрады. «Сирияға сені алып кетемін. Дайындала бер» деп ол уәде берген. Бұл әрқашан дайын екенін жеткізуге тырысты. Ақыры бір күні Усуд қоңырау соғып, Сирияға алып кететінін айтты. Бірақ ол бұған тосын шарт қойды: «Менімен үйленесің. Себебі онда жалғызілікті қыздарды қабылдамайды» деді бірден. Райхан алғашқыда шошып кеткен. Алайда ертеңіне миындағы құбыжықтың масадай ызыңдаған ақылын тыңдады да, Усудқа келісімін берді. Райхан сол сәтте өзінің сүйген жігіті Әділханды ойлаған да жоқ. Бірақ келісімін беруін берсе де, жын қағып кеткендей аласұрып бөлмесіне симады. Далаға шығып еді, бәрібір, бәрібір байыз тауып бір орнында тұра алмады. Секіргісі келді, қарқылдап күлгісі келді, өзін-өзі ұрғысы келді. Үйге қайтадан кіріп еді, жалбыраған шашын қос қолдап уыстай ұстап, бытырлата үзіп жұла бастады. Өзін-өзі тырналады. Айқайлап еді, иттің бе, әлде маймылдың ба ырылдаған, шиқылдаған жабайы үні құлағына естілді. Бұл менмін бе, әлде кім деп ойлады сол сәт.

    − Мен кететін болдым. Ура, ура! Мен кететін болдым. Мен бәрін құтқарамын! Ха-ха-ха!

    Бұл қорқынышты дауысты естіп Гүлназдың әке-шешесі, бауырлары далаға жүгіріп шықса бет-аузы, денесі тырналанған, киімдері парша-парша, шаштары алба-жұлба бір қорқынышты құбыжықты көрді. Жақындап келсе, Райхан!

    − Райханжан, саған не болды жаным! Есіңді жишы, − деп досының анасы Бәтима шыр-пыр болып асты-үстіне түсті. Әкесі, жігіт болып қалған балаларының бәрі жабылса да Райханға шамалары жетпей біраз уақыт алысып, жұлысуларына тура келді. Жыртқыш тәрізді ырылдап бұлардың өздеріне жезтырнақтарын арбитып қайта-қайта жанұшыра ұмтылды.

    − Кетемін! Кетемін! Мені жіберіңдер, малғұндар! Сендер кәпірсіңдер! Жіберіңдер мені, жіберіңдер! – дей берген көрінеді ол. Есі кіргенде қол-аяғының байлаулы жатқанын білді де, одан сайын ызаланды. Шошқаша шыңғырып, аузына не келсе соны бопсалады.

    − Молда келді! – деді Гүлназдың әкесі Қадыр осы кезде дауыстай сөйлеп. Молданы көргенде Райхан шайтанды көргендей құртша жиырылып, оған барынша оқты көздерін қадап, тағы да балағаттап, оны қарғай бастады.

    − Кет! Кет! Маған жақындама, әй, шайтан! Әнең қара, қос мүйізі бар. (Сықылықтап күлді.) Ешкіден аусайшы. Сақалын қараңдаршы! Жақындамасыншы ол, өлтіреді мені. Қарғыс, қарғыс атсын оны. Молда болмай кет сен! Қасқыр терісін жамылған бейшара! Маған бірдеңе істеші кәні, сен Алланың қаһарына ұшырайсың! Түфу, түфу!

    Молда оның анайы әрекеттеріне, былғаныш сөздеріне мән бермеді. Қыздың жанына отырды да, сабырлы күйде қоңыр үнмен әлдебір сүрені оқи бастады. Райханның көп ұзамай үні өшіп, көздері жұмыла берді. Қоңыр үн оның маңдайынан сипағандай болды да, мазаң жанын тыншытып, талмаусыратып, самал желдей желпіп рахатқа батырды. Қыз сәби тәрізді сүре оқылып біткенде пыс етіп ұйықтап кетті.

    − Сиқырланған екен байғұс қыз. Ібілістің сиқыры. Осы сиқыр талай жастарымызды адастырып, шыңырауға түсіріп арғы тұңғиығына ағызып алып кетті. Әлі де алып кетіп жатыр. Ғаламторларға сонау Сириядағы, осындағы және басқа жерлердегі жаулар, салафиттер, уахабилер гипноздалған бейнероликтер тасқынын көптеп салып қойған. Оларды көрген, естіген жандар сиқырланады да, оның бұғауынан, тұзағынан шыға алмай Сирияға қалай барғанын байқамай қалады. Сіздердің қыздарыңыз да, мына Райхан да солардың құрбандары, – деді молдекең біраз сыр ұштығын шығарып.  

    Бір күндей тырп етпей ұйықтаған Райхан қыз мүлдем басқа адам болып оянды. Басқа емес, бұрынғы, бәз баяғы мейірімді қыз қалпына қайта оралды. Сирия туралы ол біржола ұмытты. Әлгі Усуд деген жігіттің өзі де, есімі де есіне түспей қойды. Тыңдап жүрген уағызшыларының да барлығының өлгенін естіді. Осылай молда дем салған күннен бастап бойы да, ойы да жеңілдеп, көкірек сарайындағы тас тәріздес ауыр нәрсе де сыпырылып түсіп жоғалды. Ең бастысы миының ішіне кіріп теріс жолға бұра тартып тұратын құбыжықтан құтылды. Ол құбыжық шайтан екенін, ал бейнероликтер өзін сиқырлағанын білді. Райхан кімнің нағыз кәпір екенін білгенде тағы да ашуланды. Солардың құрбандары болған достары Гүлназды, Әділханды, Сәбитті аяды. «Қайдасыңдар, достарым?» деп оларды сағынышпен есіне алып, көзіне жас алды. Олардың аман-есен туған елге оралуы үшін күн сайын дұға етіп жүрді. Егер әке-шешесі жанашыр болып, мұны ауылға шақырмағанда бұл да Сирияға кетіп қалар еді-ау. Шүкір! Алласы сақтады. Қыздарының ауырып қалғанын естіп әке-шешесі қалаға құстай ұшып жеткен. Баяғы мейірімді, жұмсақ жүректі, қамқор көңілді қыздарын көргенде қатты қуанып, олар да шүкірлік етісті. Әрине, Райхан әке-шешесінің алдында басын иіп, көз жасын бұлап кешірім сұрады.

    Өз ортасына қайта оралған Райхан осыншама әбігерге түсіріп, өмірін тозаққа айналдырғандардан қалайда кек алуды серт етті. Сондай-ақ адасып жүрген жастарды үнемі ескертіп, басынан өткен шырғалаңды ерінбей айтып жүруді әдетке айналдырды. Ол көңілсіз хикаяны жүрегімен егіле отырып, бейнероликтер түсірді. «Сендер біз сияқты адаспаңдар. Ібіліс құлдарының сиқырына алданбаңдар, бауырлар!» деп түйіндеді ол әңгімесін. Осымен біз де әңгімемізді түйіндей салар ма едік. Райханның Гүлназ досы аяқ астынан елге оралды.  

    «Сириядан бір топ жастар қашып келіпті!» деген хабар көпшілікті елең еткізді. Себебі ол жаққа кетіп, хабар-ошарсыз кеткендердің мұндағы әке-шешелері, бауыр-туысқандары Сириядан жеткен әрбір хабарға елеңдеп отырған жайлары бар. Бұл хабарды Райхан досының әке-шешесіне айтқанда олар елең ете қалды да, содан соң жан-жаққа хабарласа бастады. Шынында да көп ұзамай «сүйінші» хабар да жетті. Гүлназ қашқындардың арасында бар болып шықты.

    Әрине, жергілікті өкімет олардың маңдайларынан сипаған жоқ. Бірден түрмеге әкеліп қамапты. Дереу Қадыр мен Бәтима Райханды ертіп түрмеге барды. «Шүкір, Аллаға! Әйтеуір тірі екен!» деп Бәтима ана қайта-қайта жылап, көз жасын төікті. Ақыры кірді-ау бәрі. Райхан Гүл досын әзер таныды. Қартайып кексе әйелге айналып кеткен. Жүзі мұңға толы. Кемсеңдеп жылай береді. Кеткеніне қатты өкінетіні көрініп тұр.

    − Гүл! Бала кезімізде адасқанымызды ұмытқан жоқсың ба? Сонда да біздің адасуымызға бейбіт қалаларды қиратып, момын мұсылмандарды қырып жатқан осы сақалдылар кесірін тигізген. Енді міне үлкен ересек кезімізде де солар оңбай адастырды. Екеуінде де үйімізге, ортамызға қайта оралдық. Ең маңыздысы аман-есен елге оралғаның, біз үшін ол зор қуаныш, − деді Райхан досын көңілдендіргісі келіп, мейірлене қарады. Гүлназ екеуі оңаша қалғанда Райханға Сириядағы бастан кешкендерін қысқаша баяндап берді.

    − Ханша, сені құдай қақты. Бармағаның қандай жақсы болды, − деді ол әңгімесін үрейлене жан-жағына жалтақтай қарап бастап. – Қатты, қатты өкінемін. Өмір бойы өкініп өтемін! Бізді сол зұлмат өңірге алдап апарғандарды қарғыс атсын! Қаншама жігіттердің өмірлерін өксітті, қаншама қыздардың өмірлерін гүлдей солғызды.

    Гүлназ өксіп-өксіп тағы да жылады. Бұларға бөлінген уақыт өлшеулі екені есіне түсті ме, қырылдақ даусымен әңгімесін қайта бастады.

    − Біз Сәбит екеуміз барған соң үйлендік. «Үйлендік» деген тек аты ғана. Сақалы қауғадай-қауғадай, түрлері қорқынышты салафиттердің молдасы некемізді қиған болды. Ол жақта сұмдық. Қырылған адамдар. Соғыс дегенің сұрапыл жүріп жатыр. Зуылдап ысқыра ұшқан снарядтар, гүрс-гүрс жарылған бомбалар. Әскери ұшақтар, тікұшақтар, жерді солқылдатқан танктер дейсің бе, қаптап жүр. Күн сайын қаншама адамдардың өмірлерін сол соғыс құралдары қиып жатыр десеңші! Бала-шаға, қарт-шауқан дейсің бе, онда аяушылық деген жоқ. Айналаңда ажал адамдарды сәт сайын іздеп тауып, қап-қара аранына жұтып жатқанын көргенде алғашқыда қорқатынмын, үрейленетінмін. Кейін үйреніп кеттім. Адамдардың қанжоса болып жатқан мүрделеріне көзіңнің қиығын ғана салатын озбыр жанға айналасың. Сәбитпен бір ай ғана бірге тұрдым.

    − Әділхан, Әділхан қайда? – Райхан оның сөзін осы жерде айқайлап кесіп түсті.

    − Оны майданның басқа тұсына алып кетті ғой деймін. Әділханды одан соң көрмедім. Сонымен бір айдан соң «Әділхан шахид болды!» деген суық хабарды естіп, шыңғырып, жылап есімнен танып құлап қалыппын. Жалғыз қалдым. Байқаймын айналамдағы еркектер маған көз тігіп қояды. Маған бұл ауыр соқты. Бір күні Сәбиттің таныс жігіті маған сөз салды. Әрі-бері көнбеп едім, оған анау болмады. Түн ортасында ұйықтап жатқанда еңгезердей біреу келіп мені зорламақ болды. Әлгі жігіт болмағанда шаруам бітетін еді. Ертеңіне тағы біреу зорлай ма деп қорыққандықтан оған келісімімді бердім. Бірнеше минутта ерлі-зайыпты болып шыға келдік. Бірнеше аптадан соң ол күйеуім де шахид болыпты деп естідім. Үшіншісіне… төртіншісіне тидім. Маған енді бәрібір еді. Ол жақта әйелдерді адам ретінде көрмейді. Уақытша әйелдікке алады да, құмары қанып, одан жалыққан соң «талақ» деп тастап, екіншісін алады. Мінеки, жалған мұсылмандардың істеп жатқан қылмысы осындай. Өзің айтпақшы сиқырлап, басын айналдырып апарады да, адам өмірін ойыншыққа, қуыршаққа айналдырады. Талай қыздарды күңге айналдырғанын көріп оларды, сақалдыларды қатты жек көріп кеттім. Сенесің бе, мен он үш рет күйеуге тидім. Бәрі шахид болды. Бір сұмдығы кейін шахид болған күйеулерімнің Сәбиттен басқа тірі жүргенін көргенде таң қалдым. Ондағы өмірдің де, соғыстың да, мұсылмандарды құтқарудың да жалған екеніне көзім жетті. Сөйтіп тағдырлары тәлкекке ұшыраған бес-алты әйел жиылып, қашуға ұйғардық. Ақыры осындай күйге жеттім. Менің енді болашағым жоқ. Өлгім келеді, өлгім!

    Гүлназ солқылдап жылап жіберді. Райхан досын жұбатарға сөз таппай, оның ерте ағарған шашын аялап сипай берді. Райхан кейін ата-бабалары ұстанған дәстүрлі дініміздің қағидаларына қайшы келетін уахабилік ағымның қайдан шыққанын зерттеді. Ханафи махһабын берік ұстанған мұның ата-бабалары «Ислам қылышы» атанғанын естігенде Райханның көкірегін мақтаныш кернеді. Өкінішке орай, ХVIII ғасырдың басында Ұлыбритания колония істері жөніндегі арнайы құрған министрлігінің астыртын жоспарымен ағылшын жансыздары исламды жою мақсатында іштей іріткі туғызатын уахабизм ағымын дүниеге әкеліпті. Уахабиліктің басталуы 1730 жылға тура келеді. 1737 жылы өз дінін сатқан Мұхаммад ибн Абдул-Уахаб өзінің жалған ағымына «уахабилік ағым» деп ат қойып жария етті. Міне, содан бері қаншама қиян-кескі шайқастар болып, миллиондаған мұсылмандардың қанын судай төккенін оқығанда Райханның жаны түршігіп кетті.

    − Әлі де, әлі де шыбындай қырып жатыр ғой. Оларды тоқтататын күш жоқ па сонда? – Райхан іштей күйзеліп, ызаланып, өзінің соншалықты қауқарсыз екендігіне көзі жеткендей болды. Ислам қағидаларымен ешқандай байланысы жоқ, керісінше осы ғажайып діннің артында дүниежүзілік саяси күштер тұрған бұл ағымға адасып ілескен қандастарының кейбіреуі, әсіресе діннен терең білімі жоқ, шала сауаттылар ата-бабамыз ғасырлар бойы ұстанған ислами дәстүрлі жолға тіл тигізіп, тас лақтыратынын қайтерсің.

    Райханды таң қалдыратыны бүкіл әлемді уысында ұстап тұрған алып мемлекеттердің ислам дінінен өлердей қорқатыны. Небір ғұламалары бар олардың жәннатқа тура жолды көрсететін ғажайып діннің қасиетін білмейді дегенге ол сенбейді. Ендеше біле тұрып ібілістің көрсеткен қара жолымен жүріп, оның құлдарына өз еріктерімен неге айналады? Жәй ғана құлы болса жақсы, небір зұлым, құйтырқы амалдар қарастырып адамзатты аздырып, өздерінің көрін өздері қазып жатқанына олардың ақыл ойы жетпегеніне Райхан аң-таң. Рас, Гүлназ және өзі тәрізді жастар бұл ажал апанына адасып келіп түсті. Көзі ашылып, көкірегі оянғаннын кейін соншама көрген қорлықтарының азаптарының себебін іздеп жатып, сол ажал апанына итергендерді, зұлымдарды танып, тапқан кезде қандай әсерде болатыны түсінікті ғой.

    Райхан үйге келген соң да Гүлназ досының аянышты халін ұмыта алмады. Оның одан арғы тағдыры да жетісіп тұрған жоқ. «Елім, жерім, қорғаным» деп келгенде оны түрме күтіп тұрды. Зұлымдардың торына түсіп, қанаттары қырқылған нәзік жандардың кінәсі не? Олардың болашақ өксікті тағдырларына кім араша түседі? Әрі-бері ойлап Райхан бұған жауап таба алмады. Ол осындай қиналған сәттерінде телефонын айналдырады. Бірақ өзінің ватсабын ашуға әліге дейін қорқады. Тағы да сиқыр әлеміне тап болам ба деген қауіп қой баяғы. Бүгін оның телефонына бір бейнеролик түсіпті. Әлдекімдер жіберген. Қорқа-қорқа ашып еді, мүлдем қарама-қарсы мағынада екен. Ібілістің жоспарын орындап жатқан құлдардың зүлымдығы. Осы ғаламторды ойлап тапқан сол бәтшағарлар. Сатанизмнің бүкіл жұмыр жерге билік жүргізудегі қанды торы… Райхан осы қып-қысқа бейнероликтен көкейінде жүрген сан қилы сауалдарға жауап тапты. Алабұртқан, алаңызаған көңіліндегі ұшпа ойлары нықталып, өзіне-өзі сенімі орнықты. «Енді мені қателестірмеші, адастырмашы. Жаулармен күресте күш-қуат берші» деп ол Алласына қайта-қайта сиынды. «Ей, еркектер, нәзік жанды қаракөздерімізді қорғайық!» деп біз де әңгімемізге көп нүкте қоя тұралық…   

   Ертай Айғалиұлы,

жазушы,  ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.