Тараздық құтқарушылар қызыл жалынның ішінен газ баллоны мен жанар-жағар май толы канистрларды шығарды
2023 жылдың 16 қарашасында таңғы сағат 04:33-те «101» телефон нөмірне Тараз қаласы, Шалғай Қарасу иінінде орналасқан фазенда аумағында өрт туындағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 11 минутта жедел жеткен өрт сөндірушілер аталған мекенжайда қора және 20 тонналық контейнердің өртке оранғандығын анықтады. Шақырту орнына Тараз қаласы №2 және №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінен, сондай-ақ № 3 өрт сөндіру бөлімінен барлығы 4 бірлік өрт сөндіру автокөлігі және 17 адам жеке құрам жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнына Кезекшілік өрт сөндіру қызметі және Медициналық апаттар орталығының қызметкерлері де шықты. Өрт туындаған аумақта 2 газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны тиісті жұмыстар атқарды. От жауынгерлері жедел әрі кісіби тұрғыда өрт сөндіру жұмыстарын атқарып, №2 МӨСБ құтқарушылары, атап айтқанда аға инженер Саят Жұманов, бөлімше командирі Нұржан Нартов, өрт сөндіруші-құтқарушылар Сәкен Тұхбатұлла және Әділжан Әбдуәлі өрт оқиғасы орнынан адам өміріне қауіп төндіретін 1 дана газ баллоны мен жанар-жағар май толы канистрларды шығарып, қызыл жалынды жарты сағаттан астам уақытта жойды. Өрт салдарынан қораның шеткі қаптауы зақымдалып, контейнер ішінде жиналған құрылыс заттары және генератор жойылды. Өрттің ауданы 30 шаршы метрді құрады. Өрт оқиғасынан қаза болғандар және зардап шеккендер тіркелмеген.
Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындарына үйден шығарда газ және электр, пеш құралдарын қуат көзінен ажыратып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмаған жөн екендігін ескертеді. Өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын жеткізеді.