Жақсы болса алғаның…
Қаз дауысты Қазыбек пен Әлібек батыр ел аралап келе жатса, жол бойында бір қария жолығады. Қарияға сәлем беріп, Әлібек батыр мынадай сауал қояды:
— Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді? Ақсақал сәл ойланып былай дейді:
— Ауыл ақсақалы шала болса, жігіттері алты ауызды ала болса, жасы үлкеніне жасы кішісі сен десе, сол ауылдың берекесі кетеді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек би тұрып:
— Уа, қария, ал үй берекесі қайтсе кетеді? — дейді.
— Әйелің қабағын түйіп керілсе, шай құйып беруге ерінсе, ұлың ұрысқа сай болса, келінің керіске сай болса, қызың сумақай болса, сол үйдің берекесі кетеді, — деген екен қария.
— Ал ақсақал, не жақсы? Ақсақал бұл сауалға мүдірмей жауап беріпті:
— Атың жақсы болса — тіршілікте мінген пырағың. Балаң жақсы болса — жанып тұрған шырағың. Әйелің жақсы болса — досың жаныңа жиналып, риза болар қонағың.
— Ал не жаман?
— Атың шабан болса — тіршілікте көрген азабың. Балаң жаман болса — ғұмырлық көрген азабың. Әйелің жаман болса — досың сенен безініп, үйіңнен кетер қонағың, — депті қария…