ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ӨНЕГЕЛІ ӨМІР
Орыс тарихшысы Василий Ключевский: «Ғылымды көбінесе біліммен шатастырады. Бұл –
үлкен ағаттық. Ғылым дегеніміз білім ғана емес, сонымен бірге саналылық та, яғни сол алған білімді дұрыс қолдана білу», дейді. Арамызда осы сөздің жүгін көтеріп жүрген таланттар аз емес. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, профессор, аймақтық менеджмент академиясының академигі, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, ғалым-ұстаз, профессор Сәмен Құлбарақ білімді дұрыс қолдана білген ғалым.
Сәмен Оразғалиұлы 1956 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. 1973-1977 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бөлімінде оқиды. 1977 жылы жұбайы Светлана Райымбекқызы екеуі Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітіріп, туған жерге келеді. Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Қосжар елді мекенінде орталау мектеп ашылып, сол мектептің алғашқы мұғалімдері болды. Ғылымның жолы әртүрлі. Біреулері жоғары оқу орнын бітіре сала ғылымға келеді. Енді бірі өмір тәжірибесінен өтіп барып ғылым есігін ашады.
Институт қабырғасында жүргенде-ақ Сәмен Оразғалиұлын әдебиетке, ғылымға деген құштарлық билеп алған-ды. Профессор Хасен Әдібаевтан қазіргі қазақ повестері жөнінде курстық жұмыс жазу жөнінде тапсырма алып, Оралхан Бөкейдің «Мұзтау», тағы басқа екі автордың повестері жөнінде жазды. Диплом жұмысына «М.Мақатаевтың лирикасы» тақырыбы ұсынылды. Сол кездері қазіргі уақыттағыдай Мұқағали ақын туралы материалдар жоқ. Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» кітабында ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» жыр жинағына жазылған кең көлемді мақаласы, екінші табан тіреген мақала – абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың ақынның қайтыс болуына орай жазылған «Көшеді өлең, немесе өшеді өлең» атты аза-толғанысы. Әбділда ақын жан-жүректің шерін төге отырып, Мұқағали ақынның шығармашылығына талдау жасап, жоғары бағасын берген.
1994 жылы ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесінде ол «Т.Ахтанов драматургиясы» тақырыбында (ғылыми жетекшісі профессор М.Атымов) кандидаттық диссертация, 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде «Т.Ахтановтың жазушылық шеберлігі (прозасы бойынша)» тақырыбында (ғылыми кеңесшісі, академик Р.Нұрғали) филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алуы бойынша докторлық диссертациясын қорғады.
«Автор өз шығармасы туралы ойлағанда, ең алдымен, жетпей жатқан жағын ойлайды. Ал барына онша ой жүгірте қоймайды. Сол себептен де болар, осы диссертацияны оқығанда өзімнің драматургиямның сырына терең үңіліп, өз жазғандарымды өзім жаңадан танығандай болдым. Диссертацияның басты құндылығы да осындай сипатында болса керек» деп оң пікір білдірген екен Тахауи Ахтановтың ғылыми ізденуші Сәмен Құлбарақовтың «Т.Ахтанов драматургиясы» диссертациялық жұмысына.
Профессор С.Құлбарақтың «Филология ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесін алуы бойынша докторлық диссертациясын қорғағанда ғылыми кеңесшісі академик Рымғали Нұрғали болды. «Тектілік, зиялылық қасиеті үнемі аңғарылып тұратын. Сенің кейбір кемшін, жетіспей жатқан тұстарыңды байқағанымен мен білгенде ол кісі адамтануда аса сезімтал болатын, сол жетпей жатқан олқылықты бетіңе басып сөйлеп жатпайтын. Сөз арасында жаныңа тимей сездіріп өтетін. Бірақ аңғарып қаласың. Көкейіңе түйесің» дейді академик жайлы Сәмен аға. Осы сөздер Сәмен ағаның өзіне тиесілі дер едім, әсіресе кемшін, жетіспей жатқан тұстарды байқап тұрып, сөз арасында жаныңа тимей сездіріп өтетін қасиеті.
Әр шәкірт өз ұстазына ұқсайды. Тахауи Ахтанов, Рымғали Нұрғали, Мекерия Атымов сияқты әдебиетте дара, биік тұратын тұлғалармен бірге жүрді. Сәмен Оразғалиұлы өз студенттерін де осы ұлы тұлғалар сияқты білімді, зерек болса деп тәлім-тәрбие беріп жүр. Сонымен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде филология мамандарын дайындауда өз үлесін қосуда. Студенттердің арасында келешегінен үміт күттіретін жақсы прозашы, жақсы журналист, жақсы ақын жастар бар екендігін мақтан тұтады. Ғалым 2011 жылдан бері көптеген әдебиеттану ғылымының профессоры, 2 филология ғылымдарының кандидатын дайындады. Автордың 2 оқу құралы, 2 монографиясы, әдебиеттану мәселелеріне арналған 4 кітабы жарық көрді. 110 томдық «Тараз мұралары» көптомдығының құрастырушыларының бірі. Міне, ғалым Сәмен Оразғалиұлы – өзінің ғылым жолында кездескен ұлы тұлғаларды қадірлей білетін, келешек мамандардан үміт күте білетін ғалымдардың бірегейі.
Балхия МАТҚҰЛОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің
кітапханалық-ақпараттық
орталығының бөлім басшысы