Жамбыл облысының құтқарушылары өрттен газ баллондарын шығарды

2023 жылдың 1 желтоқсанында сағат 08:20-да Жамбыл облысы ТЖД Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының «101» телефон нөміріне Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы тұрғын үй аумағында өрт туындағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Жуалы ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінен 11 минутта жедел жеткен өрт сөндірушілер аталған мекенжайда орналасқан мал қора үстінде орналасқан шөпхананың өртке оранғандығын анықтады. Өртке аталған ӨСБ-ден 2 бірлік өрт сөндіру автокөлігі және 10 адам жеке құрам жұмылдырылып, сондай-ақ ТЖ бөлімінен 3 қызметкер шықты. Өрт туындаған аумақта 2 газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны құрылып, тиісті жұмыстар атқарды. Жеке құрамның жедел әркет етуінің арқасында 2 көршілес орналасқан тұрғын үйді өрттен құтқарды. Өрт кезінде өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау сержанты Нұрғазы Батыров өрт ішінен адам өміріне қауіп төндіретін 1 дана 50 литрлік және 2 дана 25 литрлік газ баллонын қауіпсіз орынға шығарды. От жауынгерлері қызыл жалынды 52 минутта жойды. Өрт салдарынан сарай қаптаулары зақымдалып, 1000 түк шөп және 3 бас қой жойылды. Өрттің ауданы 290 шаршы метрді құрады. Өрт салдарынан қаза болған және жарақат алған адамдар тіркелмеген.
Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындарына үйден шығарда газ және электр, пеш құралдарын қуат көзінен ажыратып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмаған жөн екендігін ескертеді. Өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын жеткізеді.