Жайдарманның жайдары
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімінің кубогы үшін «Әулие-ата» Жоғары лигасының үлкен финал ойыны өтті.
Үш айға жуық созылған кезеңдік ойындарда әдемі ойын көрсетіп, облысымыздың әр өңірінен Жайдарманның алаңында бақ сынасқан креативті, жаңаша ойлайтын, зияткер жастар қатарында топ жарған 4 команда ақтық бәсекеге түсті.
Сахнада сыналып, әр ойынға әзілдерін әрлеп келетін жайдарманшылар финалдық ойынға ерекше дайындықпен келген.
Олар көрерменнің көңілін көтеріп ғана қоймай, залда отырған жанкүйерге жайдарманның өзіндік атмосферасын сыйлай алды.
Иә, әр команда осы маусым бойы өнер көрсетіп, өзінің көрермені мен тұрақты жанкүйерін тапты десем артық айтпаймын.
Күндіз білім алып, бос уақытын жайдарманға арнаған жайдарманшылар үшін ойын тартысты әрі оңайға түспегенін айта кету керек.
Ақтық мәреге жанын салып, қиялдағы қызықты оқиғасын қағазға түсіріп, көрерменді күлкімен қарық қылған командалар арасында жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
III орын — Тараз қаласының «Medium» командасына (200 000 теңгелік сертификат);
II орын — Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «ОЮ» командасына (300 000 теңгелік сертификат) және
I орын — Тараз қаласының «Әдеби жігіттер» командасына (400 000 теңгелік сертификат) тиесілі болды!
«Үздік ойыншы» номинациясымен — «ОЮ» командасының капитаны — Айназ Адамбаева атанып, 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды!
Айта кету керек, ақтық финалды:
— Елімізге танымал, “Әзіл әлемі” театрының актері, бұрынғы “Тараз-2000” КВН командасының капитаны, “Армани” лақап атымен танылған Жамбылдың жарық жұлдызы А.Жаналиев жүргізсе;
Әділ-қазылар алқасы қатарында:
— бұрынғы “Бауырсақтар” командасының капитаны, көптеген жайдарманшыларға жол сілтеуші ағасы бола білген С.Төлепберген;
— “Тараз-2000” командасының белді мүшесі, “Өнер барысы” жобасының жеңімпазы, қазіргі таңда көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдап жүрген актер Б.Шөпбай;
— “Колобок” лақап атымен танылған блогер, кәсіпкер, ардагер жайдарманшы Е.Қадырханов;
— “Тараз-2000” командасының мүшесі, республикалық “Өнер көкпары” жобасының жетекшісі, жеңімпазы, блогер Ф.Сағымбаев;
— “Тараз-2000” командасының мүшесі, блогер, кәсіпкер, осы маусымның тұрақты төрешісі О.Сүлейменов әділ төрелігін жүргізді.
Сонымен қатар, бірқатар Отандық фильмдер мен сериалдарда рөлдерді сомдап жүрген белгілі актер Жаныаманов Рүстем Айбекұлы мен «Ұлттық Құрама» жайдарман тобының капитаны, Жайдарман “Жоғары лигасының” чемпионы Бекзат Дүйсенов командалармен сахна төрінде ойын көрсетті.
Сахна алаңына жаңа жайдарманшылар мен командаларды шығаруға мүмкіндік беріп, жайдарманшылар қозғалысын қалыптастырған 2023 жылғы “Премьер лига” және “Жоғары лига” ойындарының маусымын осымен аяқтаймыз!
Жайдарманшыларға жаңа жылда жаңа идеямен, жаңашыл әзілдермен сахнаға қайта оралуларына тілектеспін!
Жамбыл өңірін республикаға танытар командалардың қалыптасып келе жатқанын сеніммен айта отырып, Жайдарманның жайдары сайыстарында жүздескенше деймін!