Сенат депутаттары Оңтүстікті аралайды
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровпен және Сенат депутаты Әли Бектаевпен кездесті. Басқосуда тараптар елімізді, оның ішінде Оңтүстік өңірін түрлі салалар бойынша дамыту жайын талқылап, пікір алмасты.
Сенатор Бектас Бекназаров соңғы уақыттарда ҚР Парламентте жерге, ауыл шаруашылығына қатысты заң жобалары жиі талқыланып, елге қажетті заңдар қабылданып жатқанын айтты. Бұл маңызды құжаттардың, әсіресе, ауыл шаруашылығына басымдық берген өңірлер үшін әсері зор. Сондықтан да сенаторлар экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген Оңтүстік Қазақстан облысын аралап шығуды мақсат тұтып отыр.
Елге қажетті заң жобаларының халыққа тиімді, пайдалы жақтарын анықтап, білу үшін шаруа қожалық өкілдері мен кооператив қожайындарының пікіріне құлақ асу мақсатымен келген халық қалаулылары Түркістан қаласы мен Қазығұрт, Төлеби және Сайрам аудандарында болады деп күтілуде. Төрт күндік іссапар кезінде жергілікті тұрғындардың салаға қатысты ой, пікірлері тыңдалып, ол жаңа заң жобаларын талқылауда жан-жақты жетілдіруге септігін тигізбек.
Халық қалаулыларының Оңтүстікке арнайы сапарын оң қабылдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев күнгей өлкенің ауыл шаруашылығына басымдық берген өңір екенін, осыған байланысты көптеген ірі жобалардың іске асырылып, дұрыс нәтиже беріп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының жылыжай, бау-бақша, мақта шаруашылығы сынды салаларда республикада көш бастап келе жатқанын алға тартқан аймақ басшысы жұмысшы топты алдағы уақытта атқарылатын жаңа бастамаларымен таныстырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі