Қар тазалауды өзіңнен баста!

Осы бізде кез келген нәрсені «өзіңнен бастау» деген ұғым миға қонбай жүргенін жасыра алмассыз. Мәселен, Астананың өзінде қар құрсауынан шыға алмай, машинасы сіресіп тұрған ағайын көп. Ақ ұлпа қар алғашында қызық болғанымен, тізеңе жетсе дегбіріңді қашыратыны бар. Енді күнделікті өзіңіздің табаныңыз тиіп жүрген аумақтың қарына көз салыңыз. Тазаланып, барар жеріңізге ақырын жүріп, анық баса отырып бара алсаңыз құба-құп. Ал, тазаланбаған болса оған кім кінәлі?

        Бұл сұраққа Астана қаласының ІІД жергілікті полициясының кез келген қызметкері «Коммуналдық сала қызметкерлері, кәсіпкерлері мен тұрғындары қар тазалауға тиіс. Оның ішінде өзіңіз де барсыз» деп сыпайы жауап береді. Департамент жыл басталғалы дәстүрлі рейд шарасын қолға алған-ды. Елорданың ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, Астанада тиісті аумақтарды қардан тазаламағаны үшін 12 ПИК әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ресми хабарламада «Айыппұлдың жалпы көлемі — 567 250 теңге. 2016 жылы жауапты аумақты қатты тұрмыстық қалдықтар, құрылыс қоқыстары және қардан тазарту жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегендері, сондай-ақ ғимараттардың сыртқы бетіне бей-жай қарап, кіреберіске хабарландыру тақтайшаларын қоймағаны үшін 189 ПИК-ке айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы — 7 762 860 теңге» делінген.

      Шағын аудан, тұрғын үй кешендеріндегі қар тазалау, жалпы тазалық мәселесіне тек қана коммуналдық сала қызметкерлері ғана емес, кәсіпкерлер мен тұрғындар да асқан жауапкершілікпен қараса екен дейді ІІД департаменті. Әрине, ешкім үй жанындағы қарды қала сыртына шығар деп жатқан жоқ. Көктем шыға еріп, Жер-Ананың қойнына еніп кететін табиғаттың әсем құбылысын бір маңға қарай жиыстыруда тұрған ештеңе жоқтығын адами тұрғыда ескерген жөн. Керісінше болған жағдайда, яғни, тазалыққа немқұрайлы қараған Елорда тұрғындары өз аумағын ластағаны немесе қардан тазаламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтінін ұмытпауы керек. Заң бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін 20 АЕК, ал шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 30-дан 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Негізінде, әрбір қоғам мүшесі айыппұл салынады екен деп емес, жан-жағындағы ағайын үшін жол тазартып, балалардың мектептеріне аман-есен барып келуіне сәл ғана уақыт бөліп, өз үйінің маңын қардан «азат» етсе қандай ғанибет болар еді. Оның үстіне «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, шетелдік атаулының бәрінің жолы түсетін Астана елдігіміздің нышаны екенін жақсы білеміз. Яғни, Қазақ елінің жүрегі, айнасы саналған Елордасы Астананың тазалығы басты назарда тұруы тиіс. Ал, оған ауасын жұтып, суын ішіп отырған әрбір тұрғын жауапты.

ЕРМҰРАТ ШОПАН