ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 23 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары алдымызда тұрған үлкен міндеттердің бірегейі екені сөзсіз. Әсіресе, өткен жылдан бері ауыл маңынан 5 шақырымдық радиуста орналасқан жерлерді қайтаруға басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде елді мекендерде үлкен мәселе болып отырған жайылымға қатысты түйткілді шешуге сеп болады.
Аудандық аппараттық кеңесте дәл осы мәселеге байланысты атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарды егжей-тегжейлі талқыланды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін 23 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 5223 гектары егістік жер болса, қалған 18 мыңы жайылымдық жер екенін айта кету керек. Одан бөлек игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 49 мың гектар жер анықталып, оны қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, кеңес барысында Қорағаты ауылдық округінде атқарылған жұмыстардың барысы да талқыланды. Сондай-ақ округке қарасты елді мекендерде орын алған кемшіліктер бойынша ауыл әкіміне сын-ескертпелер айтылып, олқылықтардың орнын толтыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесі де жан-жақты сараланды. 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін Шу қаласы, Төле би және Алға ауылдық округі бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 11 392 азаматтың өтініші тіркелген. Ал өткен жылдан бері Шу қаласының «Оңтүстік батыс» тұрғын аумағындағы 258 гектар аумақтан 1449 азаматқа тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер учаскелері берілсе, аудан орталығынан 835 азаматқа 147 га жер, Алға ауылындағы 25 гектар алқаптан 200 азаматқа жер учаскелері берілуде. Айта кету керек, берілген жер телімдерінің инфрақұрылымдық жұмыстары толық жасалған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сонымен бірге, кезекте тұрған азаматтардың тізіміне талдау жүргізіліп, нәтижесінде, жүзге жуық азаматтың басқа жері бар екендігі де анықталған. Оған қоса, кейінгі 10 жылда уақытша пайдалану құқығымен берілген 263 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылмаған, яғни уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталған. Бұл бойынша да ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктелді.