«Парасатты қоғам – мемлекет дамуының кепілі»

Таразда халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Парасатты қоғам – мемлекет дамуының кепілі» форумы өтті. Форум жұмысына азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың өкілдері, волонтерлар мен студенттер қатысты.


Форум барысында облыстық әкімдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік қызмет істері басшылығы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, келер жылдың бағыт-бағдары бойынша ақпарат беріп өтті.


Сондай-ақ, «Адалдық сағаты» аясында әзірленген «Даңқты балуан – Жақсылық Үшкемпіров» тақырыбында бейнедәріс көрсетіліп, «Өзгеден емес, өзіңнен баста» театрландырылған көрінісі қойылды.
Форум барысында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Қ.Төлендиев және «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекшісі Н.Жувандикова қатысушыларға Әділетті Қазақстанды құру жолында адалдық қағидаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, форум қатысушыларын жемқорлыққа бірігіп қарсы тұруға және адал қоғам құру жұмысына үлес қосуға шақырды.


Форум соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, парасаттылық құндылықтарын нығайтуға елеулі үлес қосқан қоғам белсенділері марапатталып, белсенді жас, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының 2022-2023 жылдардағы лауреаты А.Намелбектің облыс тұрғындарына үндеуімен қорытындыланды.