ЖАУЛЫҚҚА ЖАРАҒАН ШҰЛҒАУ (сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Сарқыт Құрманғалиқызының әңгімесі)
«Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет кезінде қалың қазақпен бірге Қатонқарағай ауданының азаматтары да арғы бетке, Қытай жеріне бас сауғалайды. Күндердің күні белгілі бір себептермен бергі бетте қалып қойған, тұтқында отырған екі жеңгесін құтқару үшін Әбдікерім түн жамылып шекарадан өтеді. Ақыры тәуекелі қабыл болып, біреуінің құшағында сәбиі бар, екі жеңгесін қамаудан босатып, қашып шығады. Алайда жол-жөнекей әлгі нәрестеден тірідей айырылып қалады. Қуып жеткен солдаттардың қолында қалған ол баланы бір қазақ әйелі сұрап алып, бағып-қағып, кейін Мединститутты бітірген білдей бір маман болыпты. «Қазір бар» деп естідік. Иә, содан сан қиындықты көріп, соңында арып-ашып бір белестен көтерілгенде алдарынан киіз үйлі қазақ ауылы кездесіпті! Есі шыға қуанған Әбдікерім сүріне-жығыла алға ұмтылғанда, екі жеңгесі отыра кетіпті. Олардың бұл қылығын түсінбеген ол кісі:
«Оу, айналайындар, қырқына шыдағанда, енді біріне шыдаңдар! Бір ұмтылсақ, ауылға да жетіп қаламыз. Қанеки, тұрыңдар!», — дейді ғой «әбден қалжыраған екен-ау, бейшаралар» деген ойдың жетегімен. Сонда бір жеңгесі:
«Қайным-ау, шаршап тұрған жоқпыз. Ұялып тұрмыз», — деп жауап береді. «Неден?» деген сауалға:
«Бұл бәленше атамның ауылы ғой, танып тұрмыз. Бірақ қалай жалаңбас барамыз?» деген жауапты естіген ағамыз аңырып тұрып қалыпты. Қашып-пұшып жүргенде, орамал тұрмақ, қай бір бүтін киім қалды дейсіз? Содан Әбдікерім «Ә-ә, солай екен-ау» деп біраз тұрыпты да, «Таптым!» деп отыра қалып, етігін шеше бастапты. Етігін шешіп, екі шұлғауды екі жеңгесіне ұсыныпты. Олар да сөзге келмей, жымиған қалыптары шаштарын жиыпты. Сөйтіп барып ауылға беттеген екен.
Көрдіңіздер ме, қазақ келіндерінің ибасын?! Түсінген адамға ол кісілердің бұл ісінде ата дінін ардақтау, ата салтын асқақтату жатыр емес пе?»
(Əңгіме Алғадай Әбілғазыұлының «Қасиетпен қауышу» кітабынан алынды)