«ҚҰС ЖОЛЫ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ

Бүгін Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен,облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының мүшесі, композитор Төлеген Мұхамеджановтың 75 жылдығына арналған «Құс жолы» атты шығармашылық кеші өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
– Бүгін Түркістан қаласында мән-мағынасы зор кеш өтіп жатыр. Ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы, қайталанбас мәнері қалыптасып, сол арқылы әр қазақтың жүрегінен орын алған Төлеген Мұхамеджанұлының өнерсүйер қауым үшін орны да бөлек. Төлеген ағамыздың біздің киелі өңірге келіп, кеш беріп жатқаны біз үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Әндеріңіз өміршең болары анық. Алдымыздағы буыннан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа тыңдап келе жатырмыз. Шығармашылық шабытыңыз сарқылмасын! – деген Зұлпыхар Сансызбайұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан сый-құрмет көрсетті.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараны Дана Нұржігіт жүргізді. Руханият кешінде Нұржамал Үсенбаева, Маржан Арапбаева, «Turan Boys», Айзада Асылхан, Рухия Байдүкенова, Асыл Жомартов және шетелдік танымал өнер жұлдыздары – Татия Кобаладзе, Лаэлия Алиева, Христиана Данкова, Кристиан Янкулов, сонымен қатар өңіріміздің өнерпаздары да сазгердің шығармаларын орындап, көпшіліктің көңілінен шықты. Шығармашылық кеш соңында «Қазақтың маэстросы» атанған мерейтой иесі қалың көпке алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Төлеген Мұхамеджанұлы – симфония, опера, және камералық шығармалардың, бірнеше жыр жинағының авторы. Сан алуан киноға, театрлық қойылымдарға ән жазған. Атап айтар болсақ, «Алдар көсе» және «Жер ұйық» рок операсы, «Махамбет», «Астана» симфониялық поэмасы, туған жерді сазбен суреттейтін «Дала», «Туған жер» шығармалары, «Біржан сал», «Құнанбай» сынды тарихи фильмдердің саундтрегі, бәрі де сазгердің төл шығармалары. Сондай-ақ «Махаббат бекеті», «Аяулым», «Аққуым», «Қимай сені барамын», «Сезім», «Құс жолы», «Аққу арман», «Мен сенімен кездестім», «Мен деп ойла», «Іңкәрім-ай» т.б әуезді әндері халық арасында кеңінен танылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі