Нанмен ырыс тапқан кәсіпкер

Көптің тілегімен көгеріп, елдің ықыласына бөленіп  жүрген ауданымыздағы кәсіп иелері аз емес. Адал табысын тауып, халық игілігі жолында табандай еңбек етіп, қаламыздың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан берекелі сауда орталығының бірі — «Батыр бек» әлеуметтік дүкені. Ашылғанына 2 жыл ғана болса да ауданға берекелі ісімен танылып жүрген дүкен уақыт өтіп ауқымын кеңейтуде.

Ерлі — зайыптылар Жансерік Батырұлы пен Әлия Сағындықованың бастамасымен жақында ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 7 млн. теңге несиеге әлеуметтік дүкен жанынан наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп табандай тер мен мықты тәуекелдің арқасында ашылғанына бір жарым ай болса да істері алға басып, тапсырыстарды арттырып жатыр. «Нан бар жерде ән бар» дегендей, ырыстың көзі қасиетті нанда екенін ұққан ерлі зайыптылар алға қойған мақсаттарына жетуге ұмытылуда. Айта кетейік, наубайханада 8 адам ауысыммен жұмыс жасайды. Сұраныс та аз емес. Күнделікті 500 бөлке нан және 500 таба нан әзірлеп, таң алагеуімнен кеш батқанша тынбай еңбек тапсырыстарды әзірлейді. Тек қалада ғана емес Жаңаарық ауылдық округіне де ыстық нанды жеткізетін наубайхана 10 — нан аса дүкенге нан сатады. Тиянақты тірлігі мен тынымсыз еңбекпен елге сүйкімді бола білген жас кәсіпкерлер бағаны тұрақтандыруды әдетке айналдырған. Мұнда нан қолжетімді 100 теңгеден сатылады. Нарықтық заманда бағаның шарықтап тұрған шағында күйме түгілі түйменің де бағасын ұстап тұру әсте қиын іс. Осы орайда, кәсіпкерлердің бұл әрекеті адамгершіліктің нағыз көрінісіндей.

Кәсіпкерлер туралы тарқата кетсек, Жансерік Батырұлы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болып жұмыс істеп жатқанына біраз уақыт болды. Ал жұбайы Әлия Сағындықова кәсіпкерлік саласымен айналысып келе жатқанына 10 жылдан аса уақытын арнады. Бұл тәжірибе жинау үшін аз уақыт емес. Берекелі шаңырақтың 2 ұл, 1 қызы бар. Әлияның кәсіпкерлік саласында жеткен жетістіктері көп. 2021 жылы облыс әкімінің орынбасары Д.Кәрібектің қолынан «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясының жеңімпазы атанса, сол жылы «Жаңатас қаласының үздігі- үздік кәсіпкер» байқауының жеңімпазы болды. Сондай- ақ, ауыл шаруашылық саласына қосқан үлесі үшін 2021 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Іскер әйелдің жаны нәзік болғанымен қайсарлығымен көпке үлгі болып келеді. Ендеше, біліктілігі мен іскерлігі мол кәсіпкерлердің жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Самат Тоқбанов, «Sarysý»